Серіктестік маңындағы бос жатқан 30 га жер телімі қосымша бөлініп берілгендіктен алаңда инвестициялық көлемі 360 млрд теңгені құрайтын төрт жоба жүзеге асырылмақ, олардағы жалпы жұмыс орындарының саны 895 адамды қамтымақ. Алаңда өңір үшін тың кәсіп түрі болып табылатын тоқыма фабрикасын салу жобасының тұсауы кесілді. 97 млрд теңге инвестицияланатын кәсіпорын жылына 32,4 мың тонна иірілген жіп шығарады деп межеленген. Фабриканың құрылысы кезеңінде 200 адам жұмыс істесе, пайдалануға берілген соң 700 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Кәсіпорынға отандық және ішінара өзбекстандық шикізат қолданылып, дайын өнімдер шетелдерге шығарылмақ.
Аталмыш парк аумағында инвестициялық көлемі 80 млрд теңгені құрайтын, қуаты 2х50 МВт газ-турбиналы стансаның құрылысы пайдалануға берілген соң 60 адамды жұмыспен қамтиды деп жоспарланған, қазақстандық шикізатты тұтынып, өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне жеткізуді көздеген болат илеу зауыты жобасы да тартымды болып отыр. Құны 50 млрд теңгеге мөлшерленген зауыт жылына 150 мың тонна өнім өндіріп, 60 адамның жұмыс орнына айналады деп шамаланады. 133 млрд теңге инвестиция салынатын, жылына 150 мың тонна қуатпен жұмыс жасайтын феррохром өндірісінде 75 жұмыс орны ашылуға тиіс. Зауыт үшін қажетті жабдықтарды Германиядан алу жоспарланған, отандық шикізаттан дайындалған өнімдер Жапонияға, Қытайға, Үндістанға экспортталатын болады.
Жақсы жобалар Жаңаөзен қаласының индустриялық аумағында жалғасын таппақ. Мысалы, мұнайлы қалада жүзеге асатын екі инвестициялық жобаға салынатын қаржы көлемі 162,4 млрд теңгені құрап, 210 жұмыс орны құрылатын болады. Қос нысан іске қосылған кезде 1105 адам жұмыспен қамтылмақ. Олардың бірі – ферросилиций қорытпасын шығару зауыты болса, екіншісі – қуаты 2х384 МВт газтурбиналық электр стансасы. Көңілге үміт ұялататын жобалардың қай-қайсысының да қолданысқа берілетін мерзімі келер жылға межеленіп отыр.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы