ТМД сыртқы істер ведомстволарының басшылары Достастық шеңберіндегі қазіргі жағдай мен ықпалдастықтың перспективаларын талқылап, халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы қызметінің тиімділігін одан әрі көтеру жөніндегі сұрақтарды қарастырды.
Қ.Әбдірахманов өзінің баяндамасында Қазақстан Достастық құрылғаннан бері оған белсенді қатысып келе жатқандығын және оны әртарапты ынтымақтастықтың бірегей және әмбебап алаңы ретінде қарайтындығын атап өтті. Осыған байланысты ол Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ТМД дамуының қазіргі концепциясын ревизия жасау және сол концепцияның ережелерін заманауи жағдайларға бейімдеу қажеттігі жөніндегі бастамасына айрықша назар аударды.
Министр Қазақстанның ТМД-ның қазіргі төрағасы Тәжікстан белгілеген басым мақсаттарды қолдайтындығын және оларды табысты жүзеге асыру үшін жан-жақты қолғабыс көрсетуге дайын екендігін мәлімдеді. Қазақстан тарапы өзінің БҰҰ-дағы төрағалығының нәтижелері жөнінде хабарлап, Президент Н.Назарбаевтың төрағалығымен өткен БҰҰ ҚК-нің «Жаппай қырып жою қаруын таратпау: сенім шаралары» тақырыбындағы брифингісінің маңызды қорытындыларына тоқталды. Сонымен қатар, ТМД делегацияларының басшылары Ауғанстанда және Орталық Азияда аймақтық серіктестік орнатуға арналған министрлер пікірталастарының қорытындыларымен таныстырылды.
Минскідегі Сыртқы істер минстрлерінің алқасында қауіпсіздік саласына қатысты құжаттардың жобалары мақұлданды. Атап айтқанда, Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күрес бойынша ынтымақтастық жөніндегі келісімнің және 2019 - 2023 жылдарға арналған қылмыспен күресу жөніндегі бірлескен шаралардың мемлекетаралық бағдарламасының жобалары бекітілді. Сонымен қатар Министрлер 2018 жылға арналған ТМД шеңберіндегі сыртқы істер министрліктері арасындағы көпдеңгейлі консультациялар жоспарын бекітті. Бұл құжатқа сәйкес ағымдағы жылда халықаралық мәселелер бойыншы он екі тақырыптық консультациялар көзделген. Атап айтқанда, ол ТМД-ға қатысушы елдердің БҰҰ, ЕЫҚҰ және басқа да халықаралық бірлестіктер шеңберіндегі ықпалдастығы, жаңа сын-тегеуріндерге және қауіп-қатерлерге төтеп беру мәселелері, қарусыздандыру саласындағы ынтымақтастық және т.б. қамтиды.
Іс-шара барысында делегация басшыларының Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенкомен кездесуі болды. Министрлер кеңесінің аясында Қ.Әбдірахманов Әзербайжан және Түрікменстан ресми делегацияларының басшылары Халаф Халафов және Сердар Бердімұхамедовпен екіжақты кездесулер өткізді. Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың дамуының мәселелерін қарастырып, халықаралық және аймақтық күн тәртібін, соның ішінде Бесінші Каспий саммитінің дайындық барысын талқылады.
Тараптар мемлекеттер арасындағы ынытымақтастық барлық деңгейде жоғары ықпалдастықпен дамып жатқанын тілге тиек етті. Әсіресе, 2017 жылы мемлекеттер басшыларының кездесулері барысында қол жеткізілген келісімдер мен уағадаластықтардың жүзеге асырылуына ерекше көңіл бөлінді. Әзербайжан тарапымен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі қызметінде орын алып отырған кадрлық мәселелер талқыланды.