Дүбірлі тойдың тұсауы Ақан серінің кіндік қаны тамған өлкеден бастау алды. Ақмола мен Солтүстік Қазақстан облыстарының ғалымдары мен зерттеушілері, қоғам қайраткерлерін, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Ақан сері ауылындағы ақынның мемориалдық кешенінде Ақан сері ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ ақынды еске алып, оның шығармашылығын зерттеу бойынша тәжірибе алмасты. Жиналған қауым алдында сөз алған Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Армия Әбілқайыров мемориалдық кешеннің көз көрім жерде емес, қалың тоғайдың арасына салынғанына өкініш білдірді. Сонымен кезінде Ресейдің Челябі өлкесінен көшіп келген шаруаларға жер беру үшін Ақан сері өмірге келген ауыл тұрғындарын малмен айналысасыңдар деген желеумен отырықшы орнынан қозғаған саясат та сын тезіне алынды. Өз кезегінде ақынның мол мұрасы барша қазақтың рухани қазынасына айналғандығы да айтылды.
«Тұлғалар емес, кейінгі ұрпақ ұсақталып бара жатырмыз. Біз үшін Абай, Жамбыл, Бауыржан сияқты тұлғалар барша қазаққа ортақ еді. Сондықтан да ұлттық құндылықтарымызды насихаттап, қазақ баласының санасына сіңіру және әлемдік деңгейге шығару уақыт талабы. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылғандай, бізде тамыр да, тарих та бар», деді Жабал Ерғалиев.
Ақан сері мемориалынан кейінгі шара Көкшетау қаласындағы Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық драма театрында жалғасып «Ақан серінің адалбақаны» атты қысқаметражды фильм көрсетілді. Фильмде кезінде ақынның белгілі ұстаға темірден илеп жасатқан адалбақаны тоза бастағандығы арқылы өмірдің өткінші екендігін әсерлі көрсете білген.
Мәшһүр-Жүсіп Көпеев кезінде «Ақан сері – заманының сұңқары, қызыл тілдің ділмәрі, жігіттің құлпы жібегі, сөздің ағытылған тиегі», деп айтып кеткендей Ақан серінің әлі де ашылмаған қырлары көп екендігіне көз жеткізгендейміз. Сондықтан да Ақан сері жырға қосқан Ақтоты сұлудың жиен немересі Орынбасар Төкенованың қолындағы жүзікке еріксіз телміресің. Иә бұл Ақан серінің сыйлаған жүзігі. Сол махаббаттың символына айналған жүзікті қолынан бір сәт тастамайтын Орынбасар апамыз да айтулы жиынға қатысып, өз естеліктерімен бөлісті.
Бұдан кейін Ш.Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының қойылымындағы «Ақан сері – Ақтоқты» спектаклінің көрсетілімі болды. Ғабит Мүсіреповтің 1941 жылы жазылған шығармасының желісі бойынша жазылған пьеса сол заманның тарихи шындығын ашып көрсетеді. Осыдан 20 жыл бұрын театр шымылдығы бас режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаров қойған осы спектаклмен ашылған болатын. Қойылымнан кейін М.Жұмабаев атындағы облыстық кітапханада кітапсүйер қауым Ақан сері өміріне және шығармашылығына арналған кітап көрмесін тамашалады. Одан соң шара Үкілі Ыбырай атындағы облыстық филармонияда да жалғасын тапты. Әдебиет және өнер мұражайында «Сал-серілік дәстүрдің салтанаты» атты көрме ұйымдастырылып, келушілер Үкілі Ыбырай, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақтың музыкалық аспаптары, сонымен қатар Ақан серінің жеке заттарының көрмесімен танысты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы