Жеке адамдар мұны күш біріктіре отырып, өз дауыстарын қоғамға, билікке естіртудің, проблема шешудің ең тиімді жолы деп есептейді. Сондықтан, еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығын кооперативтендіру мәселесіне мықтап кіріскен болатын.
Бұрынғы Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметовтің сала бойынша атқарған ең бір үлкен ісі, міне, осы ауыл шаруашылығындағы кооперативтендіру мәселесін батыл қолға алуы болды. Бұл мәселеге Үкіметтің де үлкен көңіл бөлгендігі сезіледі. Өйткені еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген 8 басым бағыттың ең біріншісі осы ауыл шаруашылығын кооперативтендіру болып табылады. Міне, осыған қарап-ақ еліміз, соның ішінде ауыл халқы үшін бұл істің қаншалықты маңызды екендігін түсінуге болады.
Әрине істі қолға алмас бұрын кооперативтендіру жөніндегі озық тәжірибелер біршама зерттелді. «Ауылшаруашылық кооперативтері туралы» заң қабылданды. Семинарлар ұйымдастырылды. Германиядан елімізге келіп, ауылшаруашылық кооперативтері туралы заңдардың дұрыс әзірленуіне көмек көрсеткен осы елдің сарапшылары кооперативтік қозғалыстың дұрыс қалыптасып, дамуы үшін қажет болатын басты екі қағиданы атап көрсеткен еді. Оның біріншісі – адамдардың кооперативке ерікті түрде бірігуі, екіншісі – бастапқы кезеңде мемлекеттің оларға қолдау көрсетуі.
Кооперативтік қозғалыстың басталуы ауылдағы жұмыссыздық мәселесін мемлекет тарапынан ретке келтіруге септігін тигізгені анық. Бұрын ауылдардағы өздерін өздері жұмыспен қамтыған азаматтар санда болғанымен, санатта жоқ еді. Енді олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелді. Осындай шаралардың нәтижесінде алғашқы уақыттың өзінде еліміздің ауылдарында 8,2 мыңға жуық жеке кәсіпкер және 13 мыңнан астам жұмыс орны пайда болды. Сондай-ақ ауылдарда 56 мыңнан астам үй жанындағы қосалқы шаруашылықтар құрылып жатқан ауылшаруашылық кооперативтеріне тартылды. Бұл кәсіпкерлер мен үй шаруашылықтары былайғы уақытта мемлекеттің қамқорлығы мен қадағалауында болатын болды. Кооперативке біріккендерге жеңілдікпен несиелер беріліп, олардың қолындағы өнімдерді жинау, өткізу жұмыстары ұйымдастырылды. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының құрылымдары арқылы кооператив басшыларын оқыту жұмыстары ұйымдастырылды. Былайша айтқанда, ауыл шаруашылығын кооперативтендіру ісіне едәуір дайындық жұмыстары жүргізілді.
Бірақ міне, осындай жұмыстар жүргізілгендігіне қарамастан елімізде ауыл шаруашылығын кооперативтендіру ісін орнынан тұрып, қаз басып кетті деп айтуға келмейді. Бұл істе көптеген шалағайлықтар жіберілгендігі уақыт өткен сайын айқындалып келеді. Мұны Ауыл шаруашылығы министрлігінің өзі мойындап отыр.
«2017 жылдың қорытындысы бойынша республиканың ауыл шаруашылығының барлық салаларында 1180 ауылшаруашылық кооперативі тіркелді.Тәжірибе көрсеткендей, бүгінгі күні ауылшаруашылық өнімдерін дайындауды тек 528 ауылшаруашылық кооперативі (АШК) ғана жүзеге асырып отыр. Кооперативтердің қалған бөлігі өз қызметін жаңа форматта жүзеге асыра алмады немесе келешегі жоқ саналады» делінген осы мәселе жөніндегі министрліктің қоғаммен байланыс департаменті таратқан ақпараттық хабарламада.
2017 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 25 млрд теңге бөлінген екен. Алайда қажетті жабдықтарды сатып алу үшін 329 ауылшаруашылық кооперативі ғана несиемен қаржыландырылған. Кейбір кооперативтер несие желісі бойынша жабдықтарды сатып алғанымен оны толық көлемде пайдаланбаған. Тіпті алынған жабдықтар мүлдем пайдаланылмай бос тұрған жағдайлар да кездескен. Әрине, мұның өзі ауылшаруашылық кооперативтерін құруға дайындық жұмыстарының жеткілікті дәрежеде болмағандығын көрсетеді.
