Рухани жиында белгілі теолог М.Себасов артында ғылым қалдырған бірден-бір дінбасы, әрі ұстаз, әрі дәрігер Ержан хазіреттің азаматтық болмысы, ерен еңбегі туралы баяндама жасады.
– Ержан Төлегенұлының бірінші ерекшелігі – дін мен дін өкілдерін қудалаған кеңестік кезеңнің өзінде дәстүрлі діннің алтын шынжырын үзбей тәуелсіз ұрпаққа жалғастырып кетуші дәнекер. Екінші ерекшелігі – соңында хатталған мұра қалған тұлға. Ол халыққа тәрбиені, өнегені тек сөзбен емес, өзінің жүріс-тұрысымен, болмысымен көрсетіп кетті. Тіпті өзін төрт рет соттаған өкімет туралы бір ауыз сөз теріс әңгіме айтпай, «өкіметтің заңына бағыну – уәжіп» деп халыққа насихатын айта жүріп, рухани тәрбиесін беріп кеткен діндар, деп тоқталды М.Себасов хазірет туралы.
Кешеге дейін көзден таса болып келген қос қолжазбаның – бүгінгі халқымен қайта қауышқан қос кітаптың тұсауын кескен Серікбай қажы Оразұлы да Ержан хазіреттің қос еңбегі туралы тұщымды пікірлерін айтып, жоғары бағалады.
– Ержан хазіреттің бұл еңбектері, ұлы мұрасы біздің қандай мектепті ұстанғандығымызды айқындайды. Қос кітапта біздің жамағатқа беретін жеткілікті ілім бар. Біз жамағатымызды бірізділікке алып келуіміз керек. Бұйрық болған парыздардың барлығын санап, бесеуі исламда, жетеуі иманда, он екісі намазда, төртеуі дәретте, үшеуі тайаммумда деп әрі қарай санап отырып, бір-ақ ауыз сөзбен түсіндіріп айта алған. Осы кітаптардың авторы, иесі Ержан хазіреттің еңбегі, әсіресе «Өсиетнамада» біз үшін, тіпті діндарлар үшін ата-бабамыздан келе жатқан діннің, ілімнің таза, саф қалпын сақтаған, адамның бойындағы нәпсісін жүгендей алған, жан дүниесін кең, көпшіл бола алатын, жалпы адамның қалпын қалыптастыратын дүния осы кітаптарда айтылған екен. Қос кітап ел-халқымыз үшін, мұсылман жұртшылығы үшін бағдаршам ретінде игілік-пайдаға аса берсін, деп қолжазбаның ұрпақ, ұлт тәрбиесіндегі алар орнын айқындап берді.
Жиынға хазіреттің қызы – 83 жастағы Несіпхан әже Қызылсай ауылынан арнайы келіп қатысып, игі істің ұйытқысы болып жүргендерге алғысын жеткізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы