19 Сәуір, 2018

Қайырымдылық көмектің қайыры болады

1710 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Табиғат апатына немесе соғыс, қарулы қақтығыс салдарынан күйзеліске ұшырап, аштыққа, босқыншылыққа тап болған елдерге қайырымдылық көмек көрсету – халықаралық қоғамдастықтың игі шарала­ры­ның бірі. БҰҰ-ның Халықаралық соты ондай көмектердің азық-түлік, киім, дәрі-дәрмек түрінде болуын, қару-жарақ түрінде берілмеуін қатаң бекіткен.

Бейбітшіл ел ретінде Қазақстан да бұл іс­тен тысқары қалмай, қиын жағдайларға ұшы­раған елдердің халқына қолдан келгенше қайырымдылық көмек көрсетуде. Бұл іс елі­міздің халықаралық беделін көтеріп, таны­мал­дығын арттыруға үлес болып қосы­луда. Ежел­ден қайырым мен мейірімді бойына сіңірген қазақ халқы мемлекетіміздің мұн­дай істеріне ризашылық білдіріп жатады. Қа­си­етті Құранда да «көршісі аш кезде өзі тоқ жат­қан адам бізден емес» (Хаким, ІІ,15) де­ген сөздер бар. Сол айтқандай, басына іс түс­кен жандарға көмек қолын созбасақ, адам­гер­ші­лігіміз қайсы? Сондықтан да Қазақстан қи­ыншылыққа ұшыраған жандарға қолдан келген қайырымдылық көмегін үнемі жасап тұрады.

Соңғы жылдары ғана Қазақстан жоға­ры­да айтылған себептермен бірнеше елдің мұқ­таж­дыққа ұшыраған халқына көмек қолын созды. Соның ішінде бірнеше жылдардан бері қарулы қақтығыстың салдарынан босқыншылыққа ұшыраған Сирия халқына БҰҰ бастамасымен ұйымдастырылған қайырымдылық көмекке Қазақстан алғашқылардың бірі болып үлес қосты. Ақтау қаласынан шыққан қазақстандық кемелер Сирияның Тартус портына былтыр 500 тонналық қайырымдылық көмекті аман жеткізді. Жүктің ішінде ұн, макарон, ет және сүт өнімдерінің консервілері, шай және т.б. бол­ған еді. Өздерінің қасіретін сәл де болса жеңіл­деткен Қазақстан халқы мен басшысына Сирия өкіметінің өкілдері өз жұртшылығы атынан шын жүректен шыққан алғыстарын жеткізді.

Ал 2015 жылы Қазақстан соғыс қимылдары жүріп жатқан Донецк облысына 300 тонна азық-түлік жеткізіп, сондағы халықтың алғысына кенелген. Бұл көмекті Украина тарабы қабылдап, елдің шығысындағы Донецк аумағына жеткізуге көмек берді.

Қазақстанның қайырымдылық көмегі туралы Украинаның ақпарат құралдары жарыса жазып, халықтың алғысын білдірді. Елі­міз­дегі украин халқының өкілдері де бұл іске ризашылығын айтты. Ұзын саны алты ва­гон­нан тұратын бұл жүкте 128 мың дана ет консервілері, 40 тонна қант, 150 тонна қа­ра­құмық, 36 мың литр май болғандығы айтылған. Бұлардың бәрі Донецк пен Луганск об­лыстарының тұрғындарына таратылып берілді.

Ал былтырғы жазда Қазақстан табиғат апатына ұшыраған Тәжікстан Республикасының хал­қына қайырымдылық көмек ретінде құны 914 мың АҚШ долларына бағаланған көмек аттандырды. Бұл жүк 21 вагонға толты­рыл­ған ұннан, ет және сүт өнімдерінің консер­ві­ле­рінен тұрды. Жалпы салмағы 1320 тонна. Қазақстандық көмекті Тәжікстан Үкіметінің аты­нан қабылдаған ресми адамдар Қазақстан басшысы мен халқына алғыстарын айтты.

Әлемдегі бай мемлекеттер де қайырым­ды­лық көмектер жасауға соңғы кездері қатты ден қойып жүр. Жуырда ғана Францияның прези­денті Эммануэль Макрон Твиттердегі парақ­ша­сын­да Францияның Сирия тұрғындарына 50 млн еуро көмек беретінін жазды. «Қолы жомартқа Құдай береді» демекші, қай кезде болсын жомарт жүрекпен берілген қайырымның қайтары болары сөзсіз.

Қазіргі заманда мұқтаж халықтарға бейбіт мақ­сатпен беріліп жататын қайырымдылық кө­мек тек азық-түлік, дәрі-дәрмек түрінде ғана емес, зияткерлік бағытта да болып жатыр. Қа­зақ­­станның бірнеше жылдан бері Прези­де­нт­тің бастамасымен Ауғанстанның мың­ға жу­ық аза­маттарын өзінде тегін оқытып, маман­дық бе­ріп жатқаны да қайырымдылық көмектің бір тү­рі. 2010 жылдан бастап 2020 жылға дейін Қазақстанда оқып, мамандық алатын осы жас­тар­дың шығынына еліміз 50 млн АҚШ доллары көлемінде қаражат қарастырған. Ал жуырда Назарбаев университетінде «Ауғанстанның да­муына ресми көмек көрсету аясында Қазақстанды қолдау» жобасы аяқталды. Бұл жо­баға 2015 жылғы қазан айында Астанада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Жапонияның Премьер-министрі Синдзо Абэ қол қойған еді.

Жоба – ауған әйелдерінің экономикалық тұрғыдағы дербестігін нығайтуға, мемлекеттік басқару мен денсаулық сақтау бағыттарындағы белсенділігін арттыруға бағытталған. Сонымен қатар ана мен бала денсаулығын жақсарту мәсе­лесіне назар аударды. Оны Назарбаев уни­­верситетімен қатар Жапонияның Халық­ара­лық ынтымақтастық агенттігі және БҰҰ Даму бағдарламасы бірлесіп, семинарларда дәрістер оқып, тренингтер жасау әдісімен өткізді. Алғашқы фазасы 2017 жылғы 8-13 шілде аралығында Астана қаласында болып, оған Ауғанстан Ислам Республикасының мем­лекеттік қызмет және үкіметтік емес ұйым­дар сек­торында қызмет істейтін 24 өкіл қатыс­ты. Екін­­ші фазасы да Астана қаласында, Назар­ба­ев университетінде биылғы 31 наурыз бен 12 сәуір аралығында өтіп, Ауғанстаннан ден­сау­­лық сақтау қызметінде еңбек ететін 30 өкіл қа­тысты. Аталмыш саланың 80 пайыз қыз­мет­керлері әйелдер екенін ескерсек, бұл се­ми­нар­дың толықтай осы қауым өкілдеріне арнал­ға­ны белгілі.

Міне осылай, Қазақстан мұқтаж елдерге барлық формадағы қайырымдылықтарын жасап жатыр. «Кең болсаң кем болмайсың» деген­дей, бұл қадамдар еліміздің әлемдік қоғам­дас­тықтағы беделінің артуына әрі шет мемле­кет­термен ынтымақтастықтың жан-жақты даму­ына үлкен ықпалын тигізуде. Ал осының бар­лығы, өз кезегінде мемлекетіміздің сауда-эко­номикалық, мәдени байланыстарының қар­қын алуына, осылайша орнықты дамуына, әлеу­мет­тің әлеуеті арта беруіне негіз болары анық.

Жақсыбай САМРАТ,

«Егемен Қазақстан»