09 Сәуір, 2018

Қиын мен оңай

1018 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мектепте интегралға байланысты есеп­терді жақсы шығаратынмын. Бірақ уақыт өте келе бұл білімім қажетсіз бол­ғандықтан, ұмытылып қалды. Бір күні балаларға арналған энциклопедиядан интегралдың не үшін керек екенінің мы­салмен берілген оңай түсіндірмесін оқыдым.

Қиын мен оңай

Шын мәнінде қиын деген нәрселердің оңай түсіндірмесі бар екенін барлығымыз біле бермейміз. Мұны барлық нәрсеге де қатысты айтуға болады деп ойлаймын. Соңғы кездері адамның дамуына байланысты оқып жүрген кітаптарда көп зерттеушілер өз ойларын тек ғылыми тұрғыдан дәлелдеп қана қоймай, өз тәжірибесі, күнделікті өмірде болған оқиғалар, оған өздері мен басқа адамдардың реакциясын сипаттау арқылы түсіндіріп, түрлі қорытындылар жасап жатады. Сондықтан дәрігерлер немесе әр саланың танымал мамандары түсінікті тілмен кітаптар жазып, онысы бестселлерге айналып жатады. Еуропада немесе АҚШ-та бестселлер болған кітапты түрлі тілдерге аударады, сол арқылы олардың танымалдылығы одан сайын арта түседі. Қазақ тіліне мұндай әдебиеттер тікелей аударылмайтындықтан, біз оны көбінесе ағылшын немесе орыс тілі арқылы оқып жатамыз. Солардың біразы квант физикасына сілтеме жасап, ойларын түсіндіруге тырысады.

Квант физикасы деген тіркестің өзі, бір қарағанда, түсініксіз және қажет емес болып көрінуі мүмкін. Әрине, ешкім басын қатырғысы келмейді ғой. Дегенмен осы тіркесті естігенде әр адам білуге тиіс нәрселер бар, оның ең бастысы – «бәрі толқыннан тұрады», «квант физикасы – сиқыр емес, ол математикалық ережелер мен принциптерге негізделген» және «квант физикасы теориямен емес, тәжірибелермен сипатталады».

Квант физикасы мен адамның сана-сезімін қалай байланыстыруға болады? Сұрақты дәл осылай қоймаса да, кітабының бірінші тарауын «Квант адамы» деп бастаған дәрігер Джо Диспенза «Breaking the habit of being yourself: How to lose your mind and create a new one» кітабында бейсана күші арқылы өмірді қалай өзгертуге болатынын, адамның да әлем сияқты энергиядан тұратынын айта келе, «әр адам өзін тұлға ретінде қалай сезінсе, бүкіл әлемдік сана да өзін солай сезіне алады» дейді. Яғни ғаламдық (универсалды) сана «бәрін көріп тұрады, оған біздің ойларымыз, армандарымыз, әрекеттеріміз және қалауларымыз да белгілі. ...Егер сіз өміріңізде қатты қиналған болсаңыз, ол сіздің миыңыз бен денеңізде сақталып қалады да, ойларыңыз бен сезімдеріңіз арқылы шығады, яғни сіз квант өрісіне азап пен бейнет дабылын жібересіз, ал ол сізге соған сәйкес менталды және эмоционалды реакцияны қайтарады». Яғни сіздің ойыңыз «мен қиналып жатырмын» деген белгі жібергенде, сезіміңіз сол сезімге сәйкес оқиғаны өзіне тартады, сонымен сіз одан сайын қиналып, азап шегуге мәжбүр боласыз.

Осыдан мынадай қорытынды жасауға болады: сіз өзіңізді жамандап, «Менің қолымнан ештеңе келмейді, жолым болмайды, оқуға түспеймін, әдемі емеспін, мұны үйрене алмаймын, уақытым жоқ, үлгермеймін» деген сайын, сол ойыңызға сәйкес нәтиже аласыз.

Адамның бойында өзін-өзі құртатын жаман әдеттер болады. Осы әдеттерді өзгертуге бола ма? Осы әдеттердің орнына өзіңді дамытатын, басқа деңгейге көтеретін әдеттер қалыптасу үшін не істеу керек?

Дәрігер Диспензаның пікірінше, «осы­ған дейін өміріңізді өзгерткіңіз келген әрекеттердің бәрінің сәтті болмауының бір себебі – ойыңыздың шектелгенінен, мүмкін сіз тек қана сыртқы жағдайлар өзгеруі керек деп ойлаған боларсыз». Шынымен өзгеремін дегендерге Джо Диспензаның кеңестері былай сипатталады. Бұрынғы сезімдеріңіз мен ойларыңызды қайта-қайта жаңғырта бермеңіз, өйткені сіз дәл сондай өмірлік жағдаяттарды және сезімдерді тудырып жатырсыз, сол арқылы бірдей қиындықтарға тап бола бересіз. Бұрынғы өзіңізден бас тартыңыз, яғни денеңіздің әр бөлшегі жаттап қалған сезімдерді басқасымен ауыстыруыңыз керек. Бұл үшін қоршаған орта, дене және уақыттан асып түсуіңіз керек. Адамның миы үйреншікті нәрселерді қайталай бергенді жақсы көреді бір уақытта тұрады, бір жолмен жұмысына барады, күнде бірдей міндеттерді атқарады, бірдей адамдармен қарым-қатынасқа түседі, онымен қоймай өмірінде жаңа бір нәрсенің пайда болғанын қалайды. Ал ғылымда дәлелденіп қойылғанындай күнде бірдей деректерді енгізе отырып, жаңа нәтиже алуға болмайтынын ұмытып кете береміз. Адам тек қана ойын емес, сонымен бірге әрекетін де өзгертуі тиіс.

Әр адамның бойында өзіне ғана тән мінез-құлық, жүріс-тұрыс моделі бар. Бірақ барлық бәле жағымсыз ойлар, кері тартатын әдеттер, сенімсіздіктен болады. Көбінесе адам қатты күйзеліс, психологиялық зақым немесе қайғылы хабар алғанда өзгереді деп жатады. Бірақ өзгеру үшін тек қана қиындық пен азап не қайғы-қасіретті күтіп отыруға болмайды, олар келсе, сіз онсыз да өзгересіз ғой.

Бұл айтылғандар оңай және түсінікті нәрселер сияқты. Дегенмен оны түйсіну және жүзеге асыру оңай болмай тұр. Сондықтан өзгеру үшін, әсіресе, жаңа тіл үйренуде, спортпен айналысуда, өз кәсібіңізді ашуда, саламатты өмір салтын ұстануда бар ерік-жігеріңізді салыңыз. Адам барлық нәрсеге бейімделетін және дағдыланатын болғандықтан, өзімізді тек қана жақсылыққа, кеңдікке, тапқырлыққа, саналылыққа тәр­биелейік.

Бақытгүл САЛЫХОВА,

педагогика ғылымдарының кандидаты