Бұл туралы Алматыдағы «Атакент-ЭКСПО» көрме орталығында Египеттің Қызыл теңіз (Хургада) провинциясының губернаторы – Ахмед Абдулла мен Оңтүстік Синай губернаторы (Шарм-әл-Шейх) – Халид Фоданың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында кеңінен айтылды.
Соңғы жылдары елімізден Египетке саяхаттаушылардың саны еселеп артқан. Әлем тарихынан ойып тұрып орын алатын ежелгі Мысырдағы мәдени орындар мен көне жәдігерлер жаһандық мәдениеттің жауһары саналатыны белгілі. Осы ретте Қызыл теңізге барып, маржан жағалауды көруге ниеттенген ел азаматтары үшін туристік ұсыныстар ауқымы артып отыр. Бұл тұрғыда екі мемлекет арасындағы туристік байланысты жандандыру мақсатында қолға алынған бірқатар келісімдер бар. Елімізге арнайы келген қос аймақтың басшылары ынтымақтастық және инвестициялық серіктестікті нығайту барысында Қызыл теңіз провинциясы мен Оңтүстік Қазақстан облысы, сондай-ақ Алматы мен Астана қалалары арасында туристік қарым-қатынас орнату туралы бірқатар меморандумға қол қоюдың маңыздылығына тоқталды.
– Биыл біздің компаниямыздың көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3 есе өсті және қазір біз Қазақстанның 4 қаласынан Мысырға ұшамыз. Өткен жылдың көрсеткішімен алып қарар болсақ, бір рейстің чартерлік нарығы Қазақстаннан жалпы алғанда 12 рейске дейін өсті. Бүгінгі күнге дейін Египет – бұл қонақүйлердің «барлығы қосылған» бағыты бойынша жұмыс істейтін ұқсас ұсыныстары бар елдермен салыстырғанда бағасы 2-3 есе төмен мемлекет. Тұтынушылар үшін бұл барынша тиімді ұсыныс. 2018 жылдың сәуір айынан бастап Алматыдан Хургадаға және мамырынан бастап Астанаға ұшу бағыты іске қосылатын болады, – дейді KAZUNION қазақстандық туроператордың негізін қалаушы Лаура Ғалиева.
Жауапты мамандардың айтуынша, жаңа рейстердің тиімді тұстары көп. Мәселен, Қазақстаннан барған отбасыларға арналған қонақүйлердің 90%-дан астамы балаларға тегін тұруды қамтамасыз етеді. Оған қоса, Шарм-әл-Шейх және Хургада әуежайлары туристік рейстерді ұстауға арнайы төмен тарифтерді енгізгендіктен, тасымалдау құны бұрынғыдан едәуір төмендеген. Хургададағы ұшу бағдарламасы құмды жағажайларға және барлығын қоса алғанда, кішкентай туристерге арналған ұсыныстарды кеңейткен. Туристер Шарм-әл-Шейх курортына ұшып кетсе, визасыз кіру мүмкіндігі де қарастырылған көрінеді. Айталық, Қызыл теңізге 10 күнге сапарлар болсаңыз, әуе тасымалы, бес жұлдызды қонақүй, барлық уақыттардағы тамақтану, осының бәріне қалтаңыздан жан басына шаққанда 250 мың теңге жұмсалса керек.
2017 жылдың жаз айларында аталған аймаққа саяхаттаушы ересек туристердің саны 73 пайызды, 2 жастан 12 жасқа дейінгі жеткіншектер – 24 пайыз, ал 2 жасқа дейінгі балалар 4 пайызды құраған.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»