Елбасының спортшылар қауымына деген көзқарасы мен ілтипаты ерекше екенін жалпақ жұрт жақсы біледі. Әсіресе Олимпия ойындары барысында сол қамқорлық анық сезіледі. Жеңіс тұғырына көтерілген саңлақтарға мемлекет тарапынан мол көлемде сыйақы беріледі. Олар түрлі орден және медальдармен марапатталады. Ұлы дүрмекте жеңімпаздар және жүлдегерлер атанған саңлақтарға кезектен тыс пәтер кілті табыс етіліп, олар темір тұлпарды тізгіндейді.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың басын қосатын Паралимпиада ойындарында атой салған спортшыларға да мемлекет тарапынан көрсетілетін қамқорлық айрықша. Мәселен, 2016 жылы Риода алтыннан алқа таққан жүзуші Зүлфия Габидуллинаға – Таразда және сол жарыста күміс алған пауэрлифтинг шебері Раушан Қойшыбаеваға – Талдықорғанда пәтер берілді. Ал күні кеше ғана Пхенчханда топ жарған шаңғышы Александр Колядин Қостанайда баспаналы болды. Әрине бұл қуантарлық жайт!
Алайда Олимпиада немесе әлем чемпионатында жеңіс тұғырына көтерілу бақыты бәріне бірдей бұйыра бермейді. Арамызда жоғарыда аталған жарыстардан бөлек, басқа да дүбірлі додаларда ел намысын абыройлы қорғап жүрген спортшылар жетерлік. Оның ішінде Олимпиада бағдарламасына енбеген спорт түрлері бар. Жалындап өсіп келе жатқан жас өрендердің де қатары мол. Осы салада еңбек етіп, жарғақ құлақтары жастыққа тимей жүрген бапкерлер тағы бар. Жасыратыны жоқ, олардың басым бөлігінің жалақылары мардымсыз. Біразы пәтер жалдап тұрса, тағы біразы туған-туыстарының үйлерін паналауда. Бір сөзбен айтсақ, спортшылар қауымы арасында да әлеуметтік жағдайы төмен жандар жиі кездеседі.
Сол себепті де Елбасының «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» атты бастамасын спортшылар қауымы жылы қабылдады. Әсіресе айрықша зор әлеуметтік маңызы бар бұл бастама үйсіз-күйсіз жүргендердің көңілінен шықты. Енді олар «7 – 20 – 25» бағдарламасы бойынша қолжетімді пәтер алуды көздеуде.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»