Футбол • 17 Сәуір, 2018

«Манчестер Сити» мен ПСЖ чемпион атанды

600 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Араб шейхтарының иелігіндегі алып клубтар өз елдерінің чемпионы атанды. Маусым аяқталуға бір ай уақыт бұрын біріншіліктерін жеңген қос клуб соңғы ойындарын қалай өткізді?  

«Манчестер Сити» мен ПСЖ чемпион атанды

Англияның чемпионы болу әсте оңай шаруа емес. Алайда өткен жылдан бері жеңімпаз команда алдын ала белгілі болатын үрдіс қалыптасты. 2017 жылғы чемпионатты Антонио Конте баптайтын «Челси» наурыз айының со­ңына қарай жеңіп алған еді. Көп командада мүмкіндік қалмай, бар­лығы сол жолы бірауыздан «ақ­сүйектерді» мойындаған. Бұл жолы да сол сценарий қай­та­­ланды. «Манчестер Сити» қа­ла­дағы «Манчестер Юнай­тед­­пен» бәсекелесті. Алайда Жо­зе Моуриньо екі кемені қа­тар ұс­тай­мын деп суға кетті. Чем­пион­дар лигасына көңіл бөліп жүр­­генде «Борнмут», «Бэрнли» секіл­­ді­лерден ұтылып, ұпай жоғалт­ты. Ке­йін­нен Чемпиондар лигасында «Севильяға» жол беріп, жа­рыс­тан шығып қалды. Ал өткен апта соңында «қызыл сойқандар» өз алаңында турнирлік кестенің тү­біндегі «Вэст Бромвичтен» жеңі­ліп, чемпиондықтан күдер үзді. Яғни ешқандай мүмкіндік қал­мады. Сөйтіп Хосеп Гвардиола бап­­тайтын «Манчестер Сити» Лон­­дон төріндегі «Уэмблиде» «Тот­­тенхэмді» айқын жеңіп, Анг­лия чемпионы атанды.

Бұл Гвардиоланың же­­тін­ші же­тістігі. Ол осыған дейін «Бар­селонамен» Испан Ла-ли­га­сын 3 рет, Герман Бундес-ли­га­сын 3 мәрте ұтты. Енді екінші жыл қызметінде «Манчестер Си­ти­мен» чемпион атанып отыр. Бап­керлер арасында ол 3 мем­­лекеттің чем­пионы атанды. Ен­ді испан бап­кері тағы бір мем­ле­кеттің клу­бымен чемпион атанар болса, атақ­ты екі бапкердің ре­кордына же­туі мүмкін. Олар –  Моуриньо мен Кар­ло Анчелотти (екеуі де
4 мемлекеттің чем­пионы).

Сонымен қатар өткен апта соңында болған 33-турда Францияның да чемпионы анық­талды. Ұзақ уақыт көш басшы­лықты ешкімге бермеген ПСЖ не­гізгі қарсыласы «Монаконы» 7:1 есебімен ойсырата ұтып, Франция чемпионы атанды. Унай Эмери шәкірттері «Манчестер Сити» се­кілді 5 тур бұрын жеңімпаз бол­ды. Жалпы алғанда соңғы жыл­дары Францияда ПСЖ-ға тең келер ешкім жоқ. Герман Бун­дес-лигасында да ұқсас жағ­дай. «Шальке» командасынан 20 ұпай алға озып кеткен «Ба­вария» чемпиондықты әлдеқашан той­лап тастаған. «Неміс мәши­не­­сінің» қазіргі бар ойы – Чем­пиондар лигасы.

Испаниядағы жағдай бұ­рын­нан белгілі. Мұнда да бір клуб­тың айқын басымдығы сезі­леді. «Барселона» «Реал» (Мад­рид) ұпай жоғалтқан сайын көш­басшылығын нығайта берді. Күні кеше ғана «Валенсияны» жең­ген «Барселона» екінші орын­дағы «Атлетикодан» 11 ұпай­ға ұзап кетті. «Барсаның» чемпио­н­дығынан бұрын, Ла-лигада «Реал» Мадридтің «Атлетикомен» екінші орынға таласы қызықты болып тұрған секілді. Себебі Эрнесте Вальверде шәкірттері қалған 6 турдың 4-еуінде жеңіледі дегенге қазір жас бала да сенбейді. Үлкен чемпионаттардың көбісінде тар­тыс тағдырлары шешіліп қой­ған. Тек Италияның «А» серия­сында қазір бәсеке қызып тұр. «Наполиден» 6 ұпай озған «Ювен­тустың» жағдайы қиындау. Басымдықты сақтап қалу үшін Массимилиано Аллегри жігіт­тері 22 сәуір күні «Наполи» коман­дасымен кездеседі. Одан кейін «Интер» және «Ромамен» ой­науға мәжбүр. Сондықтан да Италия чемпионы кім болаты­нын жақын арада біле қоймай­мыз-ау. Еуропаның алып чем­пио­нат­тарының ішіндегі тартысқа толы жалғыз чемпионат осы Италия болмақшы.

Ермұхамед МӘУЛЕН,
«Егемен Қазақстан»