Мысалы, Ақмола облысында 46 кооператив (11 ет, 35 сүт бағыты) құрылып, 157 жаңа жұмыс орны ашылған. Кооперативтерге несие қаражаты есебінен 23 модульды сүт қабылдау пункті, 1 мал сою стансасы, 10 сүт таситын көлік сатып алынған. Өкінішке қарай өнімді өңдеу бір кооперативте ғана жолға қойылған. Бұл құрылған кооперативтер санының 3 пайызын ғана құрайды. Міне, осындай кемшіліктердің салдарынан аймақтағы шығынды кооперативтердің үлесі 56,5 пайызды құрап отыр. Министрліктің көрсетуі бойынша мұндай кемшіліктер еліміздің басқа өңірлеріне де тән.
Сонымен мұндай кемшіліктердің орын алуына қандай себептер бар? Әрине бұл ретте министрліктегілердің сөзіне сілтеме жасай отырып, көптеген себептерді тізуге болар еді. Бірақ олардың бәріне тоқталып жатқымыз жоқ. Сондықтан өз тұжырымымызды айтайық.
Кемшіліктер негізінен ауыл шаруашылығындағы кооперативтік қозғалысты асығыс, шалағай ұйымдастырудан кетіп отыр. Кооператив құру дегеніміз – қоғамдағы жанды қозғалыс. Бұл жерде бұйрық, нұсқау берумен ештеңе шешілмейді. Ауылдағы ұсақ қожалықтар, үй шаруашылықтарымен жұмыс істейтін болған соң халыққа түсіндіру, насихат жұмыстары кең көлемде және тыңғылықты жүргізілуі керек. Бұл жерде ауылға келген министрліктің, әкімдіктердің өкілдері кезіндегі сауатсыздықты жою үшін ауылға барған алғашқы мұғалімдердің рөлінде болуы тиіс. Бұл, әрине, қиын да күрделі жұмыс. Бірақ алған бағыттан солай екен деп түрлі сылтаулармен бас тартуға болмайды. Өйткені еліміздегі малдың 80 пайызға жуығы сол ұсақ қожалықтар мен үй шаруашылықтарында тұрған жоқ па? Міне, осы үлкен әлеуетті іске қоспай еліміздің ауыл шаруашылығы ешуақытта өз деңгейінде дами алмайды.
Біз ауылдарда кооперативтер құрудың проблемалары туралы жазған былтырғы мақаламызда Ауыл шаруашылығы министрлігінде бұл істі қалпақпен ұрып алу ниеті бар екендігін айтқан едік. Өйткені министрлік былтырғы жылы жоспар бойынша құрылуы тиіс 326 кооперативтің орнына 745 кооператив құрылғандығын мәлімдеген болатын. Бұл фактіге күдік келтірген едік. Ақыры міне, министрліктің соңғы деректері бойынша ол күдігіміз расқа шығып отыр.
Негізінде ауылдардағы үй шаруашылықтарының басын қосу оңай іс емес. Бұған Кеңес Одағының тәжірибесі мысал бола алады. Ауылдарда ұжымдастыру дәуірі басталған сол тұстары ең алдымен қосшы одақтары, содан кейін барып артельдер, ақырында ұжымшарлар құрылған болатын. Ұжымшарлар кеңшарларға айналдырылған кезде Кеңес Одағының өзі құлап тынды. Кеңес Одағы қолында барлық әкімшілік-әміршілік ресурстар бола тұра, ауыл адамдарын ұжымдастырып, ірі шаруашылықтар құруға өзінің қаншама жылдарын жұмсады.
Демек ауыл шаруашылығында қазіргі жүріп жатқан кооперативтендіруді, бір есептен алғанда, қайта ұжымдастыру кезеңі деп түсінгеніміз жөн. Бірақ бұл ұжымдастырудың бұрынғы ұжымдастырудан мәні бөлек. Қазіргі ұжымдастыру дегеніміз ауыл адамдарының меншікке деген құқын толық сақтай отырып, оларды ерікті түрде біріктіру. Малды, құралды біріктіру емес, өткізетін өнімдерін біріктіру. Қазіргі кооперативтендірудің алғашқы кезеңіне осы үдеріс сәйкес келеді.
Сондықтан да бұл істе байыптылық, нақтылық және жылдан-жылға жеңістерге, жетістіктерге бастайтын жүйелілік пен табандылық керек. Осы үшін мемлекеттің кооперативке бірігушілерді қолдау шараларын да уақыт өткен сайын жетілдіре берген жөн бе деп ойлаймыз.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»