Бұл сөзімізді еліміздің әлемдік ғарыш державаларының қатарына енгендігі растай түседі. Осынау сала қазірдің өзінде елімізге табысын бере бастады. Тәуелсіздік жылдарында өзіміздің жер серіктеріміз дөңгеленген дүниені шарлап, Қазақстанның телекоммуникация саласының қарқынды дамуына ықпалын тигізуде.
Қазақ ғарышкерлерінің шоқтығы биік
Аталған жетістіктерді саралай келе, Халықаралық ғарышкерлер күнінің Қазақстан үшін маңызды мереке екенін аңғаруға болады. Осы орайда, халқының саны жағынан елімізді он орап алатын талай мемлекеттің өз ғарышкерлерін ұшыра алмай отырғандығы еске түседі. Бүгінде қазақтың үш ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев пен Айдын Айымбетовтің кеуделерінде Тәуелсіз Қазақстанның ең жоғарғы наградасы – «Халық Қаһарманының» Алтын жұлдыздары жарқырап тұр.
Олардың өлшеусіз еңбектері мен жанкешті әрекеттері қазақ ғылымының дамуына да сүбелі үлес қосты. Бұл бір ғана мысал. Мәселен үшінші ғарышкеріміз – Айдын Айымбетовтің өзі ғарыш кеңістігінде қазақ ғалымдарының тапсырысы бойынша физика-техникалық, медико-биологиялық бағыттағы 20-ға жуық ғылыми тәжірибе жүргізді. Олардың барлығы отандық ғылымды дамыту үшін аса қажет жобалар болатын. Тәжірибе барысында кейбір заттардың тартылыс күшінен тыс ғарыш кеңістігінде қандай күйге түсетінін, Арал теңізінің түбі мен Каспий аймағындағы мұнай кен орындарының орналасуын, ауа райын бақылауға септігі тиетін мұздықты тауларды, шикізат тасымалында пайдаланылып отырған құбырлардың желісіне дейін ғарыштан байқап көрген.
Қазір бұл жобалар бойынша ғылыми- зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар А.Айымбетов арнайы камерамен ғарыш кеңістігіндегі гамма сәулелерін түсірген. Бұл зерттеудің медико-биологиялық маңызы зор. Ғалымдарымыз алдағы уақытта осы материалдарды пайдаланып, радиация сәулесін кең көлемде зерттей алады. Бұл – ғарышқа сапар шеккен бір ғарышкердің ғана ғылымға қосқан үлесі. Тоқтар Әубәкіров пен Талғат Мұсабаев та мұндай ауқымды тәжірибелерді жүзеге асырған болатын.
Тәуелсіз елдің тәуекелі
Биыл Қазақстанның ғарыш саласына дербес мемлекет есебінде маңыз беріп, осы тұрғыда бағыт-бағдарын айқындай бастағандығына ширек ғасыр толды. Осыдан 25 жыл бұрын, яғни 1993 жылдың ақпан айында Президент Жарлығымен отандық ғарыш саласын дамытуға өкілетті мемлекеттік орган құрылды. Бүгінде ол «Қазғарыш» атты іргелі ұйымға айналды. Бұл тарихи сәт жоқтан бар жасап, ғылымға негізделген жаңа саланы дамытудың бастауы болатын.
Алдымен 1994 жылы Қазақстан мен Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен қалпына келтіру мақсатында «Байқоңыр ғарыш айлағын пайдаланудың негізгі принциптері мен талаптары» көрсетілген мемлекетаралық келісімге қол қойды. Елдегі ғарыштық құрылымдардың инфрақұрылымы жүйеленді. Ғарыш саласын дамытуға бағытталған стратегиялық бағыттар бойынша арнаулы кәсіпорындар құрылды. Ғарыш саласынан хабары бар, жетік білетін ғылыми және инженерлік мамандар құрамы бекітілді.
Ресей, Украина, Франция, Германия, Қытай, Үндістан, Ұлыбритания, Израиль, Нидерланд, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Тайланд, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы және Иран тәрізді мемлекеттермен ғарыш кеңістігін бейбіт мақсаттарда зерттеу мен пайдалануға байланысты келісімдерге қол жетті. Бүгінде Қазақстанның ғарыштық державаға айналғандығын әлемдік қоғамдастықтың мойындауынан, қол жеткізілген толағай табыстардан көруге болады.
Қыруар қаржы үнемделуде
Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді» деген болатын. Яғни алдыңғы қатарлы технологияларды экономиканың барлық саласында қолдану ұсынылып отыр. Демек, бұл мәселе ғарыш саласын да айналып өтпейді.
Қазіргі уақытта отандық «KazSat» ғарыштық байланыс жүйесі екі жер серігімен бірге табысты жұмыс жасап тұр. Олардың негізгі және жер үстіндегі қосалқы басқару кешендері бар. Бұл жүйе еліміздің аумағында спутниктік байланыс пен телерадио хабарлар таратуды қамтамасыз етіп, сонымен қатар мемлекеттік органдардың, ұлттық компаниялардың және жеке ұйымдардың сұраныстары бойынша деректерді беріп, шалғайдағы ауылдардың ұялы байланыс қызметін пайдалануына септігін тигізіп келеді.
Сондай-ақ «KazSat-3» қызметінің қызығын «Отау ТВ» жүйесінің 1 миллиондай пайдаланушысы көріп отыр. Бұған қоса тек 2017 жылы ғана «KazSat» байланыс жүйесі қазынаға 5 млрд теңгеден аса кіріс түсіріп, шетелдік спутниктердің қызметін пайдалануды азайту арқылы 12 млрд теңге үнемдеп қалған.
Биыл пайдаланыла бастағанына төртінші жылға аяқ басқан жер бетін зондтау жүйесі ауыл шаруашылығы, төтенше жағдайлар, экология және табиғатты пайдалану, жерді пайдалану, геодезия, картография, қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздік салалары үшін тәуелсіз, шынайы ақпаратты жедел алуға қол жеткізді.
Жер бетін қашықтықтан зондтау қазір екі бірдей ғарыштық аппарат арқылы жүзеге асырылуда. Осы жүйе арқылы өткен жылы жердің үстіңгі қабатының 11,5 млн шаршы шақырымын суретке түсіруге 1,2 млрд теңге жұмсалған. Осы ретте шетелдіктердің көмегіне жүгінсек 12 млрд теңгеге шығындалар едік.
Қашықтықтан зондтау жүйесі пайдалануға берілген 2015 жылдан бері 570 млн шаршы шақырым таспаға түсіріліп, 30 млрд теңге үнемделген. Жалпылай алғанда, тек өткен жылдың өзінде ғана ғарыштық түсірілімдер мен байланыс қызметі үшін 24 млрд теңгенің өз қалтамызда қалуына ықпал етті. Бұл қаражат, сайып келгенде шетелдік компаниялардың табысын арттыру үшін емес, жергілікті жерде көптеген бастамалардың жүзеге асуына, жаңа жұмыс орындарының ашылуына жұмсалуда.
«Бәйтерек» биікке самғайды
Ғарышты игерудегі Қазақстанның басымдықтарының бірі – «Бәйтерек» жобасының стратегиялық маңызы жоғары. Аталған жоба Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен дамытуға мүмкіндік береді және коммерциялық ұшудың әлемдік нарығына жол ашады.
«Бәйтерек» экологиялық қауіпсіздігімен де ерекше. Ол Қазақстан мен Ресейдің «Зенит М» ғарыштық зымырандық кешені инфрақұрылымы аясында жүзеге асырылып, гептил отынын пайдаланатын атышулы «Протонның» орнын басқалы тұр. Демек, зымырандардың уақыт өте қоршаған ортаға тигізер кері әсері азаятын күн алыс емес.
«Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешенінен алғашқы ұшу 2022 жылға жоспарланған. Сондай-ақ отандық зымыранды жер серіктерімен қатар, басқарушысы бар жаңа буын кемелерін ұшыруға пайдалануға болады. Бүгінгі күні «Бәйтерек» жобасын жүзеге асыруға байланысты 2017-2022 жылдарға арналған Жол картасы жасалған, сондай-ақ техникалық-экономикалық негіздемесі жасақталуда.
Биылғы жылдың басты жоспары ретінде Қазақстанға Байқоңыр айлағының 42,43,45 ұшыру алаңдарында орналасқан «Зенит М» кешендерін тапсыру рәсімін айтуға болады, оны әрі қарай пайдалану Ресей Федерациясымен бірлескен жобалар арқылы жүзеге асырылмақ. Жалпылай алғанда, «Бәйтерек» анағұрлым модернизацияланған елдердің, дамыған отыздықтың қатарына қосылуымыз үшін серпіліс беретін бірегей жоба екені анық.
Бүгінде еліміздің ғарыш саласын игерген қызметкерлердің 22 пайызы ғылымға жұмылдырылған, 39 пайызы әртүрлі санаттағы инженерлер. Негізгі кәсіби мамандардың 60 пайызы қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері.
Сайып келгенде, ғарыш арқылы қол жеткен жетістіктер біздің өмірімізге игілік ретінде дендеп енгендігін өзіміз аңғармай қалуымыз мүмкін. Күнделікті қолданыстағы ұялы телефон мен теледидардан бастап, ғарышпен тікелей байланыс және ғылым мен техникалық даму бір орында тұрған жоқ. Осы өркениеттің бастауында тұрған Қазақстанның болашағы жарқын боларын уақыттың өзі дәлелдейді.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»