Қазақстан • 17 Сәуір, 2018

Цифрлы хабар тарату басталады. Қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтық азаймақ

568 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтық азайып, енді еліміздегі шалғай елді мекен тұрғындары телеарна хабарларын жоғары сапамен көре бастайды. Сонымен қатар ауылдықтар бұрынғыдай 3-4 арна емес, 15 арнаға абоненттік өтемақысыз қол жеткізбек. Бұл жұмыс телерадио хабарларын таратуды цифрлы жүйеге көшірудің арқасында жүзеге асырылмақшы.

Цифрлы хабар тарату басталады. Қала мен ауыл арасындағы ақпараттық алшақтық азаймақ

Телекоммуникация нарығына үлкен өзгерістер әкелген цифрландыру процесі бүгінгі күні әлемнің көптеген елінде жүзеге асырылу үстінде. Сол көшке қосылған Қазақстан да қазіргі уақытта эфирді цифрлы телерадио хабар таратуға ауыстыру жұмыстарын жолға қойды. Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің хабарлауынша, биыл жылдың соңында бірқатар облыста цифрлы хабар таратуды кезең-кезеңімен енгізу басталады. Бірінші кезекте, тура алты айдан соң Маңғыстау облысы көшіріледі, ал желтоқсанда Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарын цифрлық телевизиямен толық қамту жоспаралануда.

Осының нәтижесінде хабар таратуда көрініс пен дыбыстың сапасы барынша жоғарылап, эфирдегі дыбыстың тұнықтығы қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, жоғарыда айтып өткеніміздей, цифрлы жүйе халыққа облыс орталықтары мен Астана және Алматы қалаларында 30 отандық телеарнаны, сондай-ақ ауылдық елді мекендерде 15 телеарнаны абоненттік өтемақысыз, сапалы деңгейде көруге мүмкіндік береді.

«Қалған өңірлерде бұл жүйені енгізу жұмыстары 2020 жылдың соңына дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бұл жоба «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жоспарына енгізілген. Оның аясында 827 радио және телевизия стансасын салу және жаңғырту жұмыстары жоспарланған», деп хабарлады Ақпарат және коммуникациялар министрлігі.

Бүгінгі күні 356 станса салынса, жылдың соңына дейін тағы 292 станса құрылысын аяқтау жоспарлануда, осы қадам халықтың 94%-ын цифрлы хабар таралымымен қамтуға мүмкіндік бермек. Қалған 179 стансаны 2019-2020 жылдары пайдалануға беру жоспарлануда. Айта кету керек, цифрлы жүйені енгізу барысында аналогтық хабар таратуды тоқтату қатар жүргізіліп, бұл жұмыс жоспар бойынша 2021 жылы аяқталмақшы.

Мамандар түптеп келгенде, цифрлы хабар таратуды енгізу ақпараттық өнімнің сапасын арттыруға ғана емес, ақпараттық кеңістікті бекемдеуге де үлкен септігін тигізетінін айтады. Еліміздің шекара маңындағы бірқатар елді мекендерінің көрші елдердің телеарнасы мен радиосын тұтынуға мәжбүр екені қоғамда жиі айтылып жүргені белгілі. Цифрлы жүйені енгізу осы мәселені шешуге де ықпал етпек.

Қамбар АХМЕТ,
«Егемен Қазақстан»