Рухани жаңғыру – өскелең ұрпақтың дара жолы, адам баласының ішкі әлемінің жаңаруы, сана-сезімі, жаңа өзгерісті қабылдай білуі. Ой жаңарса, дәстүр жанданады. Дәстүр жанданса, рух күшейеді. Рух күшейсе, ұлт көркейеді. Қазақты сан ғасырлық аңсаған арманы мен жарқын күнді көрсем деген мақсат-үміті бүгінгі ғажап күнге жеткізді. Ғұмырлық қызметін қазақ халқының тәуелсіз ел, өркендеген ұлт болуына арнап, сол жолда құрбан болған бабалардың қайсар үні бүгінгі жастарымыздың бойына ата-ана тәрбиесімен сіңді.
Үкіметтің 2017 жылғы 17 қарашадағы қаулысымен университет мәртебесіне ие болған 80 жылдық тарихы бар Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында облыстағы жоғары оқу орындары бойынша алғаш рет «Рухани жаңғыру» орталығы құрылды. Орталық студенттік ректоратпен, студенттердің өзін-өзі басқару ұйымымен, «Елбасы серіктестері» еріктілерімен, белсенді студенттермен бірлесе көптеген іс-шараларды ұйымдастырды. Әдептілік әліппесі – дұрыс сәлемдесуден бастап, ХХІ ғасыр педагогына қойылар талап-тілектер үдесінен шығуға талпынған жастарға «Рухани жаңғыру» үлкен серпіліс сыйлаған бағдарлама болды.
Рухани жаңғыру – адам сана сезімі мен сенімінің, білімі мен өмір сүру дағдысының жаңаруы. Ал, жастардың рухани байлығы – олардың білімділігі, ана тілімен қатар орыс, ағылшын тілдерін жетік білуі, жоғары мәдени дүниетанымдық ой-өріс деңгейі. Елбасы: «Табысты болудың ең iргелi, басты факторы бiлiм» дегенде әлемдік өркениет тағдыры да, дамуы да ең алдымен адами дамуға, ал адами даму тікелей білімге тәуелді екенін айтса керек. Ал білімді беретін орта – мектеп, оны жеткізуші – мұғалім. Ұстаз – адам өмірінің келешектегі тұтас тағдырына тікелей ықпал етуші тұлға. Себебі ол болашақтың тұтқасы болар жас ұрпақты тәрбиелейтін және жан-жақты білім беру ісіндегі қоғамның халық сенген өкілі. Біздің университет болашақ ұстаздарды даярлайтын киелі мекен. Табысты, алдыңғы қатарлы ел болу үшін өзгерістерге тез бейімделіп, ғылым-білімді жедел меңгеру қажет. Біз де осы жолда аянбай еңбек етіп келеміз.
Бізді ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтап, сананы жаңғырту жолында білімге ұмтылған жастарымыздың Отанға, елге, ұлтқа деген сүйіспеншілігі сүйсінтеді. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайтынын жүрегімен түсінетін олар кемінде үш тілде еркін сөйлейді. Өз жері мен оның байлығының иесі болу үшін жаңа технологияларды меңгеріп, жаңаша өмір сүруге үйренудің жолдарын білуге тиіс екендіктерін түсінеді. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің химия, биология, информатика мамандықтарының студенттері таза ағылшын тілінде оқиды. Ал басқа мамандық студенттері қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде білім алады. Шетелдің жоғары оқу орындарымен жасалған келісімшарт негізінде оқытушылар тілдік тағылымдамадан өтіп, студенттер бір академиялық семестрге оқуға жіберіледі. Бұл – Елбасы ұсынған бәсекеге қабілеттілікті дамытудың бір үлгісі.
Жаңғыру – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, құрметтеу. Ол үшін көзге көрінбес детальдің өзі үлкен рөлге ие. Бір ғана мысал, университеттің бұрынғы дәстүрлі қоңырауын бүгінде қазақтың қоңыр үнді домбырасынан төгілген күй алмастырған. Бұл – шәкірт санасына ұлттық өнердің сіңірілуіне аз болса да өз үлесін қосуда.
Ұлттық сана – ұрпақтан ұрпаққа тарихтың білімі, тұлғалар тағылымы, төл тәрбие арқылы беріліп отырады. Ұлттық сананың, ұлт руханиятының өзегі – оның туған тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы. Рухани жаңғыруға серпін беретін көшелі ғылым – тарих ғылымы. Осы мақсатта университетте «Ұлы дала елі – өркениеттер тоғысында»атауымен көрме орталығы ашылған. Онда Оңтүстіктің темір дәуірінен орта ғасырларға дейінгі заттай тарихы жинақталған. Ордабасы ауданындағы әйгілі Күлтөбе қалашығын зерттеу барысында біздің археологтар Қаңлы қағанатына тиесілі үш қорым тапты. I-ІІ ғасырларға жататын көне қабірден адам сүйектерінен басқа әшекей бұйымдар мен қару-жарақтар шықты. Сондай-ақ біздің университет археологтары тарихқа Арыс мәдениеті деген терминді енгізді. Бұл – біздің заманымызға дейінгі ІV ғасыр мен біздің заманымыздағы ІV ғасыр арасындағы Оңтүстік өлкедегі мәдениеттің жоғарғы деңгейде болғанын көрсетеді.
Рухани жаңғыру – ой-сананың кемелденуі. «Егер сен әлемнің өзгергенін қаласаң, сол өзгеріс өзің бол!» Шәкірттеріме үнемі Махатма Гандиге тиесілі осы сөзді қайталап айтудан жалыққан емеспін. Студенттер санасындағы сілкініс өздігінен тумайды. Оған әсер етуші факторлар керек. Бұл тұрғыда университетте есімі елге танымал ірі тұлғалармен жиі кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Сондай кездесулер шәкірттерге орасан зор мотивация, болашаққа деген ұмтылыс сыйлап, мақсат-міндеттерін нақтылауға үлкен әсерін тигізетініне көзім жетті. Мырзатай Жолдасбековтің тәуелсіздік тарихы жайлы ойлары, Жақсылық Үшкемпіров пен Қанат Исламның спорттың сиқырлы әлемі туралы сырлары, Бекболат Тілеуханның ұлттық спорт пен өнер туралы айтқан тұшымды әңгімелері мен толғаулары, Роза Рымбаева мен Нұржамал Үсенбаеваның шырқаған әндері әріптестер мен студенттерге шығармашылық шабыт, құлшыныс сыйлады. Отанға, еңбекке деген сүйіспеншіліктерін арттырды.
Болашақтың бағдарламасына айналған мақалада аталған ұлттық сананың қалыптасып, рухты жаңғыртудың тағы бір жолы – студенттерді өнер арқылы эстетикалық сұлулыққа, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, құндылықтарды сақтауға тәрбиелеу. Осы мақсатта институтта студенттердің әуесқой «Нұр-Шаңырақ» театры құрылды. Шымылдығы институттың 80 жылдық мерейлі мерекесінде түрілген бұл театр көрермендердің ыстық ықыласына бөленіп үлгерді.
Уақыт керуеніне бөгет жоқ. Бүгін ерте, ертең кеш болмас үшін алға ұмтылу керек. Уақыт – адамның өмірлік капиталы. Ол ақсүйектікті мойындамайды, бізбен санаспайды, тез өтіп кетеді. Бір данышпанның мынандай қанатты сөзі бар: «Кешегі күн өтіп кетті. Ертеңгі күн белгісіз. Сондықтан бүгінгі күннің құны мен қадірін біл». Уақытты меңгере алмаған адам жетістікке жете алмайды. Рухани тұтастықта дамыған ел болу үшін уақытпен санаспай елге еңбек етейік!
Оңалбай АЯШЕВ,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры
ШЫМКЕНТ