Қазақстан • 19 Сәуір, 2018

Велотуризм мектептен басталды

415 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көктем келді, жаз да жақын қалды. Қаражар ауылы жанындағы көлге жақында аққулар ұшып келіпті. Баянауылдықтар аққулардың қайта оралғанын жақсылыққа жорып отыр.

Велотуризм мектептен басталды

Былтыр «ЭКСПО-2017» ха­лықаралық көрмесі аясында Баянауылда туризмді дамыту мақсатында «Самрұқ-Қазына» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Ме­нің елім» атты кіші бизнес жобалар байқауы өткен-ді. Аудан орталығындағы Ш.Айма­нов атындағы мектеