Елбасымыз осы Жолдауында «Біз егін егіп, дәнді дақылдарды өсіруді үйрендік. Оны мақтан тұтамыз. Алайда қазір ол жеткіліксіз. Шикізатты қайта өңдеуді қамтамасыз етіп, әлемдік нарықтарға жоғары сапалы дайын өніммен шығуымыз қажет», деп ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер алдына нақты міндеттер қойып отыр. Айта кету керек, бүгінде еліміз астық экспорты бойынша әлемдегі алғашқы он елдің сапында, ал ұн экспорты бойынша алғашқы үштіктеміз. Десек те, ғалымдардың айтуынша, табиғи ауа райы біздің жерімізге сәйкес келетін Канаданың Саскачеван аймағында нөлдік технология қолдану арқылы әр гектардан 2,5-3 тонна астық бастырылуына қол жеткізілуде екен. Ал бізде орташа көрсеткіш бұдан екі еседей төмен.
Рас, соңғы 5 жыл көлемінде ауыл шаруашылығы малының орташа өнімділігі артты, дегенмен дамыған елдер деңгейінен төмен күйінде қалып отыр. Мысалы, біздегі 1 бас мүйізді ірі қара малының орташа тірі салмағы 335 кило болса, экономикасы дамыған елдерде бұл көрсеткіш 520 килоны құрайды. Ал республикамыз бойынша бір сауын сиырдан орташа сүт сауылымы 2200 килодан айналады, жоғарыда айтылған Канадада бұл көрсеткіш 4 есе жоғары.
Мемлекетіміз тарапынан ауыл шаруашылығы саласына көрсетілетін қолдау, көмек жылдан-жылға ұлғаюда. Мұндай ынталандыру шараларымен мал шаруашылығы саласының барлық бағыттары дерлік қамтылған. Десек те, саланың дамуы әлі де төменгі деңгейде. Бұл ешкімге де құпия емес. Не себепті еліміз ауылшаруашылық саласының өркендетілуі тұрғысынан өркениет көшіне ілесе алмауда? Меніңше, оның мына төмендегідей бірқатар себептері бар. Бұл ретте ғылыми-зерттеу институттарының қабырғаларында, тәжірибелік алқаптарында егжей-тегжейлі зерттеулермен бекітіліп, өндіріске ұсынылған ғылыми технологиялар талапқа сай орындалмайды, қажетті техника және агрегаттар жетіспейді, қайта өңдеу кәсіпорындарының қондырғылары моральдық тұрғыда әбден ескірген, өндірілетін өнімдер бәсекелестікке қабілетті емес, жергілікті басшылар мен мамандар тарапынан қолданыстағы бірқатар ауылшаруашылық заңдарының орындалуына бақылау кемшіндеу болып тұр.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, соңғы бес жылда егінге себілген ауылшаруашылық дақылдары тұқымдары құрамының супер элитасы – 0,6, элитасы – 3,4, бірінші репродукциялысы – 20,2, екінші репродукциялысы – 26,9, үшінші репродукциялысы – 30, төртінші репродукциялысы – 9,6, бесінші репродукциялысы – 6,3, жаппай репродукциясы 2,8 пайызды құраған. Тыңайтқыштарға деген жыл сайынғы ғылыми негізделген қажеттілік, әрекет етуші құрамда 1 миллион тонна болса, енгізілген минералды тыңайтқыш орташа 130 мың тонна (соңғы бесжылдықта) құрап, тыңайтылған алаңның үлес салмағы, барлық егіс алаңының 6,9 пайызын ғана қамтып отыр. Сол сияқты органикалық тыңайтқыштарға қажеттілік 100-110 миллион тонна, енгізілгені – 0,6 миллион тонна, үлесі – 0,3 пайыз ғана. Егістікте қолданылатын гербицидтің көлемі сұраныстан 3 есе кем. Шағын шаруа қожалықтары иелігіндегі жерлерде ауыспалы егіс жүйесі сақталмауда. Бұған себеп республикамызда, оның ішінде оңтүстік өңірлерде ұсақ шаруашылықтардың шектен тыс көп тіркелуі айтарлықтай орын алып отыр. Мысалы, жер көлемі Жамбыл облысындағы 18693 шаруашылықтың 173-інде екі мың гектардан жоғары, 328-інде – 2 мың, 3840-ында – 1 мың, 2446-ында – 50-100, 6132-інде – 10-50, 5653-інде – 2-10, 121-інде 1 гектар көлемінде ғана.
Инновациялық технологиялар әрқашанда өсімдік және мал шаруашылықтары салаларының талаптарына сай технологиялық жүйелеуді қажет етеді. Ғылыми-зерттеу институттарының зерттеулеріне қарағанда, елімізге кешенді түрде өнім өндіру, өңдеу және сақтау үшін 1200-ден астам түрлі ауылшаруашылық машиналары мен техникалық құралдар, қондырғылар қажет және олармен қамтамасыз ету өте төменгі деңгейде. Қолда бар техниканың 80 пайызы тозған. Машина-трактор көлігінің жаңаруы жылына 1,5-2 пайыздан аспайды.
Тағы да сол ғылыми-зерттеулерге сүйенсек, әлемдік экономикада ауыл шаруашылығының негізін шағын отбасылық фермалар құрайды екен. Жапонияда олардың саны 1,8 миллионға жетеді, Оңтүстік Кореяда – 1,5 миллион, ал біздің елде небәрі 200 мыңдай ғана, ал миллиондаған гектар жайылымдық жерлеріміздің пайдаланылмай, тектен-текке бос жатқаны баршамызға аян. Яғни ұсақ жекеменшік шаруашылықтар санын бүгінгіге қарағанда әлденеше есеге көбейтудің мүмкіндігі бар. Осыған орай ұсақ және шағын шаруашылықтарды одан әрі дамыту мен оларға жан-жақты қолдау көрсетудің тиімді жолдарын қарастыру қажет-ақ. Салада қордаланған мәселелерге байланысты, әсіресе Ауыл шаруашылығы министрлігі ғалымдарды, мамандарды, сарапшыларды көптеп тарта отырып, ауылшаруашылық өндірісінің көлемін ұлғайту және қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту мақсатында бәсекеге қабілетті өнімді бастапқы қайта өңдеу, сақтау мен өткізу бойынша қолайлы жағдай жасау және инфрақұрылым қалыптастыру арқылы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдаумен мейлінше мол қамтуды қамтамасыз етуге тиіс.
Осы орайда өткен жылы ұсақ және орта шаруашылықтарды ауылшаруашылық кооперациясына тарту, агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік реттеу шараларын жетілдіру, ішкі және сыртқы сауда саясатын оңтайландыру сияқты 8 негізгі бағытты қамтитын еліміздің Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Бағдарлама аясында ауыл шаруашылығы саласында белгіленген мақсаттарға қол жеткізу үшін тиісінше іс-шаралар жоспары әзірленіп, ауқымды жұмыстар нақты іс жүзіне де асырыла бастады. Ауыл шаруашылығы министірлігінің мәліметіне қарағанда, былтыр ауылшаруашылығы жалпы өнімінің көлемі оның алдындағы жылмен салыстырғанда 2,9 пайызға артып, 4,1 триллион теңгені құраған. Оның ішінде өнім өндіру мал шаруашылығында – 3,9, өсімдік шаруашылығында 2,2 пайызға өскен. Былтыр, сондай-ақ 836 кооператив құрылған, оның ішінде 297-і сүт және 405-і ет өндіру бағытында. Бұдан бөлек 119 мың бас ірі қара малға арналған 7422 отбасылық бордақылау алаңы құрылыпты.
«KAZAGRO» ұлттық холдингі» АҚ-тың несие саясаты қайта қаралуы да салаға соны серпін берері анық. Сондай-ақ 2017 жылдың маусымынан бастап кредит және лизинг алу үшін электронды өтініш жүйесі енгізілді. Соның нәтижесінде холдингтің кредиттік өнімдеріне құжаттар пакеті 24 пайызға қысқартылды.
Бағдарламада белгіленген міндеттер аймақтарда, жергілікті жерлерде ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер тарапынан қызу қолдау табуда. Мысалы, Жамбыл облысында 196 ауылшаруашылық кооперативі шаңырақ көтерген. Олардың күш жұмылдыруымен былтыр 2 мың тонна ет, 32 мың тонна сүт өндіріліпті. Шын мәнінде де қуанарлық һәм құптарлық нәтиже емес пе?
Алайда кооперативтерге қатысты қиындықтар да жеткілікті. Оның ішіндегі күрделісі, әрине мамандар тапшылығы. Мүшелікке тартылған шаруа қожалықтары жетекшілерінің көпшілігінің ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізудегі тәжірибелері жеткіліксіздеу, арнаулы білімдері де жоқ. Шаруашылықтар бойынша жерге орналастыру, алқаптарда ауыспалы егіс жүйесі бойынша агрошаралар жүргізілмейді. Техникалар алу үшін көптеген тұрғындар мен шаруа қожалықтары қолында кепілдікке қоятын мүліктер де жоқ. Мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану бірнеше факторлармен ғана шектелген.
Осы тектес, басқа да мәселелер жүйелі жоспарлы жұмыстар жүргізуге қолбайлау болуда. Алайда бағдарлама аясында қабылданған заңдар негізінде оларды тиімді шешудің мүмкіндіктері бар. Ауыл шаруашылық өнімін өндіруші, өңдеуші, қайта өңдеуші, кредиттік-сервистік және ақпараттық-маркетингтік қызмет көрсетуші жеке және заңды тұлғалар аймақтарда, аудандарда және жергілікті жерлерде кооперативтік негізде бірлесіп қызмет істей алады. Кооперацияның басты бағыттарының бірі – еңбек өнімділігін ұлғайту және өндірістік шығындарды төмендету негізінде ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің нарыққа кірігуіне қолдау көрсету.
Сол себепті бірінші кезекте аграрлық сала қызметкерлерінің ой-санасы мен нақты іске көзқарастарын түбегейлі өзгертуге күш салу керек. Себебі, шаруалардың басым дені бірігудің, кооперативтік негізде жұмыс істеудің артықшылықтарын әлі де жете түсінбейді немесе түсінгісі келмейді. Көбінесе, «ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деген қағидатты ұстануда. Елбасымыздың қоғамдық сананы өзгерту жөніндегі алға қойған міндеті бізді осындай немқұрайлылықтан арылуға үндейді емес пе?
Екіншіден, орта және ұсақ шаруашылықтар жетекшілерінің, мамандарының кең көлемде қол жеткізуін қамтамасыз ете отырып, қайта даярлау және біліктілікті арттыру орталықтарында, ҒЗИ және университеттер, колледждер базаларында бүгінгі күннің инновациялық шараларын жүргізу жолдарын оқытып, оның технологияларын қолдану мен озық тәжірибелерді таратып, насихаттауды ауылдық тауар өндірушілердің озық үлгідегі өндіріс орындарында ұйымдастыру керек. Бұл шара кезіндегі компьютерлік сауат ашуда ұйымдастырылған іс-әрекеттер сияқты кең көлемде, жаппай жүргізілуге тиіс.
Үшіншіден, қоғамдық сананы түбегейлі өзгерте отырып, тиісті мамандарды дайындау, ұсақ және шағын шаруашылықтарды әртүрлі кооперативтерге біріктіру жұмыстарын жандандырған жөн. Ауыл шаруашылығы министрлігінің басшылары қолға алып отырған ірі, орта және ұсақ шаруашылықтардың тік және көлденең кооперативтерін дамыту керек-ақ. Алайда кешегі күнгі шаруа қожалықтарының және ауыл тұрғындарының жеке қосалқы шаруашылықтарының, кооперативтердің жұмысын жылы жауып қоюға мүлдем болмайды. Оларға одан әрі де қолдау көрсетіп, дамыту керек. Мысалы, Жамбыл облысының Талас, Сарысу, Мойынқұм секілді шалғай аудандарының тауарлы-сүт фермаларында ертеректе жүздеп, мыңдап сиыр сауылып, өнімі шаруашылық орталықтарына тасымалданып, өткізілетін. Ауыл тұрғындарының да өздеріндегі басы артық сүттерін шаруашылық арқылы өткізу мүмкіндіктері бар болатын. Ал соңғы жылдары тұрғындар қолда бар сауын сиырларын отбасылық қажеттіліктері көлемінде ғана сауып, көбінесе өріске бұзауларымен бірге айдап, жайып, сүт дайындауды мүлде қойып та кеткен еді. Ауылдарда кооперативтер мен сүт қабылдау пункттерін құру қайта қолға алына бастауына байланысты жаппай сүт дайындау мәселесі жүйелі жолға да қойылып келеді. Бұл мақсаттағы жұмыстар одан әрі жемісті жалғасын табуы керек деп ойлаймын. Әлеуетті инвесторлар, ірі шаруашылықтар шалғайдағы ауылдарға барып, ауылшаруашылық кооперативтері құрылуына қозғау салып, уақ шаруалар іріленіп жатса, нұр үстіне нұр! Алайда оған біраз уақыт қажет болады.
Төртіншіден, несиелеу жүйесі басым бағытқа ие болуға тиіс. Қолжетімді несие – ауыл шаруашылығын дамытудың кепілі. Біздегі екінші деңгейлі банктер ауылдық тауар өндірушілерді 15 – 17 – 20 пайыздық үстеме ақысымен несиелендіреді. Талаптары тым ауыр. ҚазАгро-ның жеңілдетілген несиесі әлеуетті талапкерлердің барлығына бірдей жетпейді. Сондықтан бұл мәселе тиімді шешілуі тиіс.
Бесіншіден, әлемдік тәжиірибеде кең қолданысқа ие өндірілген өнімді субсидиялау тетіктерін жетілдіру керек-ақ. Оның ережелерінің жиі өзгертілуі шаруалардың орынды наразылығын туындатуда. Себебі белгілі бір жобаның бизнес-жоспарларында мемлекеттік қолдау тетіктері ескеріледі де, ал жобаны жүзеге асыру барысында мемлекеттік қолдау ережелерден алынып тасталған болып шығады.
Жалпы, ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуды қамтамасыз ету үшін, тұқым, тыңайтқыш, техника және жылыжай субсидияларынан басқа субсидиялардан бас тарта отырып, арзандатылған қолжетімді несие көлемін ұлғайтқан дұрыс деп ойлаймын.
Жер және жер ресурстары ұлттық байлығымыз. Қазақстанның ауыл шаруашылығы алқаптарының жалпы алаңы 177,8 млн гектарды, оның ішінде жайылымдар 146,9 млн гектарды, егістік пен тыңайған жерлер 26,7 млн гектарды, шабындықтар 4,2 млн гектарды құрайды.
Республиканың барлық өңірлерінде жер сапасының нашарлауына, құрамында қарашіріктің, қоректі заттардың, өсімдіктердің түрлік құрамы мен оның өнімділігінің төмендеуіне қатысты тұрақты үрдіс байқалуда, бұл ауылшаруашылық өндірісінің әлеуетін төмендетеді. Сол себепті Сенат қабырғасында қаралып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы арқылы мемлекеттік бағдарлама аясында жер қатынастарына байланысты қордаланған мәселелер өз шешімін табады деген үміт бар. Мысалы, заң жобасының ережелері ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалануға тұрақты мониторинг жүргізуді көздейді. Айталық 5 жыл ішінде жыл сайын, ал кейінгі кезеңдегі әрбір 3 жылда суармалы жерлерде және 5 жыл сайын тәлімді жайылымдарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Бұл шаралар ауылшаруашылық жерлерін тиімді және ұтымды пайдалануды, пайдаланылмаған жерлерді айқындауға және ауыл шаруашылығы айналымына енгізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ жерді пайдаланудағы қоғамдық бақылау рөлін және жерді ұтымды пайдалану үшін жер пайдаланушылардың жауапкершілігінің де деңгейін арттырады.
Сондай-ақ меңің әріптестерім көтеріп жүрген шалғайдағы шекаралас елдермен қатар орналасқан әлеуеті төмен ауылдардың тұрмыс-тіршіліктері көңіл құлазытады. Ал көршілес Ресей, Қытай, Өзбекстан елдерінде шекаралас елді мекендерінің өсіп, көркейіп және ұлғайып бара жатқанын көріп отырмыз. Шекаралас елдердегі сияқты бізде шалғай, шекара бойында орналасқан ауылдық елді мекендердің өсіп өркендеуіне Үкімет кешенді бағдарлама қабылдап, жүзеге асырғаны дұрыс болар еді. Жерімізді сақтап, қорғап және тиімді пайдалануымыз керек.
Абдалы НҰРАЛИЕВ,
Парламент Сенатының депутаты