Парламент Сенаты Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Георгий Ким Қарағанды облыстық ішкі істер департаментінің басшылығы және жеке құрамымен кездесті. Сенатор полиция қызметкерлеріне Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру тетіктері жайында ақпарат берді. Сонымен қатар Сенаттың заң шығару қызметінен хабардар етті.
Осы орайда облыстық ішкі істер департаментінің бастығы Мергенбай Жаппаров Президенттік бастамаларда көтерілген жеңілдетілген ипотекалық несиелер ішкі істер органдары қызметкерлері үшін айтулы жаңалық болғандығын атап өтті. Өйткені полицейлер арасында баспанаға зәру қызметкерлер жеткілікті.
Сондай-ақ сенаторлар Георгий Ким, Сәуле Айтпаева және Дулат Құсдәулетов облыстың Осакаров ауданында болып, жергілікті активпен, аудандық мәслихат депутаттарымен, прокуратура, сот және өзге де құқық қорғау органдарының өкілдерімен кездесті.
* * *
Алматыда сенаторлар Динар Нөкетаева мен Нұржан Нұрсипатов «Қазақстан теміржолы» акционерлік қоғамының локомотив депосы мен басқа да бөлімшелері қызметкерлерінің алдында әр отбасына тұрғын үй сатып алудың жаңа мүмкіндіктері, еңбекақысы төмен адамдар үшін салық ауыртпалығының азайтылуы, сондай-ақ жоғары білім алудағы жеңілдіктер мен студенттік жатақханалардың салынуына байланысты кеңінен әңгімелеп берді.
Депутат Н.Нұрсипатов теміржолшыларды шағын несие беру көлемінің артуы мен еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етудің келешегі жайында хабардар етті. Кездесуге Мәжіліс депутаты Шаймардан Нұрымов та қатысты.
* * *
Сенат депутаттары Ерболат Мұқаев пен Нариман Төреғалиев Орал газ, мұнай және салалық технологиялар колледжінде болды.
Қазір бұл оқу орнындағы 2400 оқушының басым бөлігі шалғай ауылдардан келіп оқиды. Сондықтан олар үшін баспана мәселесі маңызды болғандықтан, Президенттің бастамасына сай жатақхана салу жоспарланып отыр.
– Біз Елбасының бес әлеуметтік бастамасын іске асыруға бар күш-жігерімізді салуымыз керек. Сол кезде бұл мәселе толықтай шешіледі деп сенемін, – деді Н.Төреғалиев.
Сенаторлар елімізде білікті мамандарға сұраныс жоғары екенін, сондықтан мемлекет тарапынан жастарға қосымша гранттар бөлінетінін айтты.
* * *
Парламент Сенатының депутаты Сергей Ершов Теміртау жоғары политехникалық колледжі студенттерімен және оқытушыларымен кездесті.
Ол студенттерге Мемлекет басшысының бес әлеуметтік бастамасының мән-маңызын жан-жақты түсіндіріп, қойылған сауалдарға жауап берді.
Шараға қатысушылар колледж түлектерін жұмысқа орналастыру, қажет мамандар деректері енгізілетін бірыңғай база құру, оқытушылардың біліктілік дәрежелеріне және тәжірибелік жұмыстарына қосымша ақы төлеу мәселелеріне де назар аударды. Студенттер мен мұғалімдер Теміртау қаласының экологиясына байланысты өзекті мәселелерге алаңдаушылық білдірді.
Сенатор бұл мәселені шешу үшін жұмыс тобын құруды ұсынды.
* * *
Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Аққайың, Қызылжар және Мамлют аудандарына барды. Халықпен кездесулерде мәжілісмендер Президенттің бес әлеуметтік бастамалары туралы айтып, ауыл тұрғындарының сауалдарына жауап берді, сондай-ақ бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысты.
Атап айтқанда, Айзада Құрманова және Айгүл Нұркина Қызылжар ауданына сапары барысында «Зенченко және К» коммандиттік серіктестігінің ұжымымен кездесті. Кәсіпорын ет және сүт өнімдерін өндіруге және сатуға маманданған әрі асыл тұқымды мал шаруашылығымен де айналысады.
Ал Мамлют ауданы Воскресеновка селосында депутаттар Светлана Бычкова және Жәмилә Нұрманбетова ауданның бірқатар шағын жинақты мектептерін біріктіретін ресурстық орталыққа барды, сондай-ақ педагогикалық ұжымымен кездесіп, білім беруді дамыту және бес әлеуметтік бастамаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Сонымен қатар кездесуге қатысушылар қосымша бөлінетін гранттар есебінен білім берудің сапасын жақсарту жайына да тоқталды. Бұдан басқа, елімізде салынатын 75 мың орындық жатақхананың 2300-і Солтүстік Қазақстан облысында бой көтеретіндігі белгілі болды.
Аққайың ауданында депутаттар Қанат Мусин мен Александр Суслов жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен шағын несиелендіру мәселелерін талқылады. Кездесуде олар ауыл кәсіпкерлігін дамытудың маңыздылығы туралы айтты. Сондай-ақ Қиялы аграрлық колледжінің жұмысымен танысты.
* * *
Ал Мәжіліс депутаттары Бақытгүл Хаменова, Ирина Унжакова, Тарас Хитуов пен Геннадий Шиповских Маңғыстау ауданының Шетпе кентінде орналасқан «Каспий Цемент» зауыты ұжымымен кездесті. Бұл зауыт неміс технологиясы бойынша «Хайдельберг» маркасымен цемент шығарады. Ол – өндіріс кезінде құрғақ бор пайдаланатын әлемдегі алғашқы зауыттардың бірі. Өндірістік қуаты жылына 800 мың тоннаны құрайды. «Каспий Цемент» зауыты аймақтың экономикалық дамуына үлкен үлес қосып келеді. Жергілікті тұрғындардың 60 пайызы осында жұмыс істейді.
Кездесуде жұмысшылар депутаттарға өздерін толғандырған сұрақтарды қойып, пікір алмасты.
* * *
Мәжілістегі «Халық коммунистері» фракциясының мүшесі Тұрғын Сыздықов Астана қаласында ІІМ төтенше жағдайлар департаменті ұжымымен кездесті.
Депутат өрт сөндіру бөлімінің қазіргі тыныс-тіршілігімен танысып, заманауи техникалық қондырғыларға назар аударды. Құрылымның жеке құрамымен кездесу барысында Елбасының бес әлеуметтік бастама әңгімеге арқау болды.
Сонымен қатар техникалық жарақтандыру мен қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту тақырыбы да назардан тыс қалмады.