Талдықорған мен Ташкент арасын жақындата түскен сапардың алғашқы күнінде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өзбек топырағында мәңгілік тыныс тапқан Төле би бабамыздың кесенесіне тәу етті. Өзбек тарапы жетісулық меймандарға қонақжайлық танытып, көне Ташкент шаһарының көрікті жерлерін көрсетті.
– 2018 жылды екі ел президенттері «Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» деп жариялаған болатын. Бұл бауырлас екі мемлекеттің өзара байланысын жаңа деңгейге көтеретініне сенімдіміз. Алматы облысы – Қазақстан Республикасындағы табиғи байлығы мол, инвестициялық климаты қолайлы аймақтардың бірі. Осы кездесулер арқылы екі жақтың кәсіпкерлері өзара тиімді серіктестік қатынастарын дамытудың жаңа бағыттарын ашады деген үміттеміз, – деді облыс әкімі ресми сапардың ашылуында.
Табиғаты көркем, жерұйық өлке атанған Алматы облысының туристік әлеуетін арттыру жолында Өзбекстаннан үйренетін де, оларға үйрететін де тұстар баршылық. Әсіресе киелі орындарға келуші туристерге толыққанды жағдай жасау жағынан ташкенттік іскерлердің тәжірибесі сабақ алуға тұрарлық екен. Өзбек астанасы мен жақын маңдағы ірі қалалардағы тарихи ғимараттар мен көне дәуірден келе жатқан Шығыс өркениетінің жауһарларын тамашалаушылар қатары жыл сайын көбейіп келеді. Табиғат сыйлаған ерекшелік пен ұлттық қонақжайлылық дәстүрі Өзбекстанды Орталық Азиядағы туристік әлеуеті жоғары елге айналдырып отыр. Бұл жағынан Жетісу өлкесінің әлі де ізденетін тұстары көп.
Жалпы, қазір әлем елдері арасында экономикалық байланыс алдыңғы орынға шыққаны анық. Қазақстанның қолайлы геосаяси жағдайы мен сыртқы нарыққа шығатын транзиттік әлеуеті Өзбекстанды да қызықтырады. Әсіресе Қытай нарығына көкөніс пен астық өнімдерін экспорттауға бейілі ауып отырған ел бұл бағытта Қазақстанды стратегиялық әріптес ретінде мойындайды. Ал Шығыстағы сауда қақпасы ретінде Жетісу аймағына деген қызығушылық зор. Алматы облысының ресми делегациясымен болған кездесулерде осындай ой ашық айтылды. Яғни Өзбекстанның Қытай нарығына шығатын транзиттік алаңы ретінде облыспен тығыз қарым-қатынас орнатуға ықыласы ауып отыр. Мысалға, өзбек тарапы Жетісу өлкесінде сыртқы нарыққа шығарылатын астық пен көкөніс түрлерін сақтайтын қоймалар ашуға мүдделі. Іс тетігін тапса, облысқа қомақты инвестиция құйылады.
Сондай-ақ Өзбекстанда шығарылатын ауылшаруашылық техникаларына Қазақстан тарапынан сұраныс артып келеді екен. Оның ішінде аграрлы аймақ ретінде Алматы облысының үлесі мол. Әрі «Узагротехмаш» компаниясының зауыттарында жасалатын техниканың бағасы қолжетімді. Демек жетісулық диқан, шаруа үшін тиімді ұсыныс болатыны анық. Осы жайды зерделеген облыс әкімі Амандық Баталов өзбекстандық зауыт иелеріне ұсыныс айтып, техникаларды Алматы облысында құрастыруға шақырды. Бұл өз кезегінде ішкі нарыққа тікелей жол ашып, машина, трактор бағасының арзандауына әсер ететіні аян.
– Біз сіздерді барлық инфрақұрылымы тартылған «Талдықорған» индустриялық аймағынан жинақтау цехын ашуға шақырамыз. Бұл өнімдеріңізді Қазақстан нарығына ғана емес, өзге елдерге қысқа мерзімде жеткізуге мүмкіндік береді, – деп атап өтті шаруа жайын Амандық Баталов.
Өз кезегінде Өзбекстан Республикасының вице-премьері Нодир Отажонов елде техника шығару көлемі артып келе жатқандықтан, облыс әкімінің бұл ұсынысы қызығушылық туғызғанын айтты. Мәселен, холдинг өткен жылы 1,5 мың бірлік техника шығарса, биылғы жылы бұл көрсеткіш 6 мыңға жетпек. Н.Отажоновтың пайымдауынша, бұл сыртқы нарыққа шығудың да қажеттігін көрсетіп отыр. Сондықтан да өзбек тарапы жақын арада нарық мүмкіндіктерін бағалап көру үшін Алматы облысына өз өкілдерін жіберуге ниетті.
Алматы облысы мен Өзбекстанның инвестициялық әлеуеті туралы жарқын әңгіме Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған бауырлас елдің іскерлік компанияларымен болған кездесуде жалғасын тапты. Бүгінде Алматы облысының Өзбекстанмен сыртқы тауар айналымы 36 млн АҚШ долларын құрап отыр. Оның ішінде Өзбекстанға шығарылған экспорт 15,8 млн АҚШ доллар болса, импорт 20,2 млн АҚШ долларына жеткен. Өзбекстаннан Жетісу өлкесіне минералды тыңайтқыштар, моторлы көлік құралдары, жеміс-жидектер, басқа да ауылшаруашылық өнімдері жеткізіледі.
Іскерлік кездесулердің нәтижесінде Алматы облысы әкімдігі мен Андижан облысының хокимияты өзара түсіністік туралы меморандумға қол жеткізді. Екі жақты байланыстың тереңдеуіне жол ашатын құжатқа өңір басшысы Амандық Баталов пен Андижан облысының хокимі Шухратбек Абдурахманов қол қойды.
«Өзбекстанның Қазақстандағы жылы» аясында өткен сапарда Алматы облыстық Сүйінбай атындағы филармониясының шығармашлық ұжымы өзбек халқына ән мен күйден шашу шашып, қазақтың төл өнерін көрсетті. Сондай-ақ ала тақиялы ағайын назарына «Алтын адам» табылған өңірдің шежіресін әйгілейтін тарихи жәдігерлер көрмесі де ұсынылды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы
Суретті түсірген Жұмабай МҰСАБЕК