Алайда «Ұста пышаққа жарымайды» дегендей, бүгінгі таңда Маңғыстауда археолог маман жоқ, ал сайын даланың сырына қызығып келген археологтерге тиісті жағдай жасалмағандықтан, жайдақ жүріп жұмыс жасаудың қиындығына шыдамай кері кетуге мәжбүр болады. Көңілге көптен маза бермеген осы ойды зейнеткер ұстаз, өлкетанушы Мұрат Ақмырзаев та үнемі айтып келеді.
Жуырда Бозашы бойынан, нақтырақ айтсақ Шебір ауылынан қыш құмыра табылған еді. Бұл құмыра қай ғасырдың туындысы, Маңғыстауға басқа жақтан әкелінген бе, әлде осы жердің қолтаңбасы ма? Біз Мұрат Мұрзағалиұлымен әңгімемізді осыдан бастадық.
– Тұщықұдық, Шебірде «Жасыл әлем» деп аталатын табиғатты қорғау, құм көшкінін тоқтатумен айналысатын мекеме жұмыс жүргізуде. Шебір бөлімінің қызметкерлері сексеуіл көшеттерін отырғызу барысында құм қашып, ашылып қалған жерден құмыраның түбін көрген екен. Жігіттер оны ата-баба рухы алдындағы зор жауапкершілікпен еппен қазып алып, құзырлы орындарға сол күні-ақ хабарлап, жаңалық хабарды әлеуметтік желілерге жүктеді. Біз де кешікпей барып, құм астында қанша ғасыр жатқаны белгісіз баба мұраны көзімізбен көріп, қолымызбен ұстап, әсерлі күйге бөлендік. Құмыра өте таза сақталған, бүп-бүтін, тіпті бүгіннің су жаңа мүлкі тәрізді. Биіктігі 60 см, негізгі күпшегінің диаметрі 40 см шамасында, сыйымдылығы шамамен 30-35 литр сұйықтыққа арналған. Ұстайтын сабы немесе құлағы болмағандықтан, ол тасымалдайтын емес, сақтайтын ыдыс болды деп жорамалдаймыз. Суды немесе ішінде сақталған қандай да бір сұйықтықты ағызатын арнайы шүмектің орны бар. Құмыра бұл маңнан табылып тұрған жалғыз және алғашқы жәдігер емес. Бұдан бұрын құм арасынан табылған осы тәрізді құмыраның бірі Шебер мектебіне тапсырылғанын білетінбіз. Ал осы ауылдарға жақын Қызан ауылының мектебінде 1978 жылы Жиделінің құмынан табылған сырты көк эмальмен күйдірілген құмыра сақтаулы. «Жасыл әлем» бөлімшесі қызметкерлерінің ежелгі мұраға жанашыр көңілі бізді тәнті етті. Біздің ойымызша, бұл құмыралардың пішімі мен сызықтық өрнектеу стильдерінің ұқсастығына қарай отырып, оларды бір орталықта жасалды немесе бір шебердің үлгісі және материал Маңғыстауда жеткілікті болғандықтан осы жерде жасалынған деп болжауға құқымыз бар, оны дәйектеуге жергілікті мұражайларда сақталған құмыралардың төлқұжаттары мен зерттеуші экспедициялар есептеріне үңілу қажет.
Себебі олардың мөлшері керуенші ыдысы емес немесе сауда мүлкі деуге келмейді, отырықшы елдің қажетіне арналған. Құмыраның жасалған кезеңін, шамамен, керамиканың кең тараған кезеңі – орта ғасырлар деп болжаймыз. Бірақ бұл нақты байлам емес, қай ғасырда, қай орында жасалғандығын ғалымдардың эксперттік талқылауына ұсыну қажет. Сондай-ақ осы өңірлерден табылған тағы бір құнды айғақтың бірі – қола жәдігерлер.
– Табылған жебелер туралы не айтар едіңіз?
– Құмның сақтағыштық қасиетіне байланысты, жебелер өте жақсы күйде. Бұлардың жасалу мерзімі, болжам бойынша, біздің эрамызға дейінгі ғасырлардың үлесіне тиюі мүмкін. Олар табылған аймақта металл қорыту үрдісінде пайдаланылатын флюстік минерал слюданың және балқыту кезінде түзілетін қождың, шала күйдірілген кірпіштің қалдығының табылуы бұл жерде шағын металлургиялық өндіріс орны немесе балқыту орталығы болған деген ойға жетелейді және мұндай материалдардың табылуы көзелердің де, жебелердің де басқа жақтан әкелінбей, сол жердің өзінде жасалғандығына сендіре түседі.
– Ендеше Маңғыстау жерінде өндіріс ошақтары болған ғой...
– Ежелгі тарихи карталардың бірде-бірінде Маңғыстау аймағында өндіріс болды, қала болды дегендей еш мәлімет көрсетілмеген ақтаңдақ күйінде тұр. Осы орайда, арғы қазақ (дейтүркі) мифологиясы ғылымының негізін салған ғалым Серікбол Қондыбайдың адамзат өркениеті дамуына Каспий-Арал аралығы қосқан ерекше үлесті – аңыз, әпсана, ертегі т.с.с. ауыз әдебиетімізде сақталған мифтік кілт сөздерді реконструкциялау әдіснамасы нәтижесінде – Маңғыстауда сақталған ежелгі заман топонимдерімен қатар, металлургиялық терминологияның да сөз түбірлерінің (проформаларының) Маңғыстауда көбірек кездесетіндігін келтірген болатын. Міне, бүгінгі табылып отырған артефактілер Серікбол тұжырымдарының ақиқаттығын қуаттайтын деректер. Ол болжам жасады, біз оған көне деректер арқылы көз жеткізе түсеміз. Ол «Арғы қазақ мифологиясының» бірінші томында Маңғыстаудың тарихы 8 000-10 000 жылдардан бері қарай деп кезеңдерге бөледі. Византия империясының императоры Константин Благородныйдың «Империяны билеу» деген кітабында берілген картада Қара теңіздің бергі жағасы мен Каспий теңізі аралығында «Қазақия» деп жазылған. Демек қазақтың тарихы әріде десек, оның бір пұшпағы Каспий циркумының зерттеуден тыс қалған бөлігі Маңғыстау даласы – әлі ашылмаған арал, сырын ішіне бүккен сандық, өкініштісі оны әр жерден қазір қолымызға түскен деректерге қарап қана айта аламыз. Сондықтан оны ғылыми-тарихи тұрғыда терең зерттеп, талдап, тарихты тануды-танытуды қолға алатын кез келді. Мысалы, Бозашы бойынан табылған бұл жәдігерлер – көлденеңі Дунайдан Байкалға дейінгі, өрісі Бабыр өлкесінен тайгалық ормандарға дейінгі аралықтағы әріде скифтер дәуірінен, беріде жауынгер жасақтар тегінің барлық таңбасы сақталған Маңғыстаудан аттанып, Осман империясын құрған оғыздар дәуірінен жеткен ата-баба мұрасы. «Алтын төбе», «Алтын қазған», «Жездібас» топонимдері, металл өндіруге қажет барлық минералдары бойындағы Қаратау – осы киелі өлкеде қыш ыдыстар, шақпақ тасты, қола, жез, темір қарулар жасайтын өркениеттің бір орталығы Маңғыстау өңірі болды дегенге дәлел. Сондықтан бұл табылған дүниелер осы ойға бастамашы болып, өзінің баға жетпес еңбектерінде айтып кеткен марқұм Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайға қойылуы қажет деп есептейміз.
– Демек зерттеумен айналысатын маман жоқ... Бірақ бұл – бүгін ғана емес, көптеген жылдардан бері айтылып келе жатқан мәселе. Осы күнге дейін шешімін таппауына не кедергі – даланың «береріне» сенбеушілік пе, әлде бойкүйездік пе?
