02 Желтоқсан, 2011

Халық бағасы

299 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Тарихи әділеттілік. Парламент Сенаты кеше қабылдаған шешімнің хабары жеткенде ойға алдымен осы сөз оралды. Иә, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Халық Қаһарманы» атағын беру мүмкіндігін қарастыратын заңдардың қабылдануын  ең алдымен тарихи әділеттілік актісі деп қарау орынды. Заң жобаларын қабылдау арқылы Сенат халық­тың талайдан бері айтылып келе жатқан тілегін жүзеге асыр­ды. Сенат Төрағасы Қайрат Мәми бұл жөнінде: «Ұсы­ны­лып отырған толықтырулар Президент Нұрсұлтан Назар­баев­тың тәуелсіз мемлекетті құру мен дамытудағы, Қа­зақстанның әлемдік қоғамдастықтағы беделін нығайтудағы тарихи рөлін тиянақтайды» деп өте орынды айтыпты.    Елбасымыз ел сөзін ескереді деп сенеміз. Ашығын айтсақ, ескеруге тиісті де тіпті. «Егемен Қазақстанның» оқырмандарын Елбасымыздың ерен еңбегінің тұңғыш Президент сайлауы өткен тарихи күннің дәл жиырма жылдығында лайықты бағалануымен құттықтай отырып, біз редакция тілшілеріне осы шешімнің қабылдануына тікелей қатысқан Сенат депутаттарымен шұғыл хабарласып, олардың ойларын жұртшылыққа жедел жеткізуді тапсырдық. Осы ұсынысты алғаш жария еткен белгілі тұлға В.И.Двуреченскиймен де телефон арқылы болса да сөйлесіп қалдық. Енді сол пікірлерге кезек берейік. Елбасымыз Нұрсұл­тан Әбіш­ұлы Назарбаевтың мем­лекет алдындағы еңбегі ұшан-теңіз. Президент Қазақ­стан Рес­пуб­ликасы атты осы мемлекетті өз қолымен құрды, оны Тәуел­сіз­діктің тәуекелге толы тайғақ кешулерінен аман-есен алып өтті, елдің ойын биіктетті, бой­ын тіктетті, ха­лық­тың әл-ауқа­тын арттыруға қол жеткізді, елді әлемдік ықпал­дас­тыққа кіріктірді, тұрақты саясаты­мен, қуатты эконо­ми­ка­сымен дүние дидарында сый­лы етті, көп дінді, көп тілді елден ортақ отан­дас­ты­ғын мақтан ете­тін бір­тұтас мемлекет, Қа­зақ­стан хал­қын қалыптас­тыр­ды, ұлтымыз­дың жақ­сы атын жаһанға жайып, абыройымыз­ды асырды, рухымызды асқақ­татты. Біздің еліміздегі осы жи­ыр­ма жылда жүзеге асқан жақсы­лық­тың бәрінің де бастауында бір адам – Елбасымыз тұр. Пре­зидент қабылдаған ше­шім­дер­дің, соның ішінде кезінде біраз адам тосырқай қараған шешім­дердің де, бәрінің  дұ­рыс­тығы уақыт өте келе кемелдікпен кө­рін­ді. Тәуелсіздік та­рихының қи­ын белестерінде Пре­зидент ко­мандасында об­лыс әкімі бо­лып жұмыс істеген адам ретінде мен мұны өте жақсы білемін. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін ха­лық­пыз. Қазақта «Хан – ша­ңы­рақ, халық – уық» деген де ма­қал бар. Біз бүкіл халық болып елдің уығындай қадалсақ, ас­панға көтеретін шаңырағымыз – Президентіміз, дүйім ел ардақ тұтатын, әлем жұрты құрмет­тейтін Елбасымыз. Асыл­ды ба­ғалай білетін халық екенімізді міне, жиырма жылдан бері дү­ниеге танытып келеміз. Сайлау өтсе де, референдум өтсе де халық көңілі баяғыдай. Нұр­сұл­тан Әбішұлына деген сеніміне селкеу түсіп көрген жоқ. Ел сенімін ақтауды ең қасиетті парызы санайтын Елбасы­мызға лайықты құрметімізді кездескендегі ізетімізбен, сөй­ле­ген­дегі сөзімізбен ғана білдіріп қою аздық етеді ендігі жерде. Осылай болуға тиісті еді. Солай болғанына қуанышты­мыз. Осындай шешімнің қа­был­дануына қатысқанымызды мақтаныш етеміз. Болат ЖЫЛҚЫШИЕВ,  Парламент Сенатының Аграрлық мәселелер және қоршаған ортаны қорғау комитетінің төрағасы.