Қазақстан • 08 Сәуір, 2018

Маңғыстау шағын және орта бизнес саны бойынша 3-орында

529 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Төрағасы Тимур Құлыбаевтың Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында облыс әкімі Ералы Тоғжановтың және Өңірлік палата басшылығы мен облыс кәсіпкерлерінің қатысуымен Палатаның Өңірлік Кеңесінің отырысы өтті. 

Маңғыстау шағын және орта бизнес саны бойынша 3-орында

2017 жылдың соңында Маңғыстау облысындағы шағын және орта бизнес саны 2,8 мың бірлікке артып, 47 мың бірлікті құрады.

- 2017 жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша Аймақтық үйлестіру кеңесінің мәжілістерінде жалпы сомасы 15,1 млрд. теңгені құрайтын 208 жоба (2016, 11,6 млрд. теңгеге 179 жоба) жүзеге асырылды. Бірыңғай бағдарламаны іске асыру нәтижесінде 2017 жылы 1 403 жаңа жұмыс орны ашылды (2016 жылы 465 жаңа жұмыс орны ашылды), бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есе артық. Шағын және орта бизнестің субъектілеріне 29,8 млрд. теңге көлемінде кредиттік ресурстар берілді, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 1,3 есе көп. Сонымен қатар шағын және орта бизнес субъектілеріне барлық бағдарлама бойынша жалпы сомасы 1,3 млрд теңгеге 278 шағын кредит беріліп, 648 жаңа жұмыс орны ашылды , деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.

Жиын барысында Маңғыстау облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрбек Қарасаев аймақтық бизнесті дамытудың негізгі бағыттары туралы баяндады. «Атамекен» ҰКП жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықты бизнес жүргізуге үйретуге бағытталған «Бастау» жобасын қолға алды. Аталмыш жоба аясында Маңғыстау облысы пилоттық бағдарламаны жүзеге асырған аймақ болды. «Бастау» жобасына 750 жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған маңғыстаулық қатысты, олардың 150-ден астамы өз бизнесін ашты.

Сонымен қатар «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Президиумының Төрағасы Тимур Құлыбаев пен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов «Іскер әйелдер кеңесі» мәжілісіне қатысты. Маңғыстау облысында 2017 жылы 47 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген, олардың 40% -ы әйелдер. Бұл 19 мыңнан астам адамды құрайды. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша 208 жоба мақұлданды. Кәсіпкер әйелдер тарапынан 75 жоба ұсынылып, 279 жаңа жұмыс орны ашылды.

- 2017 жылдың соңында жұмысқа орналасуға өтініш берген әйелдердің саны 3 687 адамды құрайды, оның 3 437-сі жұмысқа орналасты. 1138 әйел тұрақты жұмыспен қамтылды. Мемлекеттік қызметшілердің саны 2 830 адамды құрайды, оның 1 659-ы әйел. Бұл шамамен 60%-ды құрайды. Сондай-ақ, Маңғыстау облысында 12 белсенді гендерлік ҮЕҰ бар. Облыстағы қалалары мен аудандарда әйелдер басқаратын үкіметтік емес ұйымдарды қолдау және дамыту үшін 7 өңірлік ресурстық орталық жұмыс істейді. Гендерлік теңдік - қоғамды әлеуметтік жаңғыртудың негізгі бағыттарының бірі, өйткені тең мүмкіндіктер жасау - әйелдердің елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік өміріне белсенді қатысуын қамтамасыз етудегі маңызды құрамдас бөлігі болып табылады, деді облыс әкімі Ералы Тоғажнов.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан».

Маңғыстау облысы