Сонымен көшбасшы қандай болуы керек? Осы сұрақ ой иелерін қай заманда да толғандырыпты. Конфуционизм басшы ғалым болу керек десе, көне грек өркениетінің өкілі Аристотель басшы философ болу керек деген, ал Ислам әлемінің көзқарасын жеткізген әл-Фараби бабамыз басшы діндар болуы керек депті.
Одан әрі ойшылдарды «Көшбасшы қалай пайда болады?» деген сұрақ мазалаған. ХVII ғасыр «патшаларда Құдайдың құқығы бар» деген. Демек билеушілер солай жаратылады, сондықтан олар бұқараға емес, Жаратқанның алдында ғана жауапты. ХІХ ғасырдағы Ұлы адам теориясы бойынша, көшбасшылық тәрбиеден емес, туабітті қасиеттен екен. Ұлылар құбылысы осылай түсіндірілген. Теорияның авторы Томас Карлейлдің жазуынша, «әлем тарихи ұлы тұлғалардың өмірбаянынан тұрады».
ХХ ғасыр лидерлік феноменін әрмен қарай зерттей түскен. Көшбасшының қалай жаратылатыны емес, қандай лидерлік қасиеттерге ие болатынына көбірек көңіл бөлінген. Сипат теориясы бойынша, көшбасшылардың белгілі бір сапалық сипаты, ерекше лидерлік қасиеті болады. Жағдай теориясы бойынша, лидерлік қасиет пен белгілі бір жағдайлар тұспа-тұс келгенде ғана көшбасшы болар адамның айы оңынан туатын көрінеді. Трансакциялық теорияда лидер қосшыларының жұмысқа деген ынтасын марапат пен жазалау арқылы арттырады. Міндет межеленді, жетсең – алғыс, жетпесең – қарғыс. Ал трансформациялық лидерлер жоғарыдағыдай қамшы мен қалжаны емес, қызметте айналасындағыларды шабыттандыру, ортақ мақсаттарға жұмылдыру арқылы жетістікке жетеді.
Көшбасшылық – қасиет емес, қызмет
Лидерге қатысты бүгінгі ой біраз өзгерген. Көшбасшы бір адам емес, әр адам бола алады. Себебі көшбасшылық – қасиет емес, қызмет. Егер жоғарыдағы теориялардағыдай лидерлікті қасиеттен іздесек, жаратылысымда жоқ еді деп қол қусырып отыруға жақсы себеп те, Құдай құр қалдырды, ата-анам тәрбие бермеді деп айыптайтын адам да табылады, ал қызметке баласақ, өз ортаңа, ең болмаса жеке басыңа қызмет ету әркімнің қолынан келеді.
Сонымен көшбасшылықты қызметке теңедік. Ол қандай қызмет болуы мүмкін?
Адам дамуы да, қоғам дамуы да көлденең келетін кедергілерден өту мен проблемаларды шешуден тұрады. Гарвардтың профессоры, Бейімделу көшбасшылығы (Adaptive Leadership) теориясының авторы Рональд Хайфетц проблемаларды екіге бөліп қарайды: техникалық және бейімделу сынағы деп. Техникалық проблеманы өзгерту арқылы, ал бейімделу мәселесін адам өзі өзгеру арқылы шешеді.
Мәселен, бір адам жүрек талмасымен жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты делік. Оның өмірін алып қалу үшін жүрегіне шұғыл ота жасау қажет. Өте қиын процедура. Мықты мамандардың білігі мен тәжірибесін қажет етеді. Бірақ, мәселе қаншалықты қиын болса да, бұл жұмыстың техникалық шешімі бар. Мамандар пациентті айықтыру жолын біледі. Ал әлгі кісінің жүрегі не үшін ұстап қалды? Ішімдікке әуес пе еді, темекі тарта ма, тамаққа талғамсыздау ма, әлде күнделікті қимылы аз ба? Ауруға алып келген әдеттері мен өмір салтын өзгерту – бұл бейімделу жағы. Толық айығып кету үшін науқасқа жаңа жағдайға бейімделуге тура келеді. Демек, науқастың өзіне көрсетер қызметі – проблеманы техникалық жолмен шешіп қана қою емес (ота жасау), өзінің өзгерісіне басшылық жасау.
Дегенмен адамның өзгеруі өте қиын. Бір зерттеу бойынша, «өмір салтыңды өзгертпесең, өлесің» делінген науқастардың жетеуінің бірі ғана дәрігердің ақылына құлақ асыпты. Өзгерудің қиын болатыны сол, адамға өз құндылықтарын, сенім-наным, әдет-ғұрып, салт-дәстүр мен қалыптасқан көзқарастарын қайта қарауға тура келеді.
Жеке адамнан отбасына ойыссақ, үйлену – техникалық шешім, ал үй болу – бейімделу шаруасы. Қазіргі некелердің үштен бірінің ажырасумен аяқталатынын ескерсек, бейімделу сынағы жастарға да оңай соқпай тұр. Жас жұбайлар бір-бірінің көзқарасына, құндылықтары мен мінез-құлықтарына икемделіп, бойдақ кездегі жүріс-тұрыстың орнына ортақ дәстүр мен мәдени нормалар қалыптастыру арқылы ғана жаңа әлуметтік қатынасқа бейімделе алады.
Демек, көшбасшылық – жай техникалық қызмет емес, бейімделу жолындағы қызмет.
Ата-аналар мен балалардың қарым-қатынасы да бейімделу сынағына толы. Ата-ананың балалары өскен сайын олардың қажеттілігі мен ерекшелігіне бейімделе алмай, әлі кішкентай көріп, жөнсіз қорғап-қорғаштап, олардың атынан шешім қабылдай салып, жауапкершілік бермеудің соңы жастарды орынсыз тәуелділікке, тіпті масылдыққа алып келеді. Бейімделіс сынағы бизнесте нарыққа икемделумен өлшенеді. Мәселен, Nokia осыдан жиырма жыл бұрын телефон нарығының үштен біріне иелік етті, қазір смартфон нарығында Apple мен Samsung-тің дәурені жүріп тұр.
Ғылыми-техникалық прогресс бейімделу сынағын күшейте түсті. Платформалық бизнес (Amazon, Uber) пен кәсіпорындардың автоматтануы еңбек нарығына салмақ салуда. Бизнестегі бейімделу сынағы жұмыс күшіне деген көзқарасты түбегейлі қайта қарауға алып келеді. Жаңа жағдайға бейімделе білу мемлекеттік құрылымдар мен саяси құрылыстың да тағдырын шешеді. Кезінде жарты әлемге жарлығы жүрген корольдіктердің шексіз билігі шартты билікке айналып қалды. Заманға бейімделе алмаған патшалық институттар жойылды: Ресей империясы, Франция корольдігі, Осман патшалығы.
Жалпы, «бейімделу» ұғымы биологиядан алынған. Жан-жануардың бейімделу мақсаты жалғыз – жойылып кетпеу, тіршілікті жалғастыру. Қоршаған ортаға бейімделе алған жан-жануарлардың ғана тұқымы осы күнге жеткен. Ал бейімделе алмағандары жойылып кетіп отырған. Демек, өзгеріс те, бейімделу де табиғи процесс әрі үздіксіз үдеріс. Бейімделу – жаманға көндігу емес, жаңа жағдайда қажет жаңа қарым-қабілет дамыту деген сөз.
Кеңес өкіметі тарағаннан бері қазақ қоғамы да бейімделу сынағынан өтуде. Түрлі әлеуметтік-экономикалық реформалар мен рухани-мәдени бағдарламалар бейімделу қажеттілігінен туған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңында көміліп қала береді» деген болатын «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында.
Көшбасшылық – құзырет емес, қызмет
Бейімделу сынағына басшылық жасау – қиынның қиыны. Мәселен, бір америкалық танысым жұмысқа велосипедпен барып келеді. Көлік алуға қаржысы жетпегеннен емес, өмір салты қоршаған ортаға және өз саулығына әсер ететініне өлердей сенеді. Ал енді сол кісі бір бойында мың жылқының күші бар джипті тізгіндеген алматылық жігіт ағасына келіп «Бауырым, ауа болса анау, велосипедпен жүрмейсің бе?» десе, алматылық жүргізуші «Мынаның есі дұрыс па?» дер еді. Ал шындығында, ауа райындағы ғаламдық өзгерістер де адамзат алдындағы бейімделу сынағы.
Әлгі джиптің иесі өзгерсе, табиғатты қорғау құндылықтарын қабылдап, оған өзінің де қатысы бар екенін сезінсе, ол көлігінен бас тартып, жұмсақ та жайлы орнын велосипедтің орындығына немесе қоғамдық көлікке алмастырған болар еді. Дәл сол джиптегі жігіттің құндылығын, әдетін, нанымы мен мәдени нормаларын өзгерте алған тұлғаға ғана қатысты көшбасшылықпен айналысты деп айтуға болады. Өз ортасында өзгеріс пен бейімделуге басшылық жасаудың қиын болатыны содан. Мемлекеттік тіл де бейімделу сынағы. Мәселе заңды (техникалық шешім) өзгертуді емес, халықтың сана-сезімінің өзгеруін талап етеді. Өзгеру үшін тіл үйрену керек. Өзге тілдіге қазақ тілін үйренуге кім ықпал етсе, сол көшбасшы.
Билігі бардың барлығы басшы емес. Кез келген ұйым бастығы көшбасшылық көрсетпей-ақ, лауазымдық міндеттемелерін күнделікті орындап, яғни техникалық қызметпен айналысып отыруы мүмкін. Сондықтан лидерлік – тек техникалық қызмет емес, болашаққа, демек белгісіздікке бастау, сағаттың тіліндей тоқтаусыз өзгерістерді алдын ала танып-білу, оған төтеп беру үшін отбасыңның, ұжымыңның, өз ортаңның бейімделу қабілетін арттыра білу. Өзгеріске басшылық жасауға билігі бардың ғана емес, әрбір адамның қатысы болғандықтан, көшбасшылық тек құзырет емес, қызмет.
Көшбасшылық – өкімшілдік емес, өкілшілдік
Өмір қызметінде де, өкімет қызметінде де көлденең кедергілердің түп төркінін ажыратып отырған жөн. Техникалық мәселе ме, әлде бейімделу сынағы ма? Себебі әр шаруаның өз әдісі бар. Айталық техникалық проблема көбіне өкімшіл тәсілмен шешіледі. Мәселен, ота жасау қиын қызмет, бірақ шешу жолы бар, әдіс-тәсілі құжатталған. Хирургтің міндеті қалыптасқан тәртіпті шеберлікпен орындап шығу. Ал бейімделу сынағында өкілшіл жолмен жүрген қолайлы. Мәселен, бала тәрбиесі. Ұрпақ өсірудің жалпы қағидалары болуы мүмкін, бірақ күнбе-күндік нұсқаулығы жоқ. Баланың жынысына, жасына, қызығушылығына, тіпті әр қимылы мен пікіріне қарай тәрбиелік іс-әрекет те түрленіп отырады. Бір балаға қолданған әдіс екінші балаға жүрмеуі мүмкін.
Сондықтан адам өміріндегі сәтсіздіктер мен мемлекет өміріндегі қателіктер бейімделу сынағы мен техникалық сынақтарды ажырата алмаудан, өкілшілдіктің шаруасын өкімшілдікпен шешуге ұмтылыстан туады екен.
Қателік кейде қасіретке алып келеді. Айталық, өткен ғасырда көшпенділіктен отырықшылыққа өту қазақ халқы үшін нағыз бейімделу сынағы еді. Бірақ Кеңес өкіметі қолданған өкімшіл құрал ұлттық тақсіретке ұласты. Сондықтан өзгеріс қажет екенін дөп басу ғана емес, оны жүзеге асырғанда таңдалар жол да аса маңызды.
Сонымен халықты өзгеріске бастаудың қолайлы жолы – өкілшіл жол. Себебі өкімшіл жолда шешім таңылады, ал өкілшіл жолда шешім таңдалады.
Өкілшіл жол халықтың назарын бейімделу сынағына аударып, қалың бұқараны хабардар етіп, елдің елегінен өткізіп, өзгерісті өз еркімен қабылдау арқылы іске аспақ. Бұл бағытқа көп уақыт кетеді, бірақ өзгеріс табиғи жолмен келеді. Нәтиже кейде бастапқыда ойластырылғандай болмауы мүмкін, бейімделу әдетте жаңа мүмкіндіктерге бастайды.
Өкімшіл жолда шешімді (жоспарлар, қаулылар, заңдар, бағдарламалар) ресми қабылдау оңай, бірақ жүзеге асыру қиын. Дүниежүзілік банк жобаларының шамамен 60 пайызы сәтсіз аяқталады екен. Оларды адамзаттың алдыңғы қатардағы ақыл-ой иелері жазатынын ескерсек, ұлттық заң-жобалар да ойдағыдай бола бермеуі мүмкін.
Өкілшіл жолда, керісінше, шешімді ресми қабылдау қиын, бірақ жүзеге асыру оңай. Бейімделу сұрақтарының жауабын халыққа өздігінен іздету, терең талқылау, пікірталас пен шешім қабылдауға тікелей араластыру жаңа ұсыныстар мен идеяларға жол ашып қана қоймайды, ең бастысы халықтың хабардарлығын арттырып, шешімге қуат береді. Халық өзгерістер мен шешімдердегі өз орнын терең түсінеді.
2017 жылы Трамп сайлауында Бостонда болдым. Сайлауда «бюллетень сұрақтары» деген болады екен. Әр штат қиын сұрақтарды тұрғындар дауысына салады. Айталық, Массачусетс штатындағы бір сұрақ «Құмар ойынына берілетін лицензия санын көбейту не көбейтпеу?» Халық сайлауға дейін кемінде жарты жыл сайлауға түсетін сұрақтарды бүге-шігесіне дейін талқылады. Мамандар сөз алды. Теле-радио да тыным таппады. Күнде айтыла берген соң, қарапайым тұрғындар да сол сұрақтар бойынша білікті маманға айналды. Халық шешімнің ақ-қарасын анықтап алды, салдарын терең түсінді. Халықтық ағарту орын алды. Бір сөзбен айтқанда, өкімшіл жол проблемаға дайын шешім ұсынса, өкілшіл жол бейімделу қабілетін арттырады, қоғамның жауапкершілігін күшейтеді.
Заң жазу мен шешім шығару емес, оларды орындау қиын. Айталық, футболдың өз тәртібі бар. Алаңдағы 24 ойыншының белгіленген тәртіп шеңберінде ойнауын үш-бес төреші бақылап отырады. Мыңдаған жанкүйерлер ойыншылар мен төрешілердің әр қимыл-шешімін мүлт жібермей бағады. Ал бір елдегі миллиондаған адамның заңды бұлжытпай орындауына соншама құқық қорғаушы қайдан табылады? Ал құқық қорғаушылардың өздерін кім бақылайды?
Ең маңыздысы заңдардағы өзгеріс емес, адам санасындағы өзгеріс болар болса, онда өкімшіл жол шешім қабылдаумен аяқталса, өкілшіл жол жаңғырған әлеуметтік-мәдени нормалардың қалыптасуына алып келеді. Сана өзгермей, құжаттар орындалмайды. Сондықтан шешімдерге тек техникалық өлшеммен емес, қоғамның бейімделу әлеуетін арттыру арқылы да келген жөн.
Өмір өзгерістен тұрады. Өзгерісті тек өзгеру арқылы өзгертуге болады. Жеке адамнан тұтас бір қоғамға дейінгі, жекеменшік мекемелерден мемлекеттік органдарға дейінгі алуан сатылардағы өзгерістерге бейімделуге көшбасшылық жасау қасиеттен емес, қызметтен. Биліктің ғана борышы емес, әр перзенттің парызы. Бұрын да, бұдан былай да өзгеріс сынағынан сүрінбеген ұлттардың ғана қуаты өсіп, жаңа жағдайға бейімделе білген адамның ғана қарым-қабілеті артпақ.
Шыңғыс МҰҚАН,
Гарвард университетінің студенті
Бостон (АҚШ)