– Ғылым күні Елбасымыздың 2011 жылғы 20 қарашадағы №164 Жарлығымен белгіленді. Отандық ғылым саласы Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың ұдайы назарында әрі жүргізген сындарлы саясатында әрдайым қолдау тауып келеді, – деді ол. – Мысалы, 2011-2017 жылдар аралығында ғылымды қаржыландыру 37,1 пайызға, ғалымдардың еңбекақысы 58,1 пайызға ұлғайды. Біздің ғылымның әлемдік аренадағы серпілісі, беделді халықаралық басылымдардағы қазақстандық ғалымдар жарияланымдары санының өсуі XXI ғасырдың екінші онжылдығының айтулы жетістігі болды. Қазақстандық ғылыми он басылымның қазіргі замандағы әлемдік ғылымның беделді халықаралық ғылыми-ақпараттық және аналитикалық ресурстық Web of Sciences тұғырнамасына енгізілген ең ықпалды халықаралық журналдар санына қосылуы осы жетістіктер нәтижелерінің бірі болды.
Мемлекет басшысы стратегиялық құжаттарда технологиялық инновациялық дамуды елімізді дамытудың шешуші факторы деп атады. Сондықтан ғылымның инженерлік бағыты мен ғылыми жетістіктердің жүзеге асырылуы біздің басты назарымызда болып отыр. Ұлттық инженерлік академиясында осы кезең ішінде 1518 жоба мен бағдарламалар, оның ішінде машина жасау, энергетика, мұнай-газ және басқа да ғылыми-инженерлік салаларындағы 32 инновациялық жоба әзірленді.
Отырыс жұмысына Асқар Құлыбаев, Темірхан Досмұхамедов, Рахман Алшанов, Надир Надиров, Альберт Болотов, Амандық Төлешов, Гүлбазар Медиева және тағы басқа ғалымдар қатысты. Отырыста Академияның вице-президенттері Темірхан Досмұхамедов және Рахман Алшанов басқа да жетекші ғалымдар, инженерлер, кәсіпорындар мен жоғары оқу орындарының басшылары сөз сөйледі.
Олар жоғары оқу орындарындағы инновациялық процес пен ғылымды дамытуда жетекші бағдарлардың бірі болып табылатын ғылым мен өндірістің байланысын орнатуға ерекше назар аударды. Мәселен, «Байсерке-Агро» холдингі, жоғары оқу орындардағы ғылым мен инновацияны дамытудың тиімділігі әлемдік тәжірибеде мойындалып отырғаны, қазақстандық ғылымның бүгінгі және ертеңгі күнінің басты мәселелері туралы айтылды.
Академияның алдағы міндеттерін Ұлттық инженерлік академиясы төралқасының Бас ғалым-хатшысы Гүлбазар Медиева хабарлады. Онда Словенияда орналасқан Академияның Қазақстан-Еуропа орталығы арқылы Қазақстанға Еуропадан технологияларды трансферттеу туралы, Қытай Инженерлік академиясымен бірлесе отырып, Жібек жолын қайта өрлету жобасын іске асыру жөнінде айтылды.
Отырысты қорытындылай келе, Ұлттық инженерлік академиясының президенті Б.Жұмағұлов еліміздің ғылыми-инженерлік қауымдастығының алдында тұрған ғылым нәтижелерін түбегейлі жаңа деңгейіне көшіру, оны өндіріспен, бизнеспен біріктіру, нарықтың перспективалық технологиялық талаптарын қанағаттандыру міндеттерін атап айтты. Бұл Қазақстан Президенті стратегиялық бағытының міндеттерін іске асыруға, соның ішінде әлемнің 30 дамыған мемлекетінің қатарына кіруге академиялық қоғамдастықтың қосатын үлесі болмақ.