Әлемдік контекст немесе құбылмалы заманның құбыланамасы
Ең әуелі, Конституциялық реформалардың жаһандық даму циклінің өзгеруі контекстінде жүріп жатқанын атап айтқан абзал. Канада Премьер-министрінің Давостағы сөзімен айтсақ, қазір әлемдегі ережелер қайта қаралуда. Жүйенің ауқымды трансформациясы, геосаяси, геоэкономикалық және мәдени үрдістердегі ауқымды өзгерістер мен алпауыт елдердің қысымы орта державалардың жаңа шынайылыққа икемделуіне ықпал етуде. Қарқынды дамыған ғылым мен технология жаңа дәуірдің келбетін қалыптастыруда. Қақтығыстар артып, қайшылықтар күшейді. Рэй Далионың болжамынша, алда әлемді қаржы дағдарысы күтіп тұр. Сарапшылар әлем экономикасының өсімі баяулап, халықаралық сауда қарқыны әлсірейді деген болжам жасауда. Дамушы елдерге салынатын жаһандық инвестиция көлемі азайып барады.
Осындай тектоникалық өзгерістер контексті және саяси қалпына келтіру әсерінен азаматтарда құндылықтарға деген жаңа сұраныстар туындауда. Сондықтан қоғамды заман талабына сай жетілдіру үшін көптеген елдер ұстанымдары мен негізгі заңдарын қайта қарауда. Мәселен, жақында Жапония премьер-министрі Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныс жасады. Сол сияқты Германияда «Меркельдік модельдің» өзгеруін немесе Түркиядағы жаңа Конституция қабылдауға деген талпыныстарды айта аламыз. Осындай дүние дидары өзгерген құбылмалы заманда құбыладан жаңылмау үшін елімізде жаңа Конституцияға деген сұраныстың болуы – заңдылық.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы: «Бұл құжат еліміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған кезде қабылданғанын ескерген жөн. Онда Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңіндегі қиын күндердің ізі бар», деп атап көрсеткеніндей, қолданыстағы Конституция – азаттықтың арайлы таңында егемен ел ретінде таңдауын жасап, мемлекеттік құрылымдардың іргесі енді беки бастаған кезде жазылғандықтан, сол дәуірдің сипаты аңғарылады.
Жаңа Конституция қабылдау арқылы Қазақстан болашақ даму стратегиясын анықтайды. Кезінде «Қытай ғажабының» негізін қалаған Дэн Сяопин басым бағыттар ретінде саяси тұрақтылықты сақтау, технология және инвестицияға сүйенген экономиканы модернизациялауға қажетті жаңа даму моделін жасау, оны әлемдік экономика мен саясатқа интеграциялау және ашық қоғам мен саяси институттарды дамытуды ұсынған. Қазақстан да қазір іргелі реформалар нәтижесінде дамудың жаңа кезеңіне қадам басты, елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптасып келеді. Сондықтан жаңа Конституция қабылдаудағы басты мақсат – тәуелсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету, посткеңестік кеңістіктің қисынынан шығып, Қазақстанды заман талабына сай қайта форматтау, мемлекеттің құрылу кезеңін қорытындылап, даму кезеңінің басым бағыттарын айқындау және алдағы онжылдықтарға арналған моделін келесі ұрпаққа ұсыну. Әлбетте, бұл модельдің Әділетті Қазақстан, адал азамат, бірегей қоғам, озық ойлы ұлт тұжырымдамалары іргетасында қалыптасуы – заңдылық. Елдің дамуына, ұлтымыздың ұйысуына қажетті осы құндылықтар қағидаты Ата заңда толық қамтылған.
Конституцияның интеллектуалды-философиялық негіздері
Ұсынылып отырған Конституцияның мүлдем жаңа құжат екенін оның преамбуласынан да аңғаруға болады. Халықтың біртұтас екеніне екпін берген бас құжат мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтауға, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылайды. Осы ретте айта кетерлік жайт, Қасым-Жомарт Кемелұлы Сенат төрағасы қызметінде жүргенде, дәлірек айтқанда, 2017 жылы ақпанда тарихи ұғымдарды Конституцияға енгізу қажеттігін жазған болатын. Сол сияқты преамбулада көрсетілген Әділетті Қазақстан идеясы, Заң мен Тәртіп қағидаты да 2019 жылдан бері айтылып келе жатыр. Бұл орайда «Тәуелсіздік және Отаншылдық, Бірлік және Ынтымақ, Әділдік және Жауапкершілік, Заң және Тәртіп, Еңбекқорлық және Кәсіби біліктілік, Жасампаздық және Жаңашылдық. Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады» деген Мемлекет басшысының бастамалары жаңа Конституцияның рухын қалыптастырғаны айқын аңғарылады. Сондықтан жаңа Ата заңды бірнеше айдың жұмысы ретінде емес, жылдар жалғасқан интеллектуалдық ізденістің нәтижесі деп қараған жөн.
Әрине, бұл іргелі бастамалар ішінде «Әділетті Қазақстан», адал азамат, озық ойлы ұлт, біртұтас қоғам ұғымдары – жаңа заманға сай туындаған ілкімді ізденістер. Бұл туралы Президенттің «Еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін. Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты» деп атап өткені белгілі. Расында, Адал азамат. Біртұтас ұлт. Әділетті мемлекет – бұл біз үшін елдіктің үштағаны. Адал азаматтар озық ойлы ұлтқа айналады, береке-бірлігі жарасқан біртұтас қоғам ғана әділетті мемлекет құра алады. Біріне-бірі байланған, біріне-бірі айналған, бірінсіз бірі жоқ осы үштаған – біздің ұлттық мұратымыз. Бұл ретте қоғамның мемлекетке, мемлекеттің қоғамға сенім білдіруі маңызды. Өйткені Конституция тек құқықтық акт емес, ол – қоғамның өз мемлекетіне деген сенімінің көрсеткіші. Сол себепті жаңа Конституция арқылы сенім мен әділеттілікке сүйенген жаңа қоғамдық келісім жасалуда.
Адам – басты капитал
Конституцияның кіріспесінде «адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталады» деп жазылған. Сондықтан Мемлекет басшысы «Жаңа Конституция жобасында «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидаты айқындала түсті. Біз 2019 жылдан бері дәйекті түрде осы жолмен жүріп келеміз» деп атап көрсеткендей, Ата заңның бірінші бабында адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалады. Қолданыстағы Конституцияда адам құқықтары қағаз жүзінде бекітілгенімен, жүйенің өзегіне айналмаған еді. Ал жаңа Ата заңның төрінде адам тұр. Адам құқықтары мен бостандықтары бүкіл жүйенің іргетасы болып саналады. Өмір сүру әр адамның ажыратуға және айыруға болмайтын құқығы ретінде белгіленеді. Әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне қол сұғуға, зорлық-зомбылық жасауға, қатыгездік көрсетіп, жәбірлеуге болмайды. Сөз бостандығына, ғылыми, техникалық, көркем шығармашылық еркіндігіне, еркін ақпарат алуға кепілдік беріліп, цензураға тыйым салынады. Зияткерлік меншік заңмен қорғалады.
Егер ХХ ғасырда адам құқықтары негізінен саяси еркіндіктермен өлшенсе, бүгінде олар адамның толық қауіпсіз өмір сүру кеңістігін қамтиды. Сондықтан жаңа жобада құқықтарды қорғау декларация деңгейінде қалмай, нақты құқықтық механизмдер арқылы күшейтіледі. Өлім жазасына толық тыйым салу өмірдің абсолюттік құндылық екенін бекітсе, жеке өмірге қол сұқпаушылық нормасының цифрлық деректерге дейін кеңеюі құқықтық жүйенің жаңа шынайылықты мойындағанын көрсетеді. Конституция азаматты тек физикалық әлемде ғана емес, цифрлық әлемде де қорғауға тиіс деген идеяның құқықтық деңгейде бекітілуі осыдан туындайды.
Адамды дүниеге әкеліп, оны азамат ретінде қалыптастыратын – отбасы. Жаңа Ата заңда «неке – ер мен әйелдің ерікті және тең құқылы одағы» деген тұжырым арқылы қоғамдағы дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу мақсаты көзделеді. Ал адам мен отбасын бірге тұруға жағдай жасайтын баспана екені белгілі. Баспаналы болу – отбасын нығайтады, болашаққа деген сенімін еселейді. Түзетулердің ішінен тағы бір қажетті норманы айта кету керек. Конституциядағы «Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды. Сот шешімінсіз тұрғын үйден айыруға жол берілмейді» деген ереже Мемлекет басшысының Үкімет отырысындағы ұсынысымен «тұрғын үйден мәжбүрлеп шығаруға да сот шешімінсіз жол берілмейді» деп толықтырылды.
Жаңа бас құжатта тағы бір маңызды жайтқа – қоршаған ортаны қорғауға және экология мәселесіне ерекше назар аударылған. Әрине, табиғат – біздің еншіміз ғана емес, ол – бабалардан жеткен басты байлығымыз, болашаққа таза күйінде тапсыратын аманатымыз. Оны көзіміздің қарашығындай сақтау – ұрпақ алдындағы парызымыз. Сондықтан құжатта адам мен эко-жүйенің тұтас қарастырылуы – адал азамат идеясы мен «Таза Қазақстан» бағдарламасының жаңа Конституциядағы көрінісі деп бағалауға болады.
Біртұтас халық – бірегей қоғам
Заңдар әдетте қоғамдық қатынастар жүйесінде іске асады. Жаңа конституциялық логика қоғамды азаматтардың жиынтығы ретінде емес, ортақ құндылықтар арқылы байланысқан әлеуметтік организм ретінде сипаттауға ұмтылады. Бірлік, қоғамдық келісім, мәдени даму, білім, тарихи мұра, табиғатқа жауапкершілік сияқты ұғымдардың конституциялық мәтінде аталуын осы тұрғыдан түсіну керек сияқты. Бұл жерде маңызды саяси ой жатыр: қоғамның ішкі сенімі болмаса, ең жетілген мемлекеттік институттар да ұзақ тұрақтай алмайды. Сондықтан қоғамдық диалог, мәдени саясат және білім жүйесі тек әлеуметтік бағдарламалар емес, мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығының негізгі факторлары ретінде қарастырылады. Осылайша, мемлекет қоғамды басқару объектісі ретінде емес, қоғам мемлекет өмірінің тірегі ретінде түсіндірілетін модельге қарай жылжиды.
Ата заңның кіріспесінде халық біртұтас ретінде сипатталады. Осы бірауыз сөз арқылы көп мәселе түйінін тарқатып отырған сияқты. Бүгінде ел азаматтары өздерін біртұтас қазақ ұлтының мүшесі сезінетін және азаматтық бірегейлік қалыптасып, оған деген сұраныс бар екенін ескерсек, бұл формула қоғамдық бірегейлікті күшейтуге бағытталғанын көрсетеді. Демек бірлік азаматтық келісім арқылы қамтамасыз етілуге тиіс деген тұжырым ұсынылады.
Конституцияның 4-бабында халық – мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және Егемендік иесі ретінде көрсетіледі. Осы орайда ойға бір жайт түседі: «Егемендік» сөзін алғаш қаламгер Шерхан Мұртаза Түркия сапарынан кейін енгізгені белгілі. Бұл – Түркия Республикасы Парламентінің қабырғасына жазылған «Егемендіктің иесі – халық» деген сөзден алынған еді.
Сонымен қатар Конституцияда алғаш рет ұлттық ерекшелігіміз бен тарихымыз, қоғамдық құндылықтарымыз басты орынға қойылады. Бұл жай декларация емес, кім екенімізді және қайда бет алғанымызды заң тұрғысынан бекіту. Сондықтан Ата заңда бірлік пен келісімнің негіздері нығая түседі.
Бірегейлік туралы сөз болғанда, Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы айтпай кете алмаймыз. Әрине, Ассамблея өзінің 30 жылдық тарихында еліміздің бірлігіне, этностар арасындағы ынтымақтың артуына, Қазақстанды ортақ отанымыз деп түсінетін буынның қалыптасуына ықпал етті. Сондықтан оның Халық кеңесінің құрамына енуі – әділетті баға. Халық кеңесінің құзыреті де, мүмкіндігі де Ассамблеядан кең екенін ескерсек, бұл трансформация ұлттық бірегейлік пен әділет қағидатына толық сәйкес келеді. Енді ешкім белгілі бір этностық топтың немесе Ассамблея мүшесі болғаны үшін ғана Парламентке келмейді, барлық қазақстандықтың құқығы мен мүмкіндігі тең. Бұл ретте еліміз үшін «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидаты маңызды. Сондықтан қоғамда ұлтына қарай ерекшеленуге ұмтылған кез келген әрекетке, азаматтарды тіліне, дініне бола арандатуға, яки кемсітуге мүлде жол бермейтін орта қалыптастыру қажет.