– Мен жергілікті археолог мамандар дайындау қажеттігі мәселесін он жылдан бері көтеріп келемін. Себебі аймақты зерттеушілердің көпшілігімен жүз таныспын, пікірлеспін. 1742 жылы Санкт-Петербург Кунсткамерасына бірнеше сандық Маңғыстаудың тас дәуірі жәдігерлері жөнелтілген, қазір ізі жоқ. Себебі Маңғыстау аймағын алғашқы зерттеушілер негізінен орыс миссионерлері болды. Олар үшін маңғыстаулық құнды артефактілерді жариялау – Маңғыстаудың неліктен киелі өлке деп аталатындығын мойындау болатын еді. Ал кеңестік ғылым Маңғыстауды надандық үлгісін ғана сақтаған көшпелі деп танығандықтан, бұл мәселелерді жасырып, жауып тастап, тіпті орманды дала аймағынан «тапқан» болып отырды. Бірақ дүние жүзі алтын іздеушілері – аңызға айналған ұлан-ғайыр Маңғыстаудың әрбір моласы мен әрбір обасын қопарып қазған, тапқанын иеленіп кеткен. Күні бүгінге дейін «Алтын» және «Айдаһар тісін» іздегендер маң далада өріп жүр. Бұл туралы жуырда ғана «Егемен Қазақстан» газеті «Қара археологтерден қалай қорғанамыз?» деген мақаламен Маңғыстаудағы, тіпті еліміздегі өзекті мәселені орынды көтерді. Маңғыстауда қазба жұмысын жүргізуге өзге елдерден ғылыми сұраныстар да аз емес. Ал Маңғыстаудан кездейсоқ табылған жәдігерлерге эксперттік баға беру үшін, оларды нақты бағалауға «мүдделі емес» Ресей мамандары шақырылады. Өңірдегі жоғары оқу орны – Шахмардан Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінен археология бөлімі ашылғанымен, талапкерлер аз болды деген желеумен жабылып қалды. Шындығында себептің негізі баба мұрасын бағалай білетін жергілікті мамандарға жағдай жасалмауы, оларды жұмыс көлеміне сай қаржыландырудың жоқтығынан туындап отыр.
– Бұл түйткілді мәселені қалай шешуге болады?
– Қазіргі заманда археологиялық, палеогеографиялық, мұражай ісі мамандықтарына оқытуда республикалық, алыс-жақын шетелдік мамандарды тарту ешқандай қиындық келтірмейді. Мемлекет басшысы міндеттеген «Рухани жаңғырудың» еліміздің өткен өркениетін әлемге танытатын, бүгінгі ғылыми қуатымызды баршаға мойындататын нақты, келелі, даусыз тетігі – «Қолданбалы археология» бағдарламасымен дуалды білім беру. Осы бастаманың алғашқы легіне болашақ ұстаздар мен республикалық немесе Каспий маңының аймақтық халықаралық археологиялық зерттеу орталығы көшбасшылары болатын жергілікті жастарды тарту үшін, 2018-2019 оқу жылына әкім грантымен 20-25 талапкер тарту қажет. Бүгінгі шағын жәдігерлердің өзі, халық санасында айтарлықтай қызығушылық пен түсінушілік туғызып, серпін беріп отыр. Демек халыққа керек деген сөз. «Темірді қызған кезде соғатын» дәстүр жалғасын табуы қажет. Әр ауылдан бір мұра табыла қалған жағдайда ол «ұстағанның қолында, тістегеннің аузында» кетпей, нақты мұрагер қолына түсіп, бір орталыққа жинақталар еді, зерттеліп, ғылыми негізделер еді. Осыдан келіп өлкені танудың, тарихты танудың қадамдары бекемделер еді. Өкінішке қарай бізде табылған талай дүние ел-жұрттың қолында жүр. Тауып алғандар оны бағаламай ойыншық есебінде балаларға берсе, жасы үлкендер нышан ретінде балалардың бесігіне немесе бас киіміне тағып қойған. Ал ол жәдігерлердің барлығын жинақтасақ, оның тұтас бір тарихи-мәдени үлгі екендігі дәлелденер еді. Қаратаудағы жез балқытқан орындар, жер астындағы қалашықтардың орны өз зерттеушілерін күтіп жатыр. Әрбір дерекке ол жай жебенің ұшы немесе көзе деп қарамай, өткен шақтың ұшығы, бізге ұстатып тұрған жіптің ұшы деп қарап, соны сарымайдан қыл суырғандай етіп аса мұқият зерттейтін уақытымыз келді деп есептеймін. Тұщықұдық, Шебір, Қызаннан табылған жәдігерлер арқылы уақыт бізге өзі ұран-белгі беріп жатқан сияқты сезіледі және мұндай жәдігерлер тек осы өңірлерден ғана емес, Маңғыстаудың барлық ауыл-аймағынан, ой мен қырдан «табылыпты» деген хабарлар естіліп қалып жатады. Бірақ онымен айналысып жатқан орта жоқ, құнт жоқ, қадағалау жоқ, ешкімде міндеттілік жоқ.
