13 Сәуір, 2018

Шешім мен кесім

684 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Орыс көркем ойына тереңдеп дендеу ешкімге оңай соғып көрген емес. Қоңсылас қонған көп жұрттар арасынан жан жүрегімен жақындап, ұлттық тілегін оған жалғастыра білген халық дүниеде екеу болса соның бірі қазақ. «Татьянаның қырдағы әні» арқылы сезім дүниесінің өзгеше құбылысымен әуелі Жидебайда табысып ап, сонан күллі даланы шарлай жөнелуінің өзі тегін емес. СаҺараның ұлан асыр төсіндегі көшпенді ел көкейіне нық орнығу үрдісінің кәміл дұрыстығын өмір әлдеқашан дәлелдеді.

Шешім мен кесім

Таңдаудың Пушкинге бірден түсуінің көрегендікке қоса өнегелік сипаты да өзгешелеу. Ал «Қараңғы түнде тау қалғып» қозғалысының тірі бейнесімен тілдесіп үлгертіп, бүкіл әлем үндестігіне үн қосу айдынын иелену мерейі алда үстемдік құрып келе жатты. Ұлттық таным ерекшелігін оқыған азаматтарымыз кішіпейіл жаратылысымен тап басып танып қана қоймай, қабылдау ауқымының кеңдігінен үмітін үзбестен ағартушылық қызметті алғаусыз атқарған еді. Дей тұрғанмен орыс қауымы тарапынан ізденістің осы қадамы елене қоймайтын себебіне кім үңіліп көріпті. Екі ғасыр бойына өз атымен аталмаудың зиянын зерттеп, қаншалықты зерделей алдық деген сұраққа жауабымыз мардымсыз ба деп қорқамыз. Қазақты білімді ел есебінде елестету жағына мойны жар бермейтін бұрынғы метрополияның тәкаппар астамшылығы алдында кембағал сезінуден әлі толық арылып болмаған сияқтымыз. Жиырмасыншы ғасырдың бастапқы кезіне дейін бұратана саналып келген елдің едәуір бөлігі «қара орысқа» айналып, қағынан жерінген құланның керіне ұрыну қаупі де жоқ еместей. Қаншылдығы тұтануға шақ қап тұратын перзенттеріміз территориялық тұтастыққа қарсы көз алартып, қасақы сөздерге қанша өре түрегелсе де, өз уәждерімен санасатындай тиімді тетікті әлі таба алмай отырғаны тұтас ұлт болып алаңдайтын құбылыс емес пе. «Казахская правда» газеті жарық көре бастағаннан былай өктемси сөйлейтін жарылқаушылық сарын сап тиылмаса да, екі шоқып, бір қарайтын ахуал орнағаны есімізде. Орыс тілінде шығатын басылымның кейбірі ойына келгенін ірікпей ошаңдаған қалпы ортаға жайып салып, бұл сабаздар енді не дейді екен дегендей жайымен сынап қарап отыратын әдетін ұмыта қоятындай уақыт өте қойған жоқ. «Үй сыртында кісі бар» дегенді қазақ атамыз тегіннен-тегін ескертпеген. Қазақ жұртының алқалы жиындарында ұябұзар әңгіменің шеті қылтиып шықса бітті, қыбы қана іліп ала жөнелетіні бесенеден белгілі.

Ел іргесін нығайтып, қатарын ұлғайта бекітудің шараларына бір кісідей үн қосу қазақ баласының жалпы парызы. Есесіне ауызды қу шөппен сүртудің итжанды дағдысының асқынған нобайы әлеуметтік желілер арқылы атойлап көрінген кезде өзін-өзі ұстау мәдениетінің осыншалық төмендегеніне сенер-сенбесіңді білмей дағдаратының рас. Ұлт болып ұйысу үдерісіне бейне бір адамның ғана кесірі тиетіндей, қайдағы жоқты аңсап, әлдекімді пір тұту өлермендігінің түпкі сырында айлакер ақылдан гөрі алданғыш аңқаулық басым түсіп жататындай. Алыпқашпа сөздерге үйір мінез әділетке жүгінудің орнына екі күйдірмекке бейім тұратынына көз жеткізгелі қашан. Мұның өзі ұлтымыздың балаңдық аурудан арыла қоймағанының ап-анық белгісі. 

Солтүстік көршіміздің рухани бітімі тұтас­тай алғанда Еуразиялық құрлыққа барабар құбылыс; әдебиеті мен өнері ұшы қиыры жоқ сыңсыған орман, өткел бермес орасан теңіз. Соның ұлыларының қатарын ойша тізіп, кескін-келбеттерін шолып қараған кезде жүз елу жыл бұрындар шамасында бұлар да біздің кебімізге ұқсас жағдайдын бастарынан өткерген екен. «Жазушы күнделігі» топтамасында Достоевский орыс әдебиетін Еуропаға аудартып, таныстыру барысында Тургеновтің «Рудин» романын, Островскийдің пьесаларын атын атап, түсін түстесе де, көңіл көншіте қоймайтынын ептеп қана сездіріп, қарық қылып қабылдай алмайды-ау деген қаупін ашықтан-ашық білдіріпті. Болжам жасаудың дұрыс-бұрыстығын таразыға салып кім өлшеп көрген. Содан ұзамай дүниені дүр сілкіндірген орыс көркем ойының басында сол Достоевскийдің өзі тұрған жоқ па еді. Осы күнгі әлем құлақ тіккен кейбір жекелеген қолтаңбалардың жаңашылдығы өз ұлтының аңыз-әпсаналарына суарылып,бүтіндей басқа ажар алуынан байқалатын шығар. Баяндау екпіні мен боя­­­у реңктеріне дейін халықтық нұсқа ендеп кірген ерекшеліктер арқылы жадыға берік орнығып қалу себебі де сол болуы ықтимал-ау.

Бізде әлемге танылуға деген жаппай ұмтылыс кейде кембағал сезіністерден әлі күнге арылып болмағанымыздың белгісіндей көрінетінін несіне жасырамыз. Өзімізде назарға ілініп, ауызға алынбаса да, шығармалары дүниенің бірқатар жетекші тілдеріне аударылып, кітаптары үздіксіз басылып шығарыла бастаған жазушы бір ерекше желпіністің үстінде «Бұл жөнінен мен Мұқаңнан да озып кеттім-ау, шамасы» деп аңдамай лебіз жарып қойса керек. Ол кездің аға ұрпағының өкілдері мұндайды кешіре алмайтын ұстанымы мықты ма, әлде Әуезовті пір тұту сезімі кіршіксіз таза ма, әйтеуір сол пақырға көптің назасы тигендей көрінеді де тұрады. 

Ал қазір заман мүлде басқа, өзіңді ашықтан-ашық қайталанбас тұлға санап, қасиетті аруақтың толымына шәк келтіріп, одан әлде­неше есеге асып кеткеніңді айқайлап айтудың еш сөкеттігі жоқ. Толқымалы шақтың шалығы үстінде ме, жоқ, қарадай көңілің қалып құлазып отырған сәтте ме, мейлі қайсы болса да айтылды бітті қазақ деген халық тез құлақтанып алады. Біраз күн әңгіме арқауына айналып, есімі ел аузынан түспей кеп күндердің күнінде бәрі сап басылады. Кейде осындай өктемдікке әуес мінездер өзіндік амал-айланы көздеген қиғылығыққа толы мақсаттарды көздейтіннен де құр алақан емес сияқты. Бұрынғының кісілері сабырға шақырған кезде «сен асыққаныңмен құдай асықпайды» деген тоқтамға еріксіз жүгіндіретін...

Жұмабай ШАШТАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»