12 Ақпан, 2010

ДАМУДЫҢ БАСТЫ БАҒДАРЫ

1098 рет
көрсетілді
27 мин
оқу үшін
Үкімет Елбасының жаңа Жолдауында айтыл­ған стратегиялық міндетті орындау үшін кешенді шаралар жүйесін қабылдауға кірісті және ағымдағы жылдың негізгі бағыттарын белгіледі. Жуықта болған Үкімет отырысында Жолдауды жүзеге асырудың Жалпыұлттық іс-шаралар жоспары қабылданды. Ол 21 іс-шарадан тұрады. Соның бастыларының бірі 1 маусымға дейін барлық мүдделі мемлекеттік органдармен және облыстық әкімдіктермен бірлесе отырып аумақтарды дамыту бағдарла­малары әзірленуі тиіс. Бұл бағдарламалар Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарына сәйкес келуі керек. Сонымен қатар арнайы экономикалық аймақтар туралы жаңа заң жобасы, 2020 жылға дейінгі елдің ғылыми-техникалық дамуының салааралық жоспары әзірленеді. Жолдауда бірқатар мәселелер ғылымды дамыту мәселесіне тікелей қатысты болып отыр. Соған сәйкес “Ғылым туралы” заңның жобасы жаңа редакцияда  әзірленеді. Астанада құрыла­тын жаңа университет аясында  Өмір туралы ғылым орталығын, Халықаралық аспаптық орталығын, Баламалы энергетика орталығын құру ісіне пәрменділік беру үшін бұл жөніндегі шаралар заңнамалық деңгейде қабылданды. Жалпыұлттық жоспарға сәйкес бизнес-орта ахуалын сапалы жақсарту үшін бизнеске әкімшілік қысым жасауды азайтуға бағытталған заңнама жетілдірілетін болады. Елдің бюджеті түзетіледі, Ұлттық қорды  қалыптастыру мен пайдаланудың жаңа тұжы­рымдамасының жобасы әзірленеді. Сондай-ақ, Алматыны Азияның жетекші он қаржы орталығының қатарына кіргізу көзделеді. Оны ислам банкингінің өңірлік орталығы ретінде қалыптастыру үшін қор нарығына қатысты жаңа ұсыныстар әзірленеді. Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін құқық қорғау жүйесін одан әрі реформалау шаралары қабылданатын болады. Жалпыұлттық жоспарда басқа да маңызды мәселелер қамтылған. 2009 жыл әлемдік экономика үшін күрделі болғаны белгілі. Көптеген елдердің рецессиядан шығуы ұзаққа созылды. Өткен жылдың екінші жартысындағы оң өзгерістерге қарамастан, Еуроаймақ елдерінің, АҚШ-тың, Ресейдің экономикасы әлі де болса төмендеу ырғағынан шыға алмады. Осындай жағдайда Қазақстан Үкіметі экономиканың ілгері дамуына, банк секторын­дағы ахуалды тұрақтандыруға қол жеткізді. Жұмыссыздықтың өсуіне де жол берілмеді. Ха­лықтың нақты табысы мен әлеуметтік төлемдер көлемі өсті. Осынау қиын шақтың өзінде үлескерлердің проблемаларын шешу ба­тыл түрде қолға алынып, бұл шара жемісін берді. Міне, осының барлығы Үкіметтің, Ұлттық банктің және Қаржы  қадағалау агенттігінің дағдарыспен күрес жөнінде белгілеген  шараларының, “Жол картасын” іске асырудың нәтижесі болып табылады. Бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып жүзеге асырылуда. Алдын ала бағалау бойынша 2009 жылы ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 1,1 пайызды құрады. Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің бағалауы бойынша, дағдарысқа қарсы шаралар экономиканың қосымша 3 пайызға өсуін қамтамасыз етті. Өнеркәсіпте оң нәтижелерге қол жеткізілді. Бұл секторда өндіріс көлемі 1,7 пайызға ұлғайды. Ол негізінен тау-кен өндіру өнеркәсібінің 6,1 пайызға өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Үстіміздегі жылы Үкімет экономи­каның дамуына одан әрі қарқын беруді көздеп отыр. Бұл жылы ішкі жалпы өнімнің нақты өсімі 1,5-2 пайыз деңгейінде қамтамасыз етілмек. Инфляция деңгейін 6-8 пайыз аралығында ұстау көзделеді. Өткен жылғы оң өзгерістерге қара­мастан, сыртқы және ішкі макро­экономикалық тәуекелдер сақталып отырғаны белгілі. Оған әлемдік экономиканың баяу қалпына келуі, әлемдік тауар нарығында баға конъюнктурасының өзгеру қаупінің сейілмеуі, тұтыну нарығында сұраныстың аз болуы секілді факторлар әсер етуде. Сондықтан Үкіметтің күш-жігері биылғы жылы да макроэкономикалық тұрақтылықты қолдауға және дағдарыстан кейінгі дамуға қолайлы жағдайларды жасауға бағытталатын болады. Кәсіпкерлікті, соның ішінде, әсіресе, шағын және орта бизнесті дамыту Үкіметтің 2010 жылға белгілеген басым бағыттарының бірі болып табылады. Осыған орай төрт түрлі бюджеттік бағдарлама әзірленуде. Соның біріншісі “Бизнестің жол картасы-2020” бағдарламасы негізінен өңірлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталатын болады. Ол тұрақты жұмыс орындарын құрушы кәсіпкерлердің банктерден алатын несиелерінің пайыздық ставкаларын субсидиялау, шағын және орта бизнес несиелерін ішінара кепіл­дендіру, индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту, бизнеске сервистік қолдау көрсету, кадр­ларды қайта дайындау мен олардың білік­тіліктерін арттыру, жастар практикасын ұйым­дастыруға ықпал ету және әлеуметтік жұмыс орындарын құру секілді мәселелерді қамтиды. “Экспорттаушы-2020” атты екінші бағдар­лама шикізат емес өнімдерді экспортқа шығару ісін ынталандыру мақсатын көздесе, “Өнім­ділік-2020” бағдарламасы кәсіпорындарды қайта жаңғыртуға, экономикадағы еңбек өнімділігін арттыруға арналған. Ал “Инвестор-2020” бағдарламасы ел экономикасына, қолға алынған инестициялық жобалаға ірі инвесторлар тартуды көздейді. Байқап отырғанымыздай, бұл бағдарламалар алдымыздағы онжылдық мерзімге арналып қабылданбақ. Ал осыларды әзірлеп, іске қосу – Үкіметтің биылғы жылғы басты міндеттерінің бірі. Еліміздің Ресей Федерациясымен, Беларусь Республикасымен бірге Кеден одағын құрғаны белгілі. Кеден одағы ойдағыдай жұмыс істеп кетуі үшін және оның Қазақстанға пайдалы болуы үшін ел ішінде қолға алынатын шаралар аз емес. Соның бастыларының бірі үш елдің арасындағы бірыңғай экономикалық кеңістікті қалыптастырудың құқықтық базасын әзірлеу және жетілдіру болып табылады. Бәсекелестікті арттыру мақсатында кәсіпкерлермен бірлесіп көптеген жұмыстар жүргізіледі. Үкіметтің алдында айқындалған стратегия­лық және ағымдағы міндеттерге сәйкес оның экономика саласындағы басты операторы болып табылатын “Самұрық-Қазына” ұлттық әл-ауқат қоры  да өзінің 2010 жылға арналған қызмет бағыт­­тарын белгіледі. Үкімет отырысында қор­дың басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовтің мәлімдегеніндей, бұл құрылым дағдарыспен күрес жөніндегі ендігі іс-әрекетін төмендегідей бес бағыт бойынша топтастырып отыр. Біріншісі – қаржы секторын  тұрақтан­дыруға қатысты шаралар одан әрі жалғасатын болады. 2010 жылы банктердің  сыртқы қарыздарын құрылымдау саясатын жүргізумен қатар қор   оларды қолдаудың жүйелі түрдегі шараларын жүзеге асырмақ. Қаржы секторын дамытудың жаңа тұжырымдамасына сәйкес, тұрақсыздық факторлары мен дағдарыс кезінде орын алған­дай кемшіліктерді болдырмау үшін корпора­тивті басқару,  тәуекел менеджменті және бақылау жүйелері енгізіледі. Банктердің депозиттік  базасын арттыруға қатысты жұмыстар одан әрі жандандырылады, ол үшін жеке, заңды тұлғалардың қаржысын тар­ту­мен қатар елде жұмыс істеп жатқан шетел­дік компаниялардың  ел ішіндегі банктерден өз депозиттерін ашуына үлкен мән берілмек. Мемлекет әлемдік дағдарыс салдарын еңсеру, ішкі қаржы рыногын тұрақтандыру мақсатында еліміздегі жүйе құраушы банктердің капиталына кірген кезде бұл шараның уақытша екендігін, заман жақсарып, қаржы рыногы тұрақтанған кезде одан қайта шығатындығын мәлімдегені белгілі. Жағдай әлі толық түзеліп кетпесе де “Самұрық-Қазына” қоры өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мемлекеттің банктер капиталынан шығу стратегиясын қазірден бастап ойластыруда. Бұл шара банктер капиталына кері әсер етпес үшін және мемле­кеттен салынған инвестициялардың қайтарым­ды болуы үшін  стратегиялық инвестор  іздеу, айқындау шараларын жалғастырмақ. Сондай-ақ заманның жақсы, ақшаның сапырылысып жатқан кезінде еліміздегі екінші деңгейлі банктердің өздерінің негізгі қызметіне қатысы аз болса да, негізінде пайда қуу мақсатын көздеп лизингтік операциялар мен сақтандыру ісін қоса жүргізіп келгені белгілі. Енді Елбасы тапсырмасына сәйкес алдағы уақытта біріккен қаржылық институттар құру арқылы,  осы қызметтерді банктерден  бөліп алу мәселесі ойластырылуда. Осы іспен де “Самұ­рық-Қазына” қоры шұғылданатын болады. Қор алдындағы екінші бағыт– кәсіпкерлікті қолдау Осы мақсатта  қор “Бизнестің жол картасы-2020”, “Инвестор-2020”, “Лизинг-2020”, Экс­порттаушы -2020” бағдарламаларының  белсенді  қатысушысы болмақ. Мәселен, банктермен бірге екінші деңгейлі банктерден алынған  орта және шағын бизнес субъектілерінің несиелерін кепілдендіру бағдарламасы жүзеге асырылады. Осы үшін “Даму” қорынан 4 млрд. теңге қарас­тырылған. Сондай-ақ ФСА-ның 2 млрд. теңге шамасындағы қаржысы арқылы  орта және шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін лизингтік операцияларды  қаржыландырудың жеңілде­тілген бағдарламасы жүзеге асырылады. Осы мақ­сатта “Самұрық-Қазына” қоры ішінен бі­рік­кен лизингтік  компания құру  көзделіп отыр. Өңірлердегі “Бизнес кеңесші” бағдарла­ма­сын  жүзеге асыру үшін “Call center”,  кәсіп-керлікті қолдау орталықтарын құру  жұмысы жалғасын табады. Қор қазіргі күні Азия даму банкінен  орта және шағын бизнесті қолдау үшін 75 млрд. теңге көлемінде ұзақ мерзімді  несие тартуды жос-пар­лап отыр. Осындай шаралар арқылы “Са­мұрық-Қазынадан” 2010 жылы кәсіпкерлікті қолдау  мақсатында экономикамызға 90 млрд. теңгеден астам қаржы келіп қосылмақ. Бұл отандық кәсіпкерлікті қаржыландыру ісіне қосылатын қомақты үлес болып табылады. Үшінші бағыт—жылжымайтын  мүлік рыногындағы  мәселелерді шешу. Бұл бағыт бойынша 2010 жылы жалпы аумағы 295 мың шаршы метрлік  12 жылжы­майтын  мүлік нысанын  пайдалануға беру жоспарланып отыр. Мұның өзі 13000 үлескердің проблемасын шешуге мүмкіндік береді. ФСА қаржысы арқылы Алматыдағы “Сай­ран”, “Үштөбе”, Астанадағы “Гранд Алатау” тұрғын үй кешендерінің құрылысы жалғасты­рылады. Бұлардағы үлескерлердің саны 2000-нан астам. Жыл аяғына дейін “Тау Сама­лы” кешенінің бірінші кезегі  аяқталады. Сөйтіп 600 үлескер көптен күткен пәтерлеріне ие болады. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында  Астанада  арендалық  тұрғын үй бағдарламасы жұмыс істей бастайды. Қазір осы санаттағы пәтерлерді пайдалануға берудің тиісті тетіктері жасалынып, әзір болды. Қайрат Келімбетов бұл туралы ақпараттардың бұқаралық ақпарат құралдарында және “Самұрық-Қазына” қоры мен Жылжымайтын мүлік қоры  сайттарында  жарияланатындығын айтты. “Тұрғын үйді бөлу барынша ашық түрде жүзеге асырылады. Пайдалануға берілетін әр үй үшін өтініштерді жинау және қарастыру  жұ­мыстары жүргізіліп, қоғамға қажетті ақпараттар баспасөзге беріліп тұрады” деді қор төрағасы. Азаматтарды  қол жетімді үймен қамтамасыз ету үшін  тұрғын үй  құрылыс жинақ жүйесі мен  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жұмысы жан­дан­дырылады. Жаңа механизм бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі өз қарыз алушылары тарапынан  сатып алушы топтарды жасақтайды, оның тапсырысы бойынша құрылыс инвестор­лары үйлерді бітіреді және пайдалануға береді, ал әкімдіктер құрылыс салу үшін жер учаскелерін береді. Қазір осы схемаларды  жүзе­ге асыру тетіктері жасалынып, нақтылану үстінде. Бұл шаралар құрылыс индустриясына жаңа дем беріп, 2015 жылы құрылыс саласының ішкі қажеттілігінің 80 пайызын қазақстандық тауармен  қамтамасыз етуге  мүмкіндік береді. Төртінші бағыт — қазақстандық үлесті  арттыру. Қор 2010 жылы 2 трлн. 352 млрд. теңгенің тауарлары мен қызметтерін, жұмыс­тарын сатып алуды жоспарлап отыр. Оның 72 пайызы қазақстандық өндірушілер мен  жабдық­таушылар үлесіне тиетін болады. Сөйтіп 2010 жылы  тауар сатып алу екі есеге артады. Осы мақсатта отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді  келісім-шарттарға қол қойылмақ. Мәселен, 2009 жылы “Алатау Жарық компа­ниясы”, Кентау трансформатор зауыты, “Электрокабель” зауыты, “Локомотив” АҚ, “Қамқор” жөндеу  корпорациясы” арасында ұзақ мерзімді  келісім-шарттарға қол қойылды.  Бұл отандық  кәсіпорындар  өн­дірісінің тұ­рақ­тылығын қам­тамасыз етті. Бесінші ба­ғыт – индус­трия­лық-инновация­­лық  жоба­лар­ды  жүзе­ге асыру. Қор мен оның тобындағы компаниялар 109 млрд. АҚШ долларына тең 157 инвестициялық  жобаны жүзеге асыру үстінде. Бұл энергетика, хи­мия, металлургия, көлік және  теле­ком­муникация, ин­фрақұрылым, мұнай-газ секторы  және өзге де сала­лардағы жобалар. 2009 жылы осы жобаларды жүзеге асыру аясында 1,3 млрд. АҚШ доллары  игеріл­ді.  Алайда, инвестицияның негізгі бөлігінің 2010-2014 жылдар аралығына  сай келетінін де ескеру керек. Қордың 19 млрд. АҚШ дол­ла­рына сай  24 жобасы “Ин­дустрия­­­ландыру картасына”  енгізілген. Оның 20-сы 2010 жылы  жүзеге асырылатын болады. Бұған қосымша, 2010 жылы Қазақстан Даму банкі стратегиялық инвестициялық жобалар қатарына кірмейтін  10 жобаны  пайдалануға береді. 2010 жылдың 1-тоқсанында Павлодардағы  жүк вагондарын жасау кәсіпорны, Балқаш ЖЭО, Қызылордадағы Ақшабұлақ ГТЭС, Алматыдағы  трансформаторлық  подстансалар, Ақтаудағы битум зауыты іске қосылады. Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты кеңейтіледі. Сондай-ақ осы жылы  Павлодарда “Каустик” зауыты ашылады. Тараз металлургия зауытын  қайта жаң­ғырту мен жарақтандыру жұмыс­тары және Медеу-Шымбұлақ  кешенінің құрылысы аяқталатын болады. Жобаларды қаржыландырудың  негізгі  көзі Қытай Эксимбанкі, Қытай Мемлекеттік даму банкі,  ҚР Ұлттық қоры және өзге де қаржылық институттар. “Қаржы секторын тұрақтан­дыру,  орта және шағын кәсіпті дамыту,  жылжымайтын мүлік рыногындағы  мәселелерді шешу,  қазақстандық  үлесті арттыру, индус­триялық және инфра­құрылымдық  жобаларды  іске қосу секілді міне, осындай кешенді шаралардың нәтижесінде еліміздің алдындағы Елбасы айқындаған басты бағыт – Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиясын жүзеге асыруға сенімді алғы­шарттар мен жақсы мүмкіндіктер қалыптасатын болады” деді Қайрат Келімбетов. Үкімет 2010 жылы міне, осындай шараларды атқармақ. Соңғы екі жыл бойы әлемдік дағдарыс шеңберінде Үкімет өткізіп отырған “қолмен басқару” саясаты экономикада күшті теңгерімсіздіктерге жол бермей, белгілі оң нәтижелерді көрсеткені белгілі. Алайда, дағдарыстан кейінгі кезең – нарықтық басқару қағидаттарын қалпына келтіру мен дамытуға, екінші жағынан экономиканың тең және сапалы дамуын қамтамасыз етуге баса назар аударылған жаңа жүйелі және құрылымдық реформаларға көшетін уақыт. Қазір оның да сәті  жетіп қалған секілді. АУЫЛДАҒЫ ЖЕҢІЛ ӨНЕРКӘСІПТІҢ ҚАРЛЫҒАШЫ Республика Президенті Нұр­сұлтан На­зарбаевтың халыққа арнаған “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қа­зақстанның жаңа мүмкіндіктері” Жолдауында экономи­калық өр­леуді қамтамасыз ету мақсатын­дағы жаңа мүмкіндіктер атап көр­сетіліп, ел назары­на ұсынылды. Жолдауда “Отандық тауарлар – 2020 жоспарын жүзеге асырудың табыстылық индикаторы” бөлі­мінде шикізаттық емес экс­порт­таушыларды қолдау индус­трия­ландырудың шешуші бағыты екендігі атап айтылған. Осы орай­да нарықтың алғашқы жылда­рында қалыпты ырғақтағы мал өнімдерін өңдейтін құрылымдар жұмысын тоқтатып, сұранысты қанағаттандыру мәселесі шешімін таппай, шаруалар өнімдерін өткізудің қиындығын бастан кешірген кез еске түседі. Бағалы шикізат саналатын жүн өңдеу көп уақытқа дейін жалпы шаруагерлердің басын “ауыртқан” мәселесі болып келе­ді. Бірде-екілі ұсақ мал ұстағандар мен іргелі кооператив, шаруа қожалықтары тонналаған жүнде­рін қайда өткізерін білмей, арадағы делдалдарға арзан бағаға су тегін берді. Ол шетел асып, кейіннен өңделіп, өзімізге дайын тауар түрінде қымбатқа түсіп, оралғаны белгілі. Жаңалыққа жаны құмар азаматтар осы мәселе төңірегінде ойланып, оның қиюын келтіру мен жүнді ұқсату, өңдеу арқылы пайдаға жаратуды көздеген. Райымбек ауданына қа­расты Текес ауылындағы  “Текес-Түбіт” АТК және “Қуат” жүн өңдеу фабрикасының басшысы, кәсіпкер Қаһарман Күдер келе­шегі кемел шаруаға білек сыбана кірісіп, көп жұмыстың басын қайырды. Ауыл шаруашылығын қолдау несие корпорациясы ар­қылы өткен жылы 160 млн. теңге қаржыға Қытайдан шикізатты өңдеуге қажетті құрал-жабдық әкелінсе, шаруалардан дайын­да­ла­тын жүнді тасымалдауға қажетті жүк көліктері мен басқа да тех­никалары бар станса негізі қа­лан­ған. Аталған құрылымды то­лық іске қосу үшін 0,5 млн. доллар қар­жыға бұдан бұрын іргетасы қаланып, жұмысы жүйеленген Текес өзеніндегі шағын су электр стансасы толықтай шетелдік құ­рал-жабдықпен жарақ­танды­рылды. Бүгінгі күннің мақсат-мүдде­сін зерделеген кәсіпкер көршілес Жамбыл, Қарағанды, тағы басқа облыстармен түйе, қойдың бар­лық түрінен алынатын жүнді өң­деу, сатып алу жөніндегі бай­ланыс­тарын нығайтқан. Таулы аймақтардағы халықтың негізгі күнкөрісі мал шаруашылығы болғандықтан, жүнді табыс көзіне айналдыру мақсатындағы бастама баршадан қолдау тапқан. Қазақы жүннен түбіт түтілетін, киіз шыға­ратын, көрпе, жылы пима жасай­тын зауыт бүгінде жұмысын бастап кеткен. Мұнда арнайы  Қытайдан келген сала мамандары жергілікті тұрғындарға жаңа техноло­гияны үйретіп, кәсіби мамандар даярлау қолға алынса, оны тұрақтандыру мәселесіне де назар аударылған. Жүн өңдейтін фабриканың тоқтаусыз жұмыс істеуі оның қуат көзімен қамтама-сыз етілуіне байланысты екені дау­сыз. Осы мақсатта шағын су электр стансасын іске қосу мәсе­лесі де шешімін табуда.  Шағын және орта кәсіпкерліктің “әліп­песін” білетін, жүн өңдейтін жоға­рыдағы фабрика басшысы қолға алған жұмыстар мен ертеңгі жоспарлары жайлы былайша ой өрбітті. – Елбасының жолдауларында отандық өндірісті нығайту, шикі­затты өңдеу мәселелері кеңінен көтеріліп, міндеттер айқындалған. Осыған орай ауылды көркейтудің, шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың, халықты жұмыспен қамтудың барлық тетіктерін іске қосу үшін 1991 жылы “Қуат”, 2007 жылы “Текес Түбіт” жүн өңдеу фабрикаларының іргетасын қалап, жұмысты бастап кеттік. Мемлекет тарапынан болашағы зор жұмысқа қолдау көрсетуі де бізді жігерлендірді. Қолдау нәти­жесінде жұмысты тоқтатпай жүр­гізу үшін ауыл шаруашылығын қолдау несие корпора­ция­сынан алынған қаржыны тиімді пайда­ла­­нып келеміз. Қазіргі кезде Же­тісу өңірінде жіңішке талшықты жүннің 85 пайызы өндірі­леді. Аталған құрылымда жылына 7 мың тонна жүн жууға мүмкіндік бар. Өйткені, “архар-меринос” 19 микронды жүн ретінде әлемдік рыноктағы бағасы жоғары шикі­зат. Жүннің осы түрінен сұраныс­қа ие тауар түрлері өндіріледі. Демек, жіңішке талшықты жүнді қой өсірудің онжылдық бағдар­ламасын қабылдау қажеттігін сезінгендейміз. Фабрикада сұра­ныс­қа ие әртүрлі түбіт және ені 4 метрлік қалың, сапалы киіз басып шығарылуда. Сонымен қатар денсаулыққа пайдалы, жылы әрі арзан пима тұтынушыға жөнелтілуде. Ал, “Мұқтар” корпорациясы өрнекті, сапалы көрпе шығару мақсатында қажетті техникалық құрал-жабдықпен қамтамасыз етілді. Енді мал шаруашылығымен айналыса­тындар “архар-меринос” қойын өсіруді кеңінен қолға алса, жүнді өңдеу мен ұқсатудың алдағы бағыты айқындалатыны сөзсіз. Бүгінгі күні тез жанатын қы­тай­лық құрылыс материалдары кеңінен пайдаланылып келеді. Осының әсерінен көптеген келеңсіздік­тер орын алғанына куә болып жүрміз. Фабрикадағы өңделген жүн қалдықтарынан құрылысқа қажетті жанбайтын, суық пен ыстықты өткізбейтін, төзімді отандық өнім шығаруды қолға алдық. Демек, бағалы шикізатты тиімді пайдалан­сақ, оның табысы мен адам денсаулығына тигізетін пайдасы зор. Бүгінде әр кило жүн­­нің бағасы 100 теңгеден ас­пайды. Ал, оны өңдеп, тұты­нушыға тауар үлгісінде ұсынғанда оны еселеп, қыруар қаржыға қол жеткізу мүмкіндігі бар. Кәсіп­орын басшысы қарапайым есепті де алдымызға жайып салды. Мәселен, 1000 тонна жүн жуы­лып, сатылатын болса, 24 млн. теңге пайда түседі екен. Егер осы жүннен түбіт, киіз, пима, қазақы үй жасалса, 396 млн. теңге болып қаржы еселене түсетін көрінеді. Осы бағалы шикізаттан бельгия­лық құрал-жабдықты пайдала­нып, тығыз, қалы кілем шыға­рыл­ған­дағы тұтынушы сұранысы мен бағасы тіпті де  көтерілетінін нақты цифрларды сөйлете отырып, дәйегін келтірген басшы пікірін қолдауға болады. Болашағы баянды зауыттың негізін қалаған жандар кілем фабрикасының жоба-жоспарын жасап, несие алу мақсатында құ­жаттарын тиісті орындарға өткі­зіпті. Осындай күрделі жұмыс­тардың ертеңі өлкедегі “архар-меринос” қой тұқымын көбейту­мен байланыстылығын да айта кеткен жөн. Демек, ұсақ малдың осы түрін өндіру жағына көңіл бөлінсе, көп мәселенің түйіні тарқатылатын көрінеді. Қазіргі кезде Текес ауылында­ғы аталған фабрикада 24 адам еңбек етсе, олар жаңа қон­дыр­ғылар арқылы түбіт, киіз шыға­руда. Кәсіпорындағы Гүлзия Нарынбаева, Дастан Төлеев, Фарида Набиева, тағы басқа да жастардың алғашқы қадамдары құптарлық. Ал, “Қуат” серіктестігі  жүн қабылдап, оны тазалап жуып, шикізатты отандық өнімге ай­налдыру үшін еңбек етуде. Мұнда 34 адам еңбекпен қамтылса, жұмысшылардың әлеуметтік жағ­дайын жақсартуға назар аударыл­ған. Сонымен қатар жүн қабыл­дау маусымына осы бастан дайын­далған фабрика ұжымы қоймаларды, басқа да жөндеу жұмыстарының тиянағын кел­ті­руді қарастыруда. Жүн қабыл­дайтын маман­дар мен тасы­малдайтын техника жеткілікті. “Текес Түбіт” және “Қуат” жүн өңдеу фаб­рикасының ұжымы шаруалардың сұранысын қанағат­тандырумен қатар Райымбек ауданы­ның бюджетіне де қомақты қаржы аударып келеді. Өткен жылы аудан қоржынына 8 млн. теңге қаржы түссе, ағымдағы жылғы жоспарлары толық жүзеге асқанда оның еселеп артатынын да ортаға салды. Ауылдағы халықты жұмыспен қамтып, бағалы шикізатты өңдеу, ұқсату  арқылы мал­шы қауымы­ның қажетін өтейтін құры­лымның ертеңіне деген ел сенімі күн өткен сайын нығайып келеді.