Институт мамандары экологиялық таза өнім алуға бағытталған қорғау шараларының біріктірілген кешенді жүйесін жасау бойынша зерттеу жүргізіп, өндіріске қайтарымы бар ғылыми нәтижелерді енгізуге ерекше көңіл бөлуде. Осылайша диқандарға жоспарлы түрде өнім алуға ғылыми-негіздемелік, инновациялық технологиялар ұсынады, ірі шаруа қожалықтарына, кооперативтерге және агрохолдингтерге ғылыми қолдау көрсетеді. Мысалы, ғылыми нәтижелер «Байсерке-Агро» агрохолдингінің 5 мың га егістігіне енгізілді. Кішігірім шаруа қожалықтары үшін технологиялық карта мен жұмыстың күнтізбелік жоспарын даярлап береміз. Осы іс-шараларды орындаған шаруа қожалықтары алма бақтарынан бөлек, қытайбұршақ, жүгері, арпа және басқа да дақылдардан тұрақты және жоғары өнім алуда. Қазір өсімдік қорғаудың стратегиясы мен тактикасы өзгерді. Өсімдік пен егіншілікте ауыл шаруашылығы ғылымының барлық саласы мен өсімдік қорғаудың инновациялық әдістерін біріктіретін жаңа тәсілдер дайындалды. Зиянды организмдермен күресу және экологиялық таза өнім алу үшін агротехникалық шаралар кешенінің орны ерекше. Бұл топырақтағы инфекция қоры мен зиянкестерді азайтуға, төзімділігі мен тұрақтылығын арттыруға, өсу үдерістерін жақсартуға, агробиоценоздағы улы химикаттың әсерін төмендетеді. Осыған байланысты топырақтағы қоректік элементтердің мөлшеріне, құнарлылығы мен құрылымына қатты көңіл бөлеміз. Қазір осы бағытта кешенді жұмыстар жүргізілуде. Оны төмендегідей блоктарға бөлуге болады.
Фитосанитарлық сараптама – тұқымды, отырғызу материалдарын (екпе) және өсіп тұрған өсімдіктерді фитосараптамалауды қамтиды. Классикалық 9-12 танапты ауыспалы егістіктің болмауы салдарынан танаптардың фитосанитарлық жағдайының нашарлауы ешкімге құпия емес. Қолданылатын препаратты таңдау фитосанитарлық талдаусыз қиындық тудырады. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде фермерлерге кез келген дақылды қорғау шарасы бойынша ұсыныс беріледі.
Тұқымдармен жұмыс – геномдық деңгейде өңдеуге дейінгі тұқымдардың фитосараптамасына, дәрілеу сапасына талдау жүргіземіз. Өкініштісі, бүгінде ел бойынша егістікте ауру инфекцияларымен залалданған тұқым отырғызылуда. Оның 70 пайызы тұқымдық материал арқылы беріледі. Тұқымдардың патогендік кешенінің құрамы саңырауқұлақтардың, бактериялар мен вирустардың ондаған түрінен тұрады. Осы патогендік және сапрофитті микрофлора кешені тұқымның энзимді және микозды сарқылуына алып келеді. Бұл өсімдіктің өсуіне кері әсерін тигізеді. Тамыр жүйесінің ризосферасында жинақталатындықтан шіруге алып келеді. Фузариоз, бактериоз сияқты түрлі аурулар тамыр жүйесіне еніп, трахеомикоз сияқты ауруларды қоздырады. Одан бөлек өсімдіктің физиологиялық үдерістеріне теріс әсер ететін микотоксиндерді бөледі. Бұл саңырауқұлақтан бөлінетін «у» деген мағына береді. Фермерлердің тұқымды себу алдындағы өңдеу жұмыстарын сапасыз жүргізуі, дәрілеуіштерді дұрыс таңдамауы тұқымдық инфекцияның өну кезінде жаппай көбеюіне алып келіп, өсімдікке үлкен қауіп туғызады. Нәтижесінде егістіктен толыққанды өнім ала алмайды. Яғни дәрілеуші препаратты дұрыс таңдауда тұқым микрофлорасының түрлік құрамын анықтау арқылы алдын ала жасалған фитосараптама нәтижелеріне жүгіну қажет.
Әртүрлі ауылшаруашылық дақылдарының тұқымдарын сауықтыру үшін алдын ала қорғаушы-ынталандырушы құрамдар дайындаймыз. Тұқымдардың фитосараптамасы негізінде дәрілеуші препараттар таңдап, оның өніп шығу энергиясын және өңдеуге дейінгі және кейінгі зертханалық өнгіштігін тексереміз. Дәрілеуіш препараттардан бөлек, әр дақыл үшін жеке өсу реттегіштерін таңдаймыз. Бұл тұқымдық инфекцияны тежеуден бөлек, себу сапасын, өскіннің, тамыр жүйесінің өсу қарқындылығын арттырады. Біз дайындаған қорғаушы-ынталандырушы жүйе технологиялары өндірістік жағдайда қытайбұршақта, жүгеріде, үрмебұршақта, көкөніс-бақша дақылдарында сынақтан өтіп, оң нәтижелер көрсетті. Осы технологиялар Солтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақтөбе, Алматы және басқа да облыстардың шаруа қожалықтарына енгізілуде. Бұл блокқа тұқымдық материалдар мен топырақтағы арамшөп тұқымдарының қоспаларын зерттейтін гербологиялық сараптама да кіреді. Соңғы кездерде фермерлер үшін маңызды мәселелердің бірі – танаптарды жойылуы қиын атпатамырлы арамшөптердің басуы. Сонымен бірге карантиндік арамшөп – жатаған укекіренің жаппай таралуы. Еліміздің 39 тұқым өсіретін шаруашылық жерлерінен табылғаны расталғандықтан, оның республика бойынша таралуы апатты жағдайда.
Агрохимиялық блок – топырақ пен өсімдік құрамындағы макро және микроэлементтердің мөлшерін анықтайды. Мұнда ноухау ретінде флуриметр – өсімдіктің қоректену сапасын лезде және нақты зерттейтін құрал (NPK) пайдаланылады. Оның көмегімен егісте, бақта және жылыжайда өсімдіктегі хлорофилл мөлшерін өлшейді. Бұл макро және микроэлементтердің 11 түрінің мөлшерін анықтауға мүмкіндік береді. Агрохимиялық блокқа өсімдіктердің ұлпалық диагностикасы да жатады. Мұнымен далалық жағдайда негізгі тыңайтқыштар мен үстеме қоректендіру түрінде берілген заттарды өсімдік қаншалықты сіңіргендігін, дақылдың өсу фазалары бойынша қоректік заттарды тұтыну динамикасын анықтауға болады. Көптеген фермерлер талдаудың осы түріне көңіл бөле бастады. Келесі блок – топырақ. Қазір республика бойынша топырақ деградацияға ұшырауда. Бұл тек химиялық сипаттағы мәселе емес, физикалық факторлармен де байланысты. Кеңестік заманда көп танапты ауыспалы егістіктер құрамындағы көпжылдық шөптердің арқасында топырақтың құрылымы сақталды және жақсарды. Қазір фермерлер минималды және «нөлдік» топырақ өңдеу технологияларын қолдануда. Кейбір жағдайларда жерді жырту – өте маңызды әдіс. 5-7 жылда 1 рет терең қопсыту жұмыстарын жүргізу, топырақтың тығыздалуын жойып, топырақ горизонттары арасындағы байланысты реттеу оттегі, ылғал және қоректік элементтердің топырақтың терең қабаттарына сіңуіне ықпал етеді.
Қазір институт ауылшаруашылық өнімдерінің барлық түрі бойынша еуропалық аккредиттациялаудан өтті. Фитосанитарлық зертханалық талдаудың сынақ орталығы, заманауи салалық зертханалар (молекулалық-генетикалық талдау зертханасы, энтомология, фитопатология, гербология, токсикология зертханасы) кешені құрылды. Талдауларымыз фермерлердің өндірістік мәселелері бойынша келіспеушіліктерін шешуге көмектеседі. Мысалы, екі шаруа қожалығы бір жеткізушіден өңделген жүгері тұқымын сатып алды. Тексеру барысында сатып алынған тұқымдардың тұқымдық сапасы және инфекциямен залалдануы – мәлім параметрлерге сәйкес келмейді, яғни өңдеу сапасы төмен. Нәтижесінде бір шаруашылық тұқымдарды қайта дәріледі, екінші шаруашылық жеткізушіге шағым жасап, сатып алынған тұқымдарды қайтарды. Қайта қайтарылған қаражатқа, басқа сапалы тұқымдар сатып алынды және бұл тұқымдардың өнгіштігі 96%-ды құрады. Мұндай жағдай Франциядан сатып алған өңделген қант қызылшасының тұқымдарын фитосараптамадан өткізгенде тұқым сапасының нашарлығы анықтады. Өңдеуден кейін сақталған барлық микрофлора кешені тұқымдардың шіруі мен саңырауқұлақ басуына алып келеді. Мұндай жағдайда 30%-ға дейін өнімді жоғалтып алу қаупі бар.
Біздің зерттеулер мен ғылыми кеңестеріміз күнен-күнге ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің арасында сұранысқа ие болып келеді. Институт барлық өңірлердің әкімдіктерімен тығыз байланыста жұмыс істеуде. Ірі шаруашылықтар мен агрохолдингтер фитосанитарлық талдау жүргізуге тұқымдық және отырғызу (екпе) материалдарын жібереді. Біз талдау нәтижелеріне қарап, болашақта жоспарлы өнім алу үшін нақты ұсыныстар береміз.
Абай САҒИТОВ,
ҰҒА академигі, Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми-зерттеу институтының бас директоры
АЛМАТЫ