inform.kz
Күні кеше Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев «АӨК-ті цифрландыру күні» аясында бірнеше инновациялық жобаны таныстырды. Отандық кәсіпкерлер арқылы ауыл шаруашылығындағы ақпараттық технологияларды дамытуды мақсат еткен шарада, цифрландыру жүйесін енгізудегі түйткілді мәселелер тізбектеліп, болашақтың еншісіне енетін жоспарлар бекітілді. Солардың бірсыпырасына кеңірек тоқтала кетсек, аталған министрлік бүгінгі күні «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында 4 жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Ауылшаруашылық өнімдерін өткізуді жүйелеуде, экспорт нарығын дамытуда сандық жүйенің берері мол. Осы негізде келер жылы мал шаруашылығы, өсімдік және балық өнімдерін бақылау мақсатында мониторинг жасалып, ақпаратты электронды түрде алу мүмкін болмақ. Мысалы, жаңа туған мал бірден тіркеліп, соған қатысты барлық ақпараттар, қандай екпе алғанынан бастап, қай жерде сойылғаны, еттің қай базарда сатылатыны анық электронды базада тіркелетін болады. Бұл арқылы сатып алушылардың азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етілмек. Әрбір кезеңде малдың таза екеніне көз жеткізілгеннен кейін экспорттаушылардың да саны артады деген сенім бар. Қазіргі уақытта мал шаруашылығына қатысты ет импорттаушы елдердің негізгі талаптары бойынша өнімнің өндірілу барысына қатысты ақпараттың толыққанды берілуі маңызды. Сондықтан бұл бағыттарда кейбір түйткілдердің талмаурын тұсын дөп басуға сандық жүйе таптырмас шешім.
Министрлік басымдық берген екінші бастама – электронды сауда-саттықты дамыту. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және АӨК-ті цифрландыру департаментінің директоры Бауыржан Айымбетовтің айтуынша, еліміздегі астық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қазіргі таңда электронды форматта өз өнімдерін сатуды қолға алған. Осыдан екі жыл бұрын іске қосылған minagro.kz веб-порталына 195-ке жуық ірі астық қоймасы тіркелген. Ал онлайн түрде сауда жасау мүмкіндігінен бейхабар шаруалар қаншама? Қоймадағы астықты күнде бақылауда ұстағаннан гөрі, барлық мән-жайдың ақ-қарасын үйде отырып та электронды түрде қадағалауға болады. Сонымен қатар кез келген астық сатып алушы үшін қоймадағы өнім жайында ақпарат жүйеде тіркелген. Тіпті келісімшарт жасау, оны заңдастыру да «ақылды технологияның» көмегімен шешімін тауып отыр. Айта кетерлігі, жүйенің қолданыс аясы да артып келеді. Бұған дейін тіркелгендер саны 4 мың болса, қазір 39 мыңға жеткен.
«Ендігі меже жүйенің ауқымын шетелдік астық импорттаушы елдерге де қолжетімді болатындай деңгейге жеткізу. Осы мәселе жан-жақты талқыланып, біздің назарымызда болады. Астық өнімдерін жеткізуде темір жол саласында да цифрландыру жүйесін енгізу жоспарланып отыр. Бұған қоса, мал шаруашылығында да онлайн режимінде сауда-саттық жасау мүмкіндігін қолжетімді етеміз. Аталған бағыттар бойынша АӨК-дегі 101 мемлекеттік қызмет көрсету мен оған байланысты процестер автоматтандырылатын болады», дейді Б.Айымбетов.
ІТ-технологияларды нақты егіншілік пен SMART фермаларда пайдалануды дамыту үшін бизнес өкілдерін тартуға министрлік мұрындық болмақ. Яғни, өз кәсібінің көш ілгері дамуын, бәсекеге қабілетті болуын көздеген шаруа, кәсібін сандық форматқа сәйкестендіреді. Алдымен жаңа технологияның жілігін шағып, майын ішкен сала мамандары ұсынған жобалардың ішінен тиімдісі инвестицияланады. Бұл ретте, мемлекет онлайн сауда жүйесін қолға алған ІТ- мамандарына салық жүйесінде жеңілдіктер қарастыруды көздейді.
Канада, Оңтүстік Корея, Малайзия, Сингапур, АҚШ сияқты дамыған елдерде ақпараттық дамыту стратегиясы сәтті іске асқанын аңғару қиын емес. Осы ретте ауыл шаруашылығын цифрландыру аясында бірқатар елдердің компаниялары өз ұсыныстарын білдірген.
Негізінде сандық форматқа толықтай көшірудің әр елде жолы, бағыты әрқалай. Мәселе шетелдіктер ұсынған жоба бағасының қымбаттығында болып отыр. Қазіргі уақытта өз заңдарымызға сәйкестендіріп, Аустралияның қолданысындағы әдістеме бойынша жұмыс істемекпіз. Айта кету керек, бұл ел ет тасымалы бойынша үздіктер қатарында. Ал аустралиялықтар өз кезегінде біздің ел арқылы Қытаймен ет тасымалына кететін логистикалық шығындарды азайтуды көздеп отыр, деді Бауыржан Айымбетов.
Егіншілік шаруашылығы үшін электронды жүйенің берері мол
Ауыл шаруашылығын цифрландыру аясында егіншілік элементтерін енгізу фермерлерге өндірістік тиімділікті айтарлықтай жақсартуға және кешенді түрде ауыл шаруашылығы өндірісінің шығынын кемінде 25 пайызға азайтуға мүмкіндік береді. Негізгі мақсат − өндірушілердің әлеуетін арттыру, бағаны тұрақтандыру, егіс алқаптарын жақсарту. Егіншілік элементі егістіктердің электронды карталарын жасап, ауа райының нақты деректерін анықтап, сенсор мен датчиктер және космониторинг жасауды бірізділендіру үшін қажет.
Егіншілік саласындағы дифференцияланған жүйеде ауа райының ықпалы, агрохимиялық жағдай, ылғалдылық жан-жақты қамтылады. Бүгінгі күнге дейін егін егетін жердің барлығына тыңайтқыш себіледі, жаңа технологиялық жүйе бойынша электронды карта жасалып, оған агрохимиялық, метеомәліметтер тіркеліп трактор арқылы нақты қай жерге тыңайтқыш себу керектігі автоматтандырылады. Бұл жүйеге көшу үшін жаңа техникалар алу қажет болады, деді Бауыржан Сәдуақасұлы. Оның айтуынша, мұндай бағдарламалар шетелдерде өз тиімділігін көрсетіп отыр. Ал бізде жаңа технологиялық бастамаларға ұмтылған шаруаларға субсидия беру арқылы қажетті техникалармен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін нақты қанша қаражат көлемінде техникалық жабдықтар алу керектігі Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан анықталатын болады.
Мемлекет жекелеген шаруалардан белгілі бір мөлшерде астық сатып алу барысында көктемде жерге астықтың толықтай егілгенін, алынатын өнімнің көлемі соған сәйкестігін анықтау мақсатында электронды картаны енгізіп, оған космомониторинг жүктеген. Сол бойынша әр шаруа картада өзі егін еккен жерін белгілеп көрсетеді. Өз кезегінде жер серігі арқылы шаруаның биылғы жылы егін еккен-екпегені, көлемі нақтыланып отырады. Егер шаруашылық шамадан көп өнім алатынын мәлімдесе, жер серігінің NDVI индексі арқылы келген мәлімет оны жоққа шығара алады. Бұл шаруаның астықты өзі екпей, арзан бағаға сатып алғанын және оны көтерме бағаға өткізіп отырғанын анықтайды. Осындай ауырдың асты, жеңілдің үстімен жүріп, пайда табуға қам жасағандарға электронды жүйе шектеу қояды.
Ел Президенті биылғы халыққа Жолдауының бір бағытын «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі» деп бекер атаған жоқ. Елдегі қарасы қалың көпшіліктің басты табыс көзі – ауыл шаруашылығының дамуы ел экономикасының да тұрақтылығын қамтамасыз етеді.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»