Осындай керемет Қазалы ауданы аумағындағы «Қараболат әулие» атанған жерде де бар. Мұнда тақта тастар емес, жер астынан жақпар-жақпар болып қара тұз шығады.
Қ.Пірімов атындағы ауылдан отыз шақырымдай жердегі тұзды көлдің ені 50-60 метр, ұзындығы 600 метрге жетеді делінеді.
Сол маңдағы кісілердің айтуынша, ел басына түскен ашаршылық кезінде Қараболат деген кісі осы көлге келіп, несібесін айырыпты. Тұз сатып күн көрген.
Емдік қасиеті көп қара тұзға жұрт шілденің онынан тамыздың онына дейін келіп, шомылады екен. Қара тұз – қышыма және әртүрлі тері аурулары мен буын аурулары, суық тигенге пайдалы дейді қасиетіне қаныққан жұрт. Бүгінде мал арасында аусыл дерті көбейіп тұр. Уақытында емдесе жазып алады. Асқындырып алса ауру таратады деп Зеңгі баба тұқымын өлтіріп, өлексесін өртеп Беккер құдығына тастайды. Дәулетін арттырып отырған малының арам өлгені иесінің қабырғасына аяздай бататыны анық. Ауыл ақсақалдары осы қара тұзды малға жалатса, аусыл дертінен айықтыратынын айтады. Бұл да ойланатын жағдай.
Балшығы да, суы да ем қара тұздың осындай кереметтерін білген жұрт мұнда жаз айларында ағылып келеді екен. Көбісі дертіне шипа тауып қайтатындықтан әулиелі жер деп түсінеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы