Осы ретте Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың биылғы 24 наурыздағы Біріккен Араб Әмірліктеріне ресми сапары екіжақты ынтымақтастықтың жаңа кезеңін ашты.
Ресми сапардың басты іс-шарасы Мемлекет басшысының Әбу-Даби тақ мұрагері, БАӘ Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен жылы шырайлы өткен жоғары деңгейдегі келіссөздері болып табылды. Мемлекет басшысы екіжақты ынтымақтастықтың іргетасын нығайтып және мемлекетаралық қатынастарды одан әрі жоғары деңгейге шығаратын саяси, сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы қол жеткізген келісімдерді жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
БАӘ Қазақстанның Таяу Шығыстағы жетекші сыртқы сауда инвестициялық әріптестерінің бірі болып қалуда. Өткен жылы екіжақты тауар айналымы 71,9% өсіп, 643,1 млн АҚШ долларын құрады. Осылайша, 2018 жылдың қаңтарында Қазақстан мен БАӘ арасындағы тауар айналымы 57,7 млн долларды құрап, 2017 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 70,4%-ға (33,9 млн АҚШ доллары) артқан. Бұл көрсеткіштер біздің энергетика, жоғары технологиялар мен инновациялар, агроиндустрия, тамақ өнеркәсібі сияқты салалардағы өзара әрекеттестігіміздің зор әлеуетке ие екендігін растайды.
Шын мәнінде, екі ел басшыларының қатысуы барысында Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы үкіметаралық келісімге қол қойылуы тарихи қадам болды, бұл экономикалық ынтымақтастықты тереңдету үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Қол қойылған құжат Қазақстан мен Әмірліктердің инвесторларына ұзақ мерзімді тұрақтылық пен құқықтық ортаның болжамдылығын қамтамасыз етеді, екі ел арасындағы инвестициялық және сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға ықпал етеді.
Осы келісімді іс жүзінде жүзеге асырудың логикалық жалғасына Қазақстандағы мұнай-газ, химия өнеркәсібіндегі ынтымақтастық жөніндегі бірнеше жылдарға арналған жобаларды жатқызуға болады.
Атап айтқанда, Қазақстанның Энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына ҰӘҚ» («Біріккен химиялық компания» ЖШС) және аустриялық «Borealis AG» компаниясы Атырау облысында полиэтилен өндіретін интеграцияланған газ-химия кешенін құрудың негізгі шарттары туралы меморандумға және Атырау облысындағы полипропилен зауытын іске асыру жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Осы өндірістерді құру Қазақстанға перспективалы әлемдік нарықтардың біріне кіруге мүмкіндік береді, өйткені полипропилен мен полиэтилен әлемдік қажеттіліктің 60%-ын құрайтын ең танымал полимерлер болып табылады.
Полиэтилен өндірісі бойынша ынтымақтастықтың негізгі шарттары туралы меморандум мемлекеттік қолдау шаралары пакетін және жобаны жобалау сатысына көшіруді (бірлескен кәсіпорын құру және техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеу) бекітеді. Бұдан басқа, бұл құжат кейінгі үкіметаралық инвестициялық келісімді әзірлеу үшін негіз болады. Инвестиция көлемі 6,5 млрд АҚШ долларына бағалануда. Бұл жоба Қазақстан аумағында жылына 1250 мың тонна полиэтилен өндіруді ұйымдастыруға мүмкіндік береді, ол ішкі сұранысты толығымен жабады және тұрақты экспорттық түсімді қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ жоба шеңберінде құрылыс кезеңіне 6 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарлануда, пайдалану кезеңінде 560 тұрақты жұмыс орындары және мультипликативті әсерге байланысты аралас салалар үшін 3 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, соның нәтижесінде бюджетке жыл сайынғы аударымдар ЖТС, әлеуметтік салық және зейнетақы аударымдары түрінде түседі. Жобаны іске асыру арқылы озық шетелдік технологиялардың трансферті өтеді, ал өндірілетін өнім полимерлік өнімнің 50-ден астам түрлері үшін одан әрі қайта бөлудің шикізатына айналады (жергілікті полимерлі технология өнімдерін дамытуға жәрдемдесу). Кешеннің Қазақстан Республикасының ІЖӨ-ге үлесі – жылына орта есеппен 1,2%-ға бағаланады.
Полипропилен зауытын жүзеге асыру туралы меморандумға сәйкес, «Borealis AG» техникалық-экономикалық негіздемені және құқықтық сараптаманы жүргізеді. Осы құжатқа қол қою жобаға ұқсас кешендерді салуда, ғылыми-зерттеу орталықтарын (RND) құруда, сондай-ақ өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруда үлкен тәжірибесі бар стратегиялық серіктестікті тартуға мүмкіндік ашады. Бұл жобаның құны – 2,6 млрд АҚШ долларын, зауыттың қуаттылығы жылына 500 мың тонна полипропиленді құрайды. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2021 жыл.
«Borealis AG» полиэтилен өндіруші әлемнің ең ірі компаниялар төрттігіне кіре отырып, едәуір жоғары технологиялы және маржалық тиімділік тұрғысынан аса өнімді екенін атап өту керек. Осы ретте, компанияның 64% акцияларының бақылау пакеті Әмірліктердің «Mubadala» мемлекеттік инвестициялық компаниясына және 36%-ы аустриялық «OMV» компаниясына тиесілі.
Қазақстанда мұнай-газ-химия саласын дамытуға арнайы жағдайлар жасалған. Атап айтқанда, мемлекет жалпызауыттық инфрақұрылымның құрылысын қаржыландырады, жобаларды кепілдендірілген шикізатпен қамтамасыз етеді, салықтық және кедендік алымдардан босату қолданылады. Мемлекет екі жобаның жалпы құны 9,1 млрд АҚШ долларын құрайтын инвестицияларын қорғауға кепілдік береді.
Қазақстан мен БАӘ арасында өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективалы жолдарының бірі еліміздің транзиттік әлеуеті мен еркін экономикалық аймақтарын дамыту болып табылады. Мемлекет басшысы 2020 жылға дейін транзиттен түсетін кірісті 5 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу міндетін қойғаны мәлім. Бұл өз кезегінде, тауарлардың транзиттелуіне және кедендік операцияларды жетілдіруге мейлінше қолайлы жағдайлар қалыптастыру үшін ең соңғы үлгідегі технологиялар мен халықаралық озық тәжірибені қолдануды көздейді.
Ірі тұтыну нарықтарына ие елдермен көршілес болу отандық көліктік жүйенің даму келешегін кемелдендіреді. Қазақстан Азиядан Еуропаға қатынайтын транзиттік жол торабында бірегей орынға ие. Жаһандық экономикалық кеңістікте транзиттік қызмет ел экономикасын дамытудағы бағалы ресурс болып табылады. Бұл ретте, Қазақстанды тартымды транзиттік мемлекетке айналдыру идеясы қазақстандық өнімді халықаралық өндіріс пен тұтыну жүйесіне интеграциялау мақсатында арнайы экономикалық аймақтарды дамытуды талап етеді.
Қазіргі таңда БАӘ әлемнің ең ірі 9 портының бірі орналасқан өңірлік бизнес хаб болып табылады. Дубай теңіз портының бірегейлігі сол, оның аумағында Дубай әмірлігінің ішкі жалпы өнімінің 25%-ын және 50% экспортын, сондай-ақ БАӘ-ге келетін тікелей инвестициялардың 20%-ын қалыптастыратын «Жебел Әли» арнайы экономикалық аймағының болуында. Аталған арнайы экономикалық аймақта 132 мемлекеттен келген 7 мыңнан астам шетелдік компаниямен бірге әлемнің ең ірі 14 логистикалық компаниясы орналасқанын атап өту қажет.
Осы орайда, еліміз үшін Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар мен өткізу бекеттерін, атап айтқанда, «Қорғас – Шығыс қақпасын» және «Ақтау теңіз портын» жетілдіру әрі жаңғырту бойынша Әмірліктердің тәжірибесі маңызды. Порттарда еркін экономикалық аймақтар режімінің болуы Қазақстан аумағынан тауарларды тасымалдау шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік туғызып, басқа бағыттарға қарағанда айтарлықтай басымдық береді.
Қазіргі таңда аталған салаға серпін беру үшін қажетті барлық жағдайлар жасалған. «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА «Ақтау теңіз портына» тікелей қатынау мүмкіндігі бар келешегі зор көліктік хабқа және әлемдік деңгейдегі үйлестіру орталығына айналып келе жатыр. Осы ретте, елде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыру жөніндегі Мемлекет басшысы қойған міндеттерге қол жеткізу жолында отандық және шетелдік инвестицияларды шоғырландыру мақсатында арнайы экономикалық аймақтардың бәсекеге қабілеттілігі мен тартымдылығын көтеру қажет.
Әмірліктердің «Жебел Әли» еркін экономикалық аймағымен ынтымақтастықты кеңейту мәселесі Мемлекет басшысы сапарының күн тәртібіндегі басты тақырып болды. Нәтижесінде, «Ақтау теңіз порты» мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақтардың, сондай-ақ еліміздің көлік-тасымалдау әлеуетін дамыту мақсатында «DP World» компаниясының «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймақ акционерлік қоғамының капиталына кірудің негізгі қағидаттары туралы және «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы акционерлік қоғамының 49% акцияларын сатып алу бойынша шектелмелі келісімдерге қол қойылды.
Терминалдардың, еркін аймақтар мен порттардың әлемдік операторы «Жебел Әли» ЕЭА-ны озық басқару тәжірибесін пайдаланады және 2020 жылға дейін қазақстандық әріптестерімен Қазақстанға шамамен 1 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тартуды қамтамасыз етеді.
Ірі порт операторымен ынтымақтастық орнату Қазақстанға Ақтау мен Қорғастағы арнайы экономикалық аймақтардың жұмыстарын жандандыруға мүмкіндік туғызады және еліміздің инвестициялық әлеуетінің өсуіне серпін береді.
2020 жылы Дубайда әлем деңгейіндегі маңызды шара өтеді, ол – Дүниежүзілік ЭКСПО-2020 көрмесі. Көрменің басталуына екі жыл бұрын оған 150 мемлекет ресми қатысуын растағанын, сондай-ақ 38 мемлекет қатысу туралы келісімшартқа қол қойғанын назарға ала отырып, аталған көрме сәтті өткізілді деп болжауға болады. Қазақстан аталған шараға қатысу мәселесіне зор мән береді және оның Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің негізгі тәсілдемесін сәтті біріктіретін «Болашақ үшін сана-сезімді біріктіру» атты тақырыбын қолдайды.
БАӘ қазақстандық саяхатшылар үшін демалатын танымал ел болып саналады. Әрине, 2018 жылғы 10 наурыздан бастап қазақстандықтардың Әмірліктерге визасыз кіру тәртібі алдағы уақытта туризм айналымы мен іскерлік байланыстардың кеңеюіне жол ашады және ЭКСПО-2020 көрмесіне қатысуға серпін береді.
Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі мен «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының келіссөздер тобының жемісті жұмыстардың нәтижесі ретінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың сапары барысында Қазақстанның ЭКСПО-2020 дүниежүзілік көрмесіне қатысуы туралы келісімшартқа қол қойылды. Соның арқасында Әмірліктер тарапы қазақстандық павильонды құру үшін БАӘ, Монако, Швейцария және Люксембург павильондарының жанында орналасқан жалпы көлемі 3420 шаршы метр құрайтын ең ауқымды жер телімін берді.
Жалпы, Қазақстан Президентінің БАӘ-ге жасаған ресми сапарының нәтижелері екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқын алғанын көрсетті және нақты салаларда экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге арналған жаңа кезеңге жол ашты.
Әріптестік қарым-қатынастардың өте зор және ауқымды әлеуеті біздің халықтарымыздың мүдделеріне сәйкес жасалып, елдеріміз арасындағы өзара түсіністікті тереңдетуге жайлы жағдай туындатады. Болашақтағы екіжақты ынтымақтастықтың сәтті жолын тараптардың тек қана саяси еркі, экономикалық мақсаттардың сәйкестігі және бірлескен басымдықтарды құрайды.
Қайрат Лама ШӘРІП,
Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Төтенше және өкілетті елшісі