Кеншілер астанасында жаңадан бой көтерген бұл спорт нысанында енді хоккейшілер ала жаздай шайба қуып, мәнерлеп сырғанаушылар мұз үстінде би билеп, былайғы жұрт аяғына коньки байлап, сырғанақ тебетін болды.
Мамандар аталған мұз айдыны балалар мен әуесқой хоккей клубтары үшін хоккей ойынын қолжетімді етіп, өңірде спорттың осы түрінің кеңінен етек жаюына игі әсерін тигізеді деп сеніммен айтып отыр. Бұдан бөлек, спорт нысаны мұзда мәнерлеп сырғанау және шорт-трек сынды спорт түрлерімен де айналысуға мол мүмкіндік береді.
«Досжан» спорт сарайының ашылу салтанатында айдынға балғын мәнерлеп сырғанаушылар шығып, жаңадан құйылған көк мұз үстінде алғашқылардың бірі болып өнер көрсетті.
Спорт сарайындағы мұзды құю, оның үстін тазалау жұмыстарын электр двигателді экологиялық комбайн атқаратын болады.
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