«Ұлыстың ұлы күні ұйымдастырылған ашамайға мінгізу рәсімі басталмас бұрын Қазақстан, Жалши, Шілікті ауылдарындағы үйлерді аралап, жетпістен астам отбасына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарияларға наурызкөже тараттық. Осындай тамаша дәстүрді насихаттаған шараға Зайсан қаласынан, Шілікті ауылдық округінен қонақтар көп жиналды. Оюланған құрақ-көрпе жабылған тайға басына үкілі тақия, үстіне ұлттық киім киген 7 жастағы Мирас Заманбек есімді балдырғанды мінгізіп, нағашы атасы Бақытбек ортаға алып шықты. Алдымен баланың қадамы сәтті болсын деген тілекпен үлкендер ақ батасын берді. Одан кейін атасы немересінің қолына тізгінді ұстатып, ақжаулықты аналар ақжарма тілектерін айтып, шашу шашылды. Нағашы атасы жиені мінген тайды жетектеп, арлы-берлі жүріп, жиналған қауымды айналып өтті. Бұдан кейін апасы немересіне сыйлығын тапсырып, жиналғандар көрімдігін беріп, сый-сияпаттарын жасады. Бұл рәсімді өткізудегі мақсатымыз – ең әуелі бүгінде ұмытыла бастаған дәстүрімізді дәріптеу болса, екіншіден, қазір бар болғаны 11 түтіні ғана қалған Кәкенталды ауылы тұрғындарының көңілін көтеріп, бір серпілткіміз келді», дейді осы игі шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған, Шілікті ауылындағы әжелер алқасының төрайымы Қамария Әбусағитова.
Жалпы жылқы малының қазақ үшін орны қашанда бөлек. Атқа мінсең еңсең көтеріледі, аруақтанасың, айбарланасың. Қызыл қасқа тайына қарғып мінген Мирас та ау толтырып ат мініп, ауыз толтырып сөз айтқан бұрынғы бабаларындай барақат сезімді бастан кешті, қуанды, шаттанды, қайраттанды дейді баланың әкесі Арман. Ашамайға мінгізу салтанаты аяқталған соң ауыл тұрғындары арасында арқан тартыс, жаяу жарыс ойындары ұйымдастырылып, «Қара жорға» биінен сайыс өтіп, балалар тай жарыстырды.
Азамат ҚАСЫМ,
«Егемен Қазақстан»
Шығыс Қазақстан облысы,
Зайсан ауданы,
Кәкенталды ауылы