Қазақстан • 10 Сәуір, 2018

Конституциялық кеңесте ана мен балаға қатысты ұсыныс қаралды

469 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысының «Біз қазақ тілінің мәртебесін көтеру жұмыстарын жалғастыруымыз керек. Парламент пен Үкімет қазақ тілінде жұмыс істеуі тиіс» деген сөзінің нәтижесі бүгінгі күні айқын көрініс тауып отыр. Соның бір дәлелі – елордада өткен Конституциялық кеңестің отырысы алғаш рет мемлекеттік тілде жүргізілді.

Конституциялық кеңесте ана мен балаға қатысты ұсыныс қаралды

Конституциялық Кеңес төр­ағасы Қайрат Мәмидің төрағалы­ғымен өткен отырыс­та Қара­ған­­ды облысының кәмелет­ке тол­мағандардың істері жөнін­­дегі мамандандырылған аудан­ара­лық сотының «Неке (ерлі-за­йып­тылық) және отбасы туралы» Ко­дексі 47-бабының 5-тармағын конс­титуциялық емес деп тану тура­лы ұсыныс қаралды. Соттың іс жүр­гізуіндегі жаңа туған сәбиді күтіп-бағуға алимент және оның анасын күтіп-бағуға ақшалай қаражат өндіріп алу туралы азаматтық іс өтініш беруге себеп болған. Осы ұсыныста аналықты және балалықты әлеуметтік қор­ғау мәселелері қозғалған.

Соттың пікірі бойынша Ко­­дек­стің аталған нормасы Кон­с­­­титуцияның ана мен бала мем­­лекеттің қорғауында болады деген 27-бабының талап­тары­мен сәй­кеспейді. Осыған байла­ныс­­ты отырыс­та Парламент депу­­тат­­тары, Үкімет­тің, Бас прокура­тураның, Әділет, Білім және ғылым, Еңбек және халық­ты әлеуметтік қорғау министр­ліктерінің өкілдері және басқа да адам құқықтарын қорғау ұйым­дарының өкілдері өз пікірлерін білдірді. Сонымен қатар Конс­ти­туциялық Кеңес сарапшылар пікіріне талдау жасады. Ал Ата Заңымыздың айшықтығын ар­дақтайтын Конституциялық Кеңес отырысына алғаш рет ЖОО заң факультетінің студенттері де қатысты. Болашақ заңгерлер үшін мұндай жоғары деңгейдегі отырыста мемлекеттік органдардың талқылаған мәселелері бойынша білікті мамандар пікірлерін тыңдау заң білімін нақты тәжі­рибе ісімен ұштастыра түсетіні айқын.

Жан-жақты талдаулардан кейін Конституциялық Кеңес төрағасы айтылған өтініштің нысанын зерделей отырып, отандық заңнамалар мен жекелеген шетелдердің де практикасы талданатынын жеткізді. Осылайша, бұған нақты шешім дайындау үшін Конституциялық Кеңестің қорытынды шешімі қосымша хабарланатын болды.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»