– Бір сөзіңізде Серікбол Қондыбай мен оның еңбегі туралы айтып қалдыңыз. Осы табылған артефактілермен Серікбол еңбегін қалай байланыстырар едіңіз?
– Тығыз байланысты. Бір организмнің бірі жаны десек, бірі тәні – тарихи қаңқасы деуге болатындай бір-біріне етене, бір-бірін толықтыру арқылы бір-бірін аша түсетін құбылыстар. Бұл, зерттей алсақ әлемдік тарихқа енетін үлкен ғылым. Маңғыстауда Еуразиядағы алғашқы қорған қала – Қызыл Үйік, Жібек жолының Каспийдің шығысындағы ежелгі айлақтар – Айрақты, Қызыл қала, Кетік, Құрық, Кендірлі, т.с.с. белгілі деуге болады. Ал тас дәуірінің, қола дәуірінің құндылықтары арқылы тарихты қайта қалпына келтіруге, нақтырақ айтсақ «ұмыттырылған» өткенді тануға болады деп сеніммен айта аламыз. Серікбол Қондыбай арғықазақ мифіне реконструкция жасау барысында, лингвистикалық талдау арқылы түбі мен тілі бір түркі жұрты ғана емес, өз тамырын Алтайдан іздейтін фин-угор, готтарды (гет, хет, хетти) құрметтейтін ағылшындар, қос өзен аралығы арийлерінен шежіре тарататын германдар тіліндегі ортақ тілдік арғықазақтық іргетас-праформаларды теориялық тұрғыдан қалпына келтірді, ал бүгінгі жарыққа шығып отырған артефактілер – оның даусыз материалдық дәйегі.
...Серікбол қайтыс болған соң, ғалымның бір конференциясына келген Қойшығара Салғараұлы Серікболдың кітап сөресіндегі «Қырымның қырық батыры» мен «Батырлар жыры» жинақтарын сыртынан сипап тұрып «қанша байлық осының ішінде жатқанын осы күнге дейін түсінбеппіз ғой» деген еді. Көне жыр, ертегі, аңыздардағы байлық, топонимдер, адам есімдері, біздер ешкім түсінбейді деп бөліп тастап жүрген «архаизмдер» Серікбол үшін тарихты қалпына келтіруге, лингвистикалық сараптаулар арқылы арғықазақ мифологиясын реконструкциялауға теориялық негіз болса, аяғымыздың астында жатқан көзе сынықтары, даладан табылған «тас және қола дәуірінен» жеткен дүниелер – сол теориялардың заттай айғағы, бірін-бірі толықтырып тұр. «Рухани жаңғыру» іргетасына оралу үшін, археологиялық зерттеулер кешенін дамыту қажет. Бұл ұсыныс оң шешімге ие болып, нақты іске асса, өлке үшін, жастар үшін, келешек үшін сауапты да нәтижелі әрекет болар еді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы