Аймақтар • 06 Сәуір, 2018

Күн энергиясы терезеңізден күліп тұр

1575 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Журналистік іссапармен әлемнің бірқатар мемлекеттерінде болдық. Біз жасыл энергия деп таңдай қағып, таңданып жүрген керемет­тер ол елдерде әлдеқашан қолданысқа түс­кен. 

Күн энергиясы терезеңізден күліп тұр

Мәселен, Түркия. Көп қабатты үйлердің ша­ты­рында күн, жел энергиясынан қуат, жылу алатын қондырғылар бар. Бір қалыптан шық­қан қызыл цистерналарға жаңбыр суы жиналады. Ішуге арналмағанымен, техни­ка­лық қажеттілікті өтейді. Ал қысты күндері күн энергиясы қондырғысы арқылы үйге жы­лу береді. Бүгінде ақшасы қалтасына сый­­май, шекесінен шеруен атып отырған ешкім жоқ.

Үнемделген ақшаның жұмсалатын жері жетеді. Өте ұсынықты неміс халқы қыс айларында үйді жылыту үшін біздікіндей тонналап көмір жақпайды. Он-он бес қабатты үй астындағы жертөледе жылу қазандығы бар. Ағашты өртеп, одан алынған жентектелген көмірді пайдаланып қажетті жылуды алады. Біздегі коммуналдық жүйедегі кемшілік, Кеңес Одағы кезінде ЖЭО-дан әр үйге шақырымдап жылу трассасы тартылды. Жолда бойынан жылу қашатын құбыр­лар үйлерге жеткенше коммуналдық төлем­­ді әлденеше есеге көбейтіп жібереді. Осы­­­­ның бәрі біздегі бей-берекет тірлікке жаңа­­ша қарауды талап етуде. Бүгінде Қызылор­да облысы да күн және жел стансалары­ның жетістігін көруге таяу. «Ақылды қала» («Smart city») жобасы бойынша Қытайдың «СNEEC» мемлекеттік инженерлік компаниясымен жұмыс жүріп жатыр. «Ақылды үй» дегеніңіз Қытай мемлекетінде көдедей көп. «СNEEC» компаниясы тәжірибесі толысқандықтан әлемдегі жетпістен астам мемлекетке жылу, жел және күн стансаларын салып беріп, көздерін ашып келеді.

Ал жел өтіндегі Қызылорда облысы күн энер­­ги­ясын өндіруден алдына ешкімді сал­май­­ды. Жазғы шілдеде оттағы табадай жан біт­­кен­ді бір тарының қауызына сыйдырып жібе­­ретін аптабы күн сайын соғатын, ашуы­на мінсе аттылы кі­сіні ықтырып жіберетін желі және бар. Қы­тай­лық компания осы жағын есепшотқа са­лып, тәуекелге мініп отыр. Сонымен қатар «Ақ­лақ» су тос­пасы­нан электр стансасын салса, 20-25 мегават­тық қуат көзін алуға болады екен.

Ақылды елдерде қоқыстарды да кәдеге асырады. Қытайдың «Huawei» компаниясы қоқыстарды өңдеуден бөлек, қалдықтарын өртеп, одан да жылу алмақ.

Бүгінде облыста мемлекет-жекеменшік әріп­тес­тігі негізінде жұмыс істеу жақсы жол­ға қойылған. Қытайдың әлемге танымал ком­паниясы «Ақылды қала» жобасын жүзеге асы­руда дарияның сол жағалауындағы жаңа қала аумағында жұмыс істемек. Осылайша әле­м­дегі дамыған елдердің қол жеткізген тамаша жетістіктері өмірімізге дендеп еніп келеді.

Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы