Тіпті шотқа қағып, есепке алар болса, мұндай шараның өзі бюджет қаражатының үнемделуіне аз шарапатын тигізбейтін болса керек. Шенеуніктерге салсаңыз, тұрғындар мұндай игі шараға қарсы болмауы керек: несі бар, тазаласа – өздері тұратын қала, аула, ортақ шаруаның қамы. Патриотизмнің өзі осындай ұсақ-түйек шаруалардан бастау алмай ма?
Кеншілер астанасында 9 сәуірден бастап 1 маусымға дейін кезең-кезеңімен сенбілік акциялары өтпекші. «Барша қарағандылықтарды сенбілікке қатысуға шақырамын. Өз аулаларыңыздағы сәкілерді сырлап, ағаш отырғызыңыздар. Бұл – біздің дәстүріміз, ортақ жұмысымыз. Сенбілік – жазды таза ауламен қарсы алу үшін керек», деді Қарағандыдағы Қазыбек би ауданының әкімі Татьяна Шатохина.
Қарағандының атқамінерлері екі алақанды ысқылап, сенбілікке мұқият дайындалған екен. Мұндай мүмкіндікті қалайша мүлт жіберуге болады? Сонымен Қазыбек би ауданы бойынша 15 000 гектар аумақ күл-қоқыстан тазаруы керек екен. Сенбілікке қатысуы тиіс адамдар саны да есепке алынып, тізімге тіркеліп қойғанға ұқсайды. Яғни бұл күндері көшеге 87 мыңнан астам адам қолдарына қараған сыпырғыш пен күрек алып, қыстан қалған қоқысқа қарсы майдан ашатын көрінеді.
Ерікті түрде сенбілікке шығатын белсенді азаматтарды екпінді еңбекке ынталандырып қою жағы да ұмытылмаған. «Ең үздік аула», «Бүкіл отбасымен ағаш ек» деген жыл сайынғы акциялар биыл да жалғасын таппақ.
Әлбетте, өмір сүретін қалаңның, тұрып жатқан аулаңның мұнтаздай таза болғанын кім жек көрсін. Қарағандылықтардың қала басшыларының үндеуіне түсіністікпен қарайтынына күмән жоқ. Жұрттың бәрі тізімнен қорқып қолына күрек, сыпырғыш алады деп мұқатудың жөні жоқ шығар. Олардың ішінде де саналы түрде көше сыпыруға шығып, туған қаласындағы тазалықтың тілмен жалағандай болуын қалайтындар болуы әбден мүмкін ғой.
Таяуда өңір басшысы Ерлан Қошанов Қарағандыдағы Сәтбаев көшесін жаяу аралаған екен. Сөйтсе, осыдан екі жыл бұрын жөндеуден өткен көшенің сау-тамтығы қалмапты. Аппарат жиынында осы жайтты айта келіп, өңір басшысы қала әкімі Нұрлан Әубәкіровті сынның астына алды. «Қаланы қоқыстан жақсырақ тазарту қажет. Кеше таңертең мен Қарағандыны аралап шықтым. Түсінікті, әрине қар енді ғана еріді, бірақ біз қоқысқа көміліп жатырмыз. Бір аптадан соң мен үнемі қаланы аралауға шығатын боламын. Нұрлан Ерікбайұлы, сіз қаланың басшысы ретінде ертерек ояныңыз. Мен емес, сіз қаланы үнемі аралап отыруыңыз керек», деді Ерлан Қошанов.
Қала әкімі бар кінәні қар суына артты. Бәріне кінәлі – қыста жауып, көктемде еритін қар екен. Мердігерлер солай деп түсіндіріпті қала әкіміне. Әрине шаһар басшысының мұндай уәжі облыс әкімін қанағаттандырмады. Өңір басшысы бас мердігерден тындырған жұмыстарының сапасына жауап беруін талап ету керектігін айтты.
Қазақта «Ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген бар. Енді қала әкімі облыс басшысының ескертпесінен кейін бұрынғыдан да ертерек тұратын болар. Тек, мәселе мұнымен біте қойса жақсы ғой. Гәп істің қиюын табуда, шаруаны ұйымдастыра білуде. Әйтпесе Қарағанды сияқты қазыналы шаһардың коммуналдық салада тәртіп орнатуға қажетті қаржылық һәм техникалық мүмкіндігі жоқ дегенге кім сенсін?
Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ
Суретті түсірген Ерлан ОМАР,
«Егемен Қазақстан»