Қазақстан • 13 Сәуір, 2018

Айымжан Әбуқызы: Бұл жобаға қатысу – мен үшін үлкен мектеп

509 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мен «100 жаңа оқулық» жобасы аясында әйгілі француз философы Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты оқулығын әріптестеріммен бірге француз тілінен қазақшаға аудардым.

Айымжан Әбуқызы: Бұл жобаға қатысу – мен үшін үлкен мектеп

Суретті түсірген Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

«100 жаңа оқулық» қазақ жас­тарын кемел білімге жетелеу­мен қатар, дүние жүзіне әйгілі ғалымдарға Қазақстан деген ғажайып әлемді ашты. Біз аударған кітап­тың авторы Реми Хесс қазақша оқу­лықтың алғысөзін өзі жазып берді. Сол сөзінде былай дейді: «Өзге мәде­ниетке бойлап, оны ана тіліңде сөй­лету – ерекше күрделі процесс. Осы­ған дейін менің еңбектерім 12 тілге аударылды. Мен үшін енді қазақ тілі тағы бір жаңа мәдениетке жол ашқан қақпаға айналып отыр». 

Астанада өткен арнайы конференцияға алғашқы 18 кітаптың авторларының бірі ретінде Реми Хесс те келіп қатысты. Біз өзіміз аударған кітаптың авторымен сұхбаттасып, ой бөлісуге мүмкіндік алсақ, француз ғалымы Қазақстанды көріп, аң-таң болды. Оны еліне барғаннан кейін бізге жазған хатында ашып айтты. Астананың бүгінгі тамаша келбеті, жас ғалымдардың оның кітабын қазақ тіліне тікелей аударып жатқаны, жалпы қазақ жастарының білімі мен біздің елде жүріп жатқан рухани жаңғыру француз әріптесімізді ерекше таңғалдырды. Оның біздің елге сүйсініп, тәнті болғаны соншалық, Қазақстанның заманауи мәдениеті мен ұлы Абай хақында кітап жазуға бел буды. Елбасының бастамасымен қазақ жазуы латын әліпбиіне көшіп жатқанын да естіп, шынайы тілектестігін білдірді. Өзінің қазақ тілін­де жарық көретін кітабын оқу ар­қы­лы қазақ тілін де үйренетінін айтты.

Мен Талдықорғандағы Жетісу мем­лекеттік университетінде жұмыс істеймін. Біздің университет «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасының Жеті­судағы ғылыми-сараптамалық орта­­лығына айналды. «Рухани жаң­­ғыруды» жастар өте жылы қабыл­дады. Елбасының мақаласы шық­қан­нан кейін, студенттерге таныстыру мақ­сатында дәрістер оқыдық. Әдетте бір сағаттық лекцияда әрең отыратын алдымдағы мыңдаған студенттер, қайтқылары келмей, сағаттар бойы талдадық. Менің бұл жердегі айт­пағым, рухани жаңғырудағы қадам­дар, құндылықтар, идеялар бүгінгі жастардың шынайы сұранысымен ұштасып, оларға рухани серпіліс әкелді, күш-қуат беріп, жігерлендірді. 

Әлемнің ең үздік жүз оқулығын аударуға қатысу – мен үшін үлкен жауапкершілік, зор мәртебе және теңдессіз мектеп. Мен ана тілімнен өзге, ағылшын, француз, түрік және орыс тілдерінде еркін сөйлеймін. Жобаның аясында кітаптарды ағылшын тілінен де аударуға қатыстым. Жұмыс барысында қаншама тәжірибе жинадық, аударма жұмысының күрделілігі, техникасы, түйткілді тұстары, автордың ойын бұзбай, мейлінше анық жеткізуге ұмтылу, тілдің жатықтығы, осының бәрі жаңа айтқанымдай бізге керемет мектеп болды. Соның арқасында кәсіби аудармашылардың тұтас жаңа буыны қалыптасатынына шексіз қуаныштымын! 

Айымжан ӘБУҚЫЗЫ,

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің

шет тілдері мен аударма кафедрасының меңгерушісі