Әлем • 09 Сәуір, 2018

Сайлау – елдің тұрақтылығы үшін қажет

565 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Жыл басынан бері бірқатар елде – Ресейде, Египетте, Арменияда президенттік сайлау өтті. Енді сәрсенбінің сәті, 11 сәуір күні Әзербайжанда кезектен тыс президенттік сайлау өткелі отыр. Бұл жолғы сайлаудың ең басты ерекшелігі – президент бұрынғыдай бес жыл мерзімге емес, жеті жыл мерзімге сайланады. Өйткені 2016 жылдың күзінде өткізілген ел конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізуге қатысты жалпыхалықтық референдумда әзербайжандықтар сайланатын президенттің өкілеттік мерзімін жеті жылға ұзартуды қолдап, дауыс берді.

Сайлау – елдің тұрақтылығы үшін қажет

Әзербайжан президентінің прези­дент­тік сайлауды осы жылдың 11 сәуіріне тағайындау туралы өкімі 5 ақ­пан күні шыққанынан көпшілік хабардар. Мемлекет басшысының бұл өкімі әзербайжандық қоғамды, әсіресе билікке оппозициялық бағыттағы сая­си партиялар мен белгілі бір сая­си күштерді таңғалдырғаны шындық. Себебі кезекті прези­денттік сайлау биылғы жылдың күзін­де өтуі тиіс еді. Саяси науқанды жарты жылдай бұрын өткізуге қатысты сарапшылар мен саясаткерлер тарапынан түрлі пікірлер айтылды.

Әсілі сайлауларда әртүрлі сыни пікірлердің айтылатыны, саяси күш­тер тарапынан билікке қарсы «нау­қанның» ұйымдастырылатыны әлем­дік тәжірибеде бар. Бұл да – демо­кра­тияның бір көрінісі. Өйткені кез келген сайлау демократиялық және саяси бәсекелестік жағдайда өт­кені жөн... Ал кезектен тыс сай­лау­­ға байланыс­ты туындаған ой-пікір алуандығын Әзербайжан пре­зи­дентінің қоғамдық-саяси мәселелер жө­ніндегі көмекшісі Әли Гасановтың мәлімдемесі сәл бәсеңдеткендей болды.

Оның атап өтуінше, кезектен тыс президенттік сайлау өткізу елде саяси және әлеуметтік-экономикалық реформаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер береді. Сондай-ақ биылғы жылдың екінші жартысында Әзербайжанда жоғары деңгейдегі бірқатар халықаралық іс-шараларды ұйымдастыру жоспарланып отыр. Соның ең бастысы – Әзербайжан демо­кра­тиялық республикасының құрыл­ға­нының 100 жылдығы. Атал­ған ауқым­ды мереке де жиын-терім аяқталатын кез – күз маусымына белгіленген.

Президенттікке кандидаттардың сайлауалды кампаниясы саяси нау­қанды 19 наурызда бастады. Ол елдің сайлау туралы заңнамасына сәйкес 10 сәуір күні сағат 08.00-де аяқталады. Осы мерзім аралығында елдің Орталық сайлау комиссиясы тір­кеген кандидаттар сайлау нау­қа­нын барынша ашық жүргізді деуге болады. Қандайда бір кандидатқа ар­тық­шылық берілген жоқ. Ал кандидаттар қатарында билік партиясы – «Ени Азербайджан» пар­тия­сы ұсынған елдің қазіргі прези­денті Ильхам Әлиев, өзін-өзі ұсыну­шы Захида Оруджа, Социал-демокра­тиялық партиясының өкілі Араз Али­заде, Біртұтас халық майданы партия­сынан Гудрат Гасангулиев, «Ұлт­тық өрлеу қозғалысы» партиясы­нан ұсынылған Фарад Гулиев, «Жаңа Мусават» партиясынан Хафиз Гуд­жиев, Ұлттық майдан топтарының өкілі Рази Нуруллаев бар.

Аты-жөндері аталған осы кан­дидаттардың ішінде сайлаушылардың басым дауысына Ильхам Әлиев ие болатынын әзербайжандық сарапшылар да, шетелдік саясаткерлер де ашық айтып отыр. Сарапшылардың болжамынша, ол сайлаудың бірінші турында-ақ жеңіске жетеді, жергілікті кандидаттардың ешқайсысы И.Әлиев­пен бәсекелесе алмайды. Еуропа­лық әлеу­мет­танушылардың пікіріне қара­ғанда, қазіргі биліктің саясатын ел халқының 83 пайыздан астамы қолдайды. Мұның ең басты се­бебі соңғы жылдары Әзер­байжан­ның кезінде мойындарына түскен эконо­ми­калық дағдарыстан шы­ға бастаға­нында жатыр. Бұған сондай-ақ мұнай бағасының біршама өсе түскені оң ықпал еткенін ешкім жоқ­қа шығар­майды. Рас, Әзербайжан экономикасы мұнай мен табиғи газға тәуелді. Екінші жағынан, әзер­бай­жандықтар «Бритиш петролеум» компа­­ниясымен мұнай сатуға қатысты 2050 жылға дейін жаңа келісім жа­сауға қол жет­кізді. Бұдан екі жақ та ұтыл­майды.

Кейбір сарапшылар президенттік сайлаудан кейін И.Әлиев елде түрлі салалар бойынша реформа жасауға мүм­кіндігі жеткілікті екенін айтады. Бұл көптен бері күн тәртібінде тұр­ған мәселенің бірі болса керек. Реформаларды жүзеге асыруға бағыт­талған жобаларды іске асыруға ше­телдің компаниялары да тартылатын сияқты. Әзербайжандық бауырлар Қазақстан секілді мұнай мен та­биғи газға өте бай ел. Оларды өнді­ріп, экспорттаудан қомақты табыс тау­ып та келеді. Мысалы бұл мемлекет өткен жылдың тоғыз айында 40 миллион тонна мұнай, 29,5 милли­ард текше метр газ өндіріпті. Сон­дай-ақ олар ОПЕК және ОПЕК-ке мүше емес елдер алдында берген міндеттерін мүлтіксіз орындап жүр­ген санаулы елдердің бірі саналады. Сонымен қа­тар бұл мемлекет биылғы жыл­дың соңына дейін аса ірі қоры бар «Шах­дениз» газ конденсаты кенішін иге­руді қолға алмақ.

И.Әлиев туралы айтқанда, мына мә­селеге де тоқтала кеткенді жөн са­на­дық. Жалпы Әлиевтер әулетінің Әзербайжанда билік құрғанына жарты ғасырға жуықтапты. Мысалы қазақ халқының ең жақын досы Гейдар Әлиев 1969-1982 жылдары Әзербайжан КП ОК-нің бірінші хатшысы болды, 1993-2003 жылдары елдің президенті қызметін атқарды. Содан кейін билік оның ұлы Ильхам Әлиевтің қолы­на тиді. Ал И.Әлиев алғаш рет прези­дент­тік лауазымға 2003 жылы, одан кейін 2008 жылы, бұдан соң 2013 жылы қайта сайланды. Сарапшылар ол бұл жо­лы да сайлаушылардың басым дауысын алады деген болжам жасап отыр.

Осыдан төрт-бес күн бұрын Қа­зақ­стан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан тарапынан Әзербайжандағы президенттік сайлауға қанша байқаушы баратынын хабарлады. Олардың жалпы саны – 49 адам. Оның 35-і ТМД бай­қау­шылар миссиясынан, 10-ы ЕҚЫҰ Демо­кратиялық институттар және адам құқығы бюросы құрамында байқаушы ретінде қатысады.

Әзербайжан Орталық сайлау ко­мис­сиясының хабарлауынша, дауыс беретін күні республика бойын­ша 5641 сайлау учаскесі қызмет көр­сетеді. Сондай-ақ 54 мемлекет пен 52 ха­лықаралық ұйымдардан барлығы 603 байқаушы тіркеліп отыр. Тағы бір атап өтетін мәселе, дауыс беретін күн – 11 сәуір, демалыс күні деп жарияланды.

Жыл өткен сайын Қазақстан мен Әзербайжанның саяси, сауда-эконо­микалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастығы артып келеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан басшысы Ильхам Әлиевпен кездесуінде атап өткендей, ынтымақтастықтың ма­ңызды аспектілерінің бірі – транзиттік әлеует. Өйткені Әзербайжан аумағы ар­қы­лы өтетін кавказдық бағыт Қазақ­станның Еуропа елдеріне шығуына мүмкіндік береді. Ал Қазақстан Әзер­байжанның Орталық Азия мен Қы­тайға шығуына жол ашады. Оның үс­тіне бүгінде Бакуде жылына 350 мың тоннаға дейін ауыстырып тиеу қуаты бар және бір мезгілде 15 мың тонна астық сақтай алатын «Баку астық терминалы» бірлескен кәсіпорны жұ­мыс істеуде. Екі елдің бұдан өзге де бір­лескен кәсіпорындары баршылық.

Елдер арасындағы осы және басқа да байланыстардың негізі Қазақстан мен Әзербайжан прези­де­нттерінің әр жылдардағы достық пен сый­ластыққа толы кездесулерінде жатыр.

Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»