Жалпы, жария болған ұсыныстарда нақтыланған 5 бағыттың жүзеге асуына негіз болатын жұмыстар Жетісуда жоқ емес, бар. Біз бұл жолғы сөзімізге Елбасы бастамасында көрсетілген тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мен табысы аз жұмысшылардың салығын қайта есептеу және білім саласына қатысты жүктеме жайын арқау етпекпіз.
– Мемлекет басшысы әлеуметтік саланы жаңғыртуға бағытталған 5 бастамасын ұсыну арқылы еліміз үшін өзекті, әлеуметтік салаға жаңа серпін беретін шараларды іске асыруды міндеттеді. Бұл көптен күткен, бәріміздің ойымыздан шыққан бастама болды. Президентіміз оны іске асыру үшін ел экономикасының толық мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Енді сол бастамаларға нақты тоқталып, атқаратын жұмыстарымыздың негізгі бағыт-бағдарына айналып отыр, – дейді Амандық Баталов.
Мысалға, тұрғын үйді пайдалануға беру жөнінен облыс республика бойынша алдыңғы орында. Өткен жылы баспана салу бойынша жоспар 5,7 пайызға артығымен орындалды. Аумағы 646 мың шаршы метрді қамтитын тұрғын үй кезек күткен адамдарға берілді. Яғни қарқынмен салынып жатқан 184 үйдің 94 үйінде қоныс тойы тойланды. Құрылыс жұмыстары барысында 494 шақырымды құрайтын инженерлік желі іске қосылған.
– Облыста құрылыс қарқынды жүргізілгенімен, үй бағасының тұрғындарға қолжетімді болуы қиындық келтіріп отыр. Адамдардың ипотека мен несиеге қол жеткізуі оңай болмады. Енді Елбасы ұсынған «7 – 20 – 25» бағдарламасы арқасында жерлестеріміздің баспаналы болуына жағдай жасалады, – дейді өңір басшысы.
Бұл мақсатта облыстағы тұрғын үй құрылысының көлемін 1 млн шаршы метрге дейін арттыру көзделіп отыр. Қазір аймақтағы баспанаға зәру адамдардың саны 40 мыңның үстінде екен. Ал дайын үй санының көбеюі мен бағаның қолжетімділігі баспанаға мұқтаждықты азайтары сөзсіз.
Осы жерден екінші мәселенің шеті шығады. Яғни тұрғындардың табысы мен төлем қабілетінің аражігін анықтауға қатысты жұмыстарға жіті қарауға тура келеді. Өйткені Алматы облысы аграрлық аймақ болғандықтан, негізінен ауыл шаруашылығында еңбек ететін адамдардың табысы да жоғары емес. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын адамдардың үлкен тобы және бар. Демек жалақысы төмен топтың қарасы қалың. Табыс салығын 1 пайызға дейін азайту бастамасы жетісулықтардың бұл мәселесін шешетіні анық. Есеп бойынша 2 мыңға жуық жалдамалы жұмыс күшінің жалақысы қайта қарауға жатады екен.
Ал білім алуға бөлінетін грант санының көбеюі оқуға ынталы жастардың қатарын да қазіргіден де көбейтетіні анық. Жыл сайын облыс әкімдігі әлеуметтік көмек көрсету жолымен жүздеген жастарға жергілікті бюджет есебінен білім беру грантын тағайындайды. Мәселен, былтырғы оқу жылында 83 түлек түрлі мамандықтар бойынша осы «әкім грантын» жеңіп алған екен. Қазір аймақтағы жалғыз жоғары оқу орны – Жетісу мемлекеттік университетінің күндізгі бөлімінде 3 мыңнан астам студент оқып жатыр. Әрине бұл жерде аздаған мәселе бар. Студенттердің жатақханамен қамтамасыз етілуі мәз емес. Университеттің 2 жатақхана корпусы бар, олар тек 500 адамды қабылдай алады. Мұның сыртында Талдықорған, Талғар қалаларындағы кәсіптік білім беретін арнаулы оқу орындарының студенттері де жатақхана тапшылығын сезінуде. Жақында Жетісу университетінің студенттері үшін тағы да 500 орындық жаңа кампус салуға қаржы бөлініп, арнайы жер бөлінді.
– Студенттерді жатын орынмен қамту дегеніміз университетке ғана қатысты болмауы керек. Аудандардағы кәсіптік білім беретін арнаулы оқу орындарының жағдайы айтарлықтай емес. Талғардағы, Талдықорғандағы колледждердің студенттері жатақханаға сыймай, пәтер жалдауға мәжбүр. Елбасы ұсынған бастама осы кемшіліктерді жоюға мүмкіндік береді, – деген еді бұл туралы аймақ басшысы А.Баталов.
Демек облыс әкімінің әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бойынша атқаратын ісі шашетектен. Әлеумет алдындағы жауапкершілік әкімдердің жұмысына серпіліс әкеліп қана қоймай, Елбасы бастамасын жүзеге асыру жолында сергек болуды ескертеді.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы