Ел алдына қойған осы көреген жоспар тарих өлшеміндегі қас-қағым уақытта шындыққа айналды. Әлем мойындаған еңселі ел, тұғырлы мемлекет болдық. Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы халқымыздың тұтастай көңілінен шықты. Бір жыл ішінде елеулі жұмыстар атқарылды. Жоспардағы жұмыстар да аз емес. Осылайша қоғам айқындалған тұрақты даму төңірегіне топтаса білді. Елбасы қалыптастырған «жаңашыл білім» дәуірі елге серпін берді.
Халық арасында қазірдің өзінде «Елбасы оқулықтары» деп аталып кеткен «100 жаңа оқулықтың» алғашқы он сегізінің жарыққа шығуы – сөз жоқ, тарихи оқиға. Әлемдік классикалық оқулықтардың қазақ тіліне аударылуының мультипликативті әсері бар. Біріншіден, ағылшын тілінен ана тілімізге төте аудару тілді байытады. Екіншіден, ұлт терминологиясының дамуына кең жол ашады. Үшіншіден, қазақ тілі грамматикасының құлашын кеңейте түседі. Төртіншіден, өрелі тәжірибені шыңдап, заманауи аударма мектебін қалыптастырады. Айдан анық ақиқат: тілде шекара болғанмен, мида, санада шекара жоқ. Әлемдік үлгідегі оқулықтар Президенттің бастамасымен барлық жоғары оқу орны үшін міндетті нормаға айналуда. Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен жаңа гуманитарлық ғылымдар кафедралары ашылып, күшейтілуде. Осылайша бәсекеге қабілетті, жаңашыл маман даярлаудың іргетасы қалануда.
Осы кітаптардың әлеуетімен оқулық деген ұғымның мазмұны да өзгерді. Бұрын «оқулық – пән туралы қысқаша стандартты білім» дегенді білдірсе, енді «оқулық – ғылымға кіріспе» деген формулаға айналды. Таяу кезеңде «жүз оқулық – мың оқулыққа» жалғасатынына кәміл сенеміз. Қазақстан азаматтары үшін «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» еңбегі – «өмірлік оқулықпен» пара-пар.
Тарихта ұлт болашағын айқындаған бағдарламалар, жарқын істер болған. Бірақ олар санаулы. Джавахарлал Неру, Уинстон Черчилль, Томас Джефферсон, Мұстафа Кемал Ататүрік, Ли Куан Юдің қажыр-қайраты мен еңбектерін атауға болады. Бізге тәуелсіздік дәуірінде Елбасының терең идеяларына негізделген «дамудың қазақстандық жолын» көру бақыты бұйырды.
Ал енді «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен бірге шынайы өмірімізге «ұлттық код», «киелі орындар», «қасиетті Қазақстан», «латын әліпбиі», «сананың ашықтығы», «білім салтанаты», «өнегелі тұлғалар» деген жаңа ұғымдар енді. Еліміздің бүгініне және ертеңіне жауапты қалың көпшілік «осы ұлттық құндылықтар заңдастырылса екен» дейді. Тіпті мұны Ата Заңымызға енгізсек те артық болмас еді.
Бірлік пен жасампаздық, ізденіс пен серпіліс аясындағы классикалық оқулықтар жаңа әлемдегі жаңа Қазақстанға олжа да салады, абырой да әпереді деп сенеміз.
Ерлан Сыдықов,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры