Қазақстан • 18 Сәуір, 2018

Алматыда велошеру маусымы басталды

333 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда велошерудің жаңа маусымы ашылды. Спорттық шараға 2 мыңнан астам алматылық қатысып, «Нұрлы Тау» бизнес орталығынан басталып Тұңғыш Президент саябағына дейін жалғасқан 9 шақырымдық қашықтықты еңсерді. 

Алматыда велошеру маусымы басталды

Соңғы жылдары Алматыда қос дөңгелекті көлікті жанына серік еткендердің саны артқан. «Спорттық Алматы» бағдарламасының аясында ұйымдастырылған тоғызыншы маусымның ашылуына келген қатысушылардың сапынан жасы жетпісті алқымдаған қарттар мен мектеп табалдырығын  енді ғана аттаған  жасөспірімдерді де кездестірдік. Веломаусымның ашылуына арнайы келген қала әкімі Бауыржан Байбек қазіргі таңда қалада салауатты өмір салтын сақтау мақсатында бұқаралық спортқа көп көңіл бөлініп отырғанын айтты. Мәселен, аз уақыттың ішінде Алматыда 68 шақырымдық велодәліз салынған.

Оған қоса велосипедтерді жалға беретін «Almaty bike» жобасы қарқынды жұмыс істеп, қаланың орталық көшелерінде 1730 велосипедке арналған 200 велосипед тұрағы іске қосылған. Қала басшысының айтуынша жыл сайын өтетін «Алматы Туры» веложарысы қаланың танымал брендіне айналып, Алматының туристік және спорттық қала имиджі ретінде шетелге танымалдығын арттыруда

«Осындай іс-шаралар қала тұрғындарына уақытын тиімді әрі көңілді өткізуге жақсы мүмкіндік бермек. Осы уақытқа дейін біз қоғамдық көліктерде, көшелерде, саябақтарда, кез келген жастағы адамдар танысып, демалып, жұмыс жасауына қолайлы жағдай жасап келеміз» дейді ол.

Шараға қатысқан әуесқой велошабандоздар арасында 20 велосипед, сонымен қатар өзге де бағалы сыйлықтар ойнатылды. Өткен жылы дәл осы  «Спорттық Алматы» бағдарламасы бойынша қалада 21 велошеру ұйымдастырылып, 21 мың адам қатысқан болатын.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