Осыған орай, аталмыш рухани бағдарламада қойылған міндеттер Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан басты нысанға алынып, қарқынды түрде жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, министрліктің бағдарлама аясында қолға алған жобалары мен атқарған жұмыстары бүгінде үздік нәтижелерге жеткізіп отыр.
– 2017 жылғы қазан айында біз Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының тұсаукесерін өткіздік. Тұсаукесер аясында «Қазақстандық жол және Н.Назарбаевтың үлгісі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Қазақстан – Астана» фотокөрмесі, «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы аясында «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы», Қазақстанның ақындары мен жазушылары кітаптарының, белгілі қазақстандық суретшілер жұмыстарының көрмелері, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты картасының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар Қазақстан және Астана туралы бірегей деректі фильмдер көрсетіліп, Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, «Астана Балет» театры, «Астана Опера» театрының жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Еділ Құсайынов, Димаш Құдайберген және т.б. отандық өнер шеберлерінің гала-концертін өткіздік, дейді мәдениет және спорт министрлігі мәдениет және өнер істері департаменті директорының орынбасары – Музыкалық өнер басқармасының басшысы Әсел Қахарманқызы.
Аталған жұмыстардың ішінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының алар орны айрықша. Өткен жылдан бастап шетелдерде заманауи қазақстандық мәдениетіміздің жетістіктерін көрсету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей бастамасымен қолға алынған бұл жобаның қазақ өнері мен мәдениетін жаһандық кеңістікке шығарудағы ықпалы мен рөлі үлкен. Бағдарлама аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі Қытай, Ұлыбритания және Беларусь Республикасында бірқатар халықаралық жобаларын жүзеге асырды.
Соның ішінде, әсіресе 2017 жылдың 14 қыркүйегінен 2018 жылдың 14 қаңтарына дейін Британ музейінде (Ұлыбритания) өткізілген «Еуразияның ежелгі көшпенділері» халықаралық көрмесі мен Тәуелсіздік күні қарсаңында Нью-Йорк қаласында (АҚШ) ұйымдастырылған «PHOTOfest.KZ – гүлденген Қазақстан әлем фотосуретшілерінің көзімен» атты фотокөрмесін ерекше атап өтуге болады. Фотокөрме аясында қатысушылар Бурабай, Қорғалжын, Баянауыл, Ұлытау, Қарқаралы, Түркістан, Отырар, Шарын шатқалы, Шымбұлақ, Медеу, Тамғалы тас, Көлсай сынды Отанымыздың тарихы тереңдігімен тағылымды, табиғаты сұлулығымен көз тартар әсем жерлерімен фото тілі арқылы танысуға мүмкіндік алды. Қазақтың байтақ даласы фотосурет тілінде әлем халқының назарын өзіне бұрғызды.
«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының келесі бағыты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың желтоқсан айындағы Беларусь Республикасына ресми сапары аясында Беларусь Республикасының Ұлттық бейнелеу өнері музейінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне арналып тұсауы кесілген «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы шеңберіндегі «Ұлы даладағы көшпенділер тарихы» атты көрмеде өз жалғасын тапты. Аталмыш көрменің бағыты одан әрі Мәскеу қаласына бұрылды. 2018 жылдың 4 сәуірінде Мәскеудің Бүкілресейлік халық өнері мен декоративті-қолданбалы өнер музейінде қазақтың мәдени құндылықтары Ресей халқына кең ауқымда таныстырылды. Мәдени шарада Қазақстан Республикасының басты нышаны ретінде «Алтын адам» көрермен назарына ұсынылды. Көрме алдағы уақытта да жұмысын тоқтатпай, Әзербайжанның ұлттық тарих музейінде, Қытай Халық Республикасы Шэньси провинциясының тарих музейінде, Кореяның Ұлттық музейінде әрі қарай өз жалғасын табады деп жоспарлануда. «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» жобасы, сонымен қатар 2019 жылы Жапония, Грузия, Ұлыбритания, Испания және Түркияның музейлерінде, 2020 жылы АҚШ, Италия, Аустрия, Франция, Германия музейлерінде таныстырылатын болады.
Туған елдің тарихын паш етер фотокөрмелер мен музей жұмыстары ғана емес, қазақтың театр мен кино өнерін де әлемдік мәдени кеңістікте жан-жақты насихаттау – бүгінде «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бағдарламасының басты бағыттарының біріне айналып отыр. Оның бірден-бір дәлелі – өткен жылдың аяғында Лос-Анджелес қаласында «Қыз Жібек» (режис-
сері – С.Қожықов), «Анаға апарар жол» (режисері – А.Сатаев), «Алмас қылыш» (режиссері – Р.Әбдірашев) картиналарының көрермен назарына ұсынылуы һәм АҚШ-тағы қазақстандық кино күндерінің жоғары деңгейде өтуі. Кино күндері аясында АҚШ-тың ірі кинокомпанияларының басшылары және продюсерлерімен ресми кездесулер, Голливуд жұлдыздарымен ынтымақтастық келіссөздер, сонымен қатар Лос-Анджелес киноакадемиясының студенттерімен кездесулер өтті.
Отандық кино индустриясы мен голливудтық кинокомпаниялар арасындағы әріптестік байланыс мұнымен шектелмей, күні бүгінге дейін сәтті жалғасын тауып келеді. «Қазақфильм» АҚ киностудиясының голливудтық кинорежиссер Джеф Веспамен бірлесе түсірген «Әміре» кинокартинасы сөзімізді дәйектей түседі. Кинонарыққа шыққанына көп уақыт өтпесе де, көрерменнің қызу пікірталасына арқау болған бұл фильмнің ұлттық киношежіреден алар орны айрықша. Ең бастысы, кино тілі арқылы әлем Әміредей қазақтың көмейіне бұлбұл ұя салған біртуар әншісін танып, өнеріне бас иіп жатса – аталмыш жобаның өз міндетін толықтай атқарғаны деп білеміз.
Сондай-ақ аталған мәдени бағдарлама негізінде жүзеге асырылған және бір маңызды оқиға – ұлттық театр өнерінің әлем елдерін аралауы. 2018 жылы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры Италия, Венгрия елдеріндегі гастрольдік сапарын сәтті өткізсе, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасын жүзеге асыру мақсатында Италияның бірнеше қаласында көрсеткен өнері өзінің ерекшелігімен жергілікті халық тарапынан ыстық ықыласқа ие болды. Сонымен қатар жоба аясында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы Италия, Франция, Германия, Аустрия, Ресей т.б. қалаларына үлкен гастрольдік сапармен шығып, сәтті өнер көрсетіп қайтты.
Мәдени шеру алдағы уақытта да өз жалғасын табады деп жоспарлануда. Шетелдерде заманауи қазақстандық мәдениетіміздің жетістіктерін көрсету мақсатында 2018-2020 жылдары «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры мен Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры «Абай», «Қыз Жібек», «Біржан-Сара» сынды ұлттық опера жауһарларын Ресей, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония, Корея Республикасы, Грузия және т.б. елдерде көрсетуді жоспарласа, республикалық драма театрлары ұлттық және шетел авторларының үздік театр қойылымдарын Түркия, Ресей, Корея Республикасында ұсынатын болады.
Бұл мәдени іссапарлардан бөлек, Республикалық музейлердің қорынан дайындалған көрмелер Жапония, Қытай, Мажарстан, АҚШ сынды әлемнің алпауыт елдерінің назарына ұсынылады деп күтілуде. Ұлыбритания, Әзербайжан, Ресей, Түрікменстан елдерінде Қазақстанның мәдениет пен кино күндерін өткізу, сонымен қатар республикалық мәдениет ұйымдарының Испания, Үндістан, Люксембург, Швейцария, Германия және т.б. елдеріне ұйымдастыратын іссапар бағдарламалары да – келер жылдың үлесіне тиесілі маңызды іс-шаралар қатарында.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»