Осы орайда бір жайтқа тоқтала кеткен жөн. Кейінгі жылдары әлемде «әсіресе оңшылдық» пен «ультра ұлтшылдық» құбылысының белең алуы байқалады. Шығыс Еуропаның бірқатар елдерінде үкіметке оңшыл партиялар келді, қоғамда оңшыл көшбасшылар мен қозғалыстардың танымалдығы еселене түсті, оның бұқаралық мәдениеттегі көрінісі де қарқын алып келеді. Бұл ретте ультра ұлтшылдық қоғамның ішкі тұтастығына сызат түсірері анық. Ұлттық құндылықты қорғау мен насихаттау маңызды, бірақ ол азаматтық теңдік, адам құқықтары және өзге мәдениеттерді құрметтеу принциптерімен қатар жүруге тиіс. Өйткені ұлттың шынайы күші – әр алуандықты бағалап, ортақ игілік үшін біріге алуында. Әрине қазіргі геосаяси контекстте кейбір ұлттар, тіптен тұтас аймақтар әсіре ұлтшылдықтың жетегіне кетіп жатқанын байқаймыз. Бұл бір жағынан циклді тарихтың қайталануы, тіптен кейбір ғалымдар жазғандай әлеуметтік өзгерістерге деген реакцияның нәтижесі. Бәлкім, объективті шынайылық десе болады. Дегенмен ұлтшылдықтың радикалды формасы қауіпті, ал оның жиі апарар жолы – катаклизмдер. Сол себепті бұл тақырып өте сезімтал.
Сондықтан болса керек, бас құжатта жауапты әрі жасампаз отаншылдық ұғымы нақты жазылады. Өйткені ұлт ұпайы ұраншылдықпен түгенделмейді. Отаншылдық, мемлекетшілдік – мемлекеттің мүддесін өз мүддесінен жоғары қою әрі ел мүддесі жолында еңбек ету. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін» деген әйгілі сөзі осындайда еске түседі. Ендеше жаңа Конституция да елдің ертеңін, айқындайтын құжат екені анық.
Озық ойлы ұлт
Президент Қызылордада өткен Ұлттық құрылтайда еліміздегі цифрландыру үдерісінің институционалдық-құқықтық негізін Ата заңға енгізу туралы ұсыныс айтты. Соның негізінде Ата заңда «білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алу» басымдық ретінде белгіленіп, осы салаларды дамытуды мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты деп таныды.
Расында ХХІ ғасырда жасанды интеллект арқылы ғылыми прогресс, технология үдерісі өте жылдам жүріп жатыр. Жоғары технология адамның күнделікті өміріне, құқықтары мен бостандықтарына тікелей әсерін тигізуде. Экономика негізінен цифрлық платформаларға көшті, мемлекеттік қызметтер онлайн форматқа өтті, деректер ұлттық ресурсқа айналды, ал ақпараттық қауіпсіздік әскери қауіпсіздікпен тең қарастырыла бастады. Бұрын мемлекет азаматты әкімшілік тетіктер арқылы басқарса, бүгін мемлекет азаматқа көрсетілетін қызмет сапасы арқылы бағаланады. Сол сияқты, құқықтық жүйе физикалық кеңістікті реттеуге ғана бағытталған болса, бүгін ол виртуалды кеңістікті де қамтуға тиіс. Осындай жағдайда құқықтық негіз өзгермей қалса, ол шындықтан артта қалады. Сондықтан жаңа Ата заңды даму мен жалпы басқару философиясының өзгеруі ретінде қарастыру қажет.
Осы ретте қоғамда «Қазақстан Республикасының жекелеген өңірлерінің экономикасын қарқынды дамыту мақсатында қаржы саласына қатысты арнаулы құқықтық режім мен «қарқынды дамитын қала» арнаулы құқықтық режімі конституциялық заңдарға сәйкес белгіленуі мүмкін» деген ережеге байланысты талқылаулар болып жатқаны белгілі. Бұл жерде мәселе «Alatau Cıty» және «Астана Қаржы» орталығы (AIFC) сияқты құрылымдар туралы екені анық. Біздіңше, жаңа технологиялардың орталығына айналатын «Alatau Cıty» – болашақтың қаласы, ұлттық арманның материяға айналған формасы, сондықтан технократ ұлт болу жолындағы маңызды қадам, еліміз үшін әлемдік даму көшінен қалмаудың бір мүмкіншілігі.
Көптеген конституциялар өткен тәжірибені бекітуге бағытталса, жаңа жобада болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің тікелей көрсетілуі мемлекеттің ұзақмерзімді даму философиясын құқықтық деңгейде бекіту әрекеті ретінде көрінеді. Мемлекеттік саясаттың басымдықтары қатарында адам капиталы, білім, ғылым және инновацияның көрсетілуі елдің даму бағыты табиғи ресурстарға ғана емес, білім экономикасына сүйенуге тиіс деген стратегиялық сигнал ретінде қабылданады. Осылайша, Конституция тек бүгінгі басқаруды реттейтін құжат емес, ұзақмерзімді ұлттық даму моделінің құқықтық негізіне айналады.
Әділетті мемлекет
Жаңа Ата заң – Әділетті Қазақстанның конституциялық көрінісі іспетті. Конституция жобасына енген нормалар, ең алдымен, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына негізделеді. Шын мәнінде, бұл – мемлекетті басқарудың жаңа жүйесін қалыптастыру деген сөз. Сол арқылы еліміздегі саяси архитектура түбегейлі өзгерді. Бұл еліміздің ұзақмерзімді саяси даму бағытын айқындайды. Өйткені Конституцияның 2-бабына «Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді» деп жазылған.
Бас құжат арқылы саяси институттардың өзара әрекетінде жаңа теңгерім пайда болды. Президенттік басқару формасының нақтылануы, Вице-президент қызметінің қайта енгізілуі, кәсіби бір палаталы Парламент, оның бақылау функцияларын күшейту, Үкіметтің саяси жауапкершілігін нақтылау сияқты ұсыныстар басқару жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған. Бұл ретте биліктің тепе-теңдігі мен жауапкершілігі нақты құқықтық механизмдер арқылы қамтамасыз етілген. Сол арқылы енді жұртшылық «кім келеді?» деп емес, «жүйе қалай жұмыс істейді?» деп ойлана бастайды.
Құқықтық мемлекет, әділдік, заң мен тәртіп, ашықтық және қоғамдық келісім қағидаттары Конституцияда бекітілген. Қазақстан Республикасы демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде танылған. Парламенттің рөлі Құрылтай негізінде жаңғыртылып, саяси өкілдіктің мазмұны жаңа талаптарға сай қайта қаралған. Парламентте енді Президент квотасы болмайды, депутаттар бәріне бірдей тәртіппен сайланады. Халық кеңесі – тұрақты диалог алаңы және азаматтық қоғамның үні, ұлттың мінбері ретінде айқындалған. Бұл ретте түгел түркі жұртына етене таныс Құрылтай ұғымының жаңа деңгейге көтерілуімен бірге «Кеңес» сөзінің мән-мағынасы да ұлтымыз үшін маңызды. «Халық кеңесі», «Хан кеңесі», «Билер кеңесі» болғанын тарихтан білеміз.
Қорыта айтқанда, тарихи кезең бізден асқан жауапкершілікті талап етеді. Тарих толқынында біртұтас халық, адам құқықтары қорғалған бірегей қоғам, экономикалық және ғылыми-технологиялық дамуға қадам басқан озық ойлы ұлт және тәуелсіздік пен тұтастықты қамтамасыз еткен әділетті мемлекет болу үшін құндылықтарын қайта қарап, қалыптастыратын Конституция қажет. Сондықтан алдағы референдум маңызды.
Дархан ҚЫДЫРӘЛІ,
сенатор, академик