Аймақтық және республикалық кезеңдерден тұратын «Ең үздік мемлекеттік қызметкер» байқауы мемлекеттік қызметкерлерді қосымша ынталандыру мақсатында жыл сайын «Мемлекеттік қызметкер» күні қарсаңында ұйымдастырылады. Биылғы байқау ҚР мемлекеттік қызмет органдарының 20 жылдығына орайластырып отыр.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Астана қаласы бойынша Департаменті жетекшісінің орынбасары Роман Ким байқау қатысушыларын іріктеу талаптарының қатаңдай түскендігін алға тартты.
«Астана қаласы бойынша байқауға қатысуға 45 мемлекеттік қызметкер ниет білдірді. Олардың тек 14-і ғана алғашқы кезеңге өтіп, стратегиялық бағдарламалық құжаттар бойынша тест тапсырса, бүгінгі екінші кезеңге 9 жолдама алды.
Байқауға қатысушылар өздерінің кәсіби және басқарушылық қасиеттерінің жоғары деңгейін, мемлекеттік қызметке деген адалдығын, командада жұмыс істеу қабілеті мен бастамашылдығын көрсетуі тиіс», - деді Роман Ким.
«Ең үздік мемлекеттік қызметкер» байқауында Астана қаласының намысын қорғайтын үміткерлердің есімдері 16 мамырда белгілі болады.
Ақырғы сайыста қатысушылар республикалық конкурс комиссиясының назарына өздерінің жобалық жұмыстарын ұсынады.
Айта кетейік, «Ең үздік мемлекеттік қызметкер» байқауына әкімшілік және тәртіптік жауапкершілікке тартылмаған, сондай-ақ, мемлекеттік қызмет саласында кем дегенде 1 жыл жұмыс істеген азаматтар қатыса алады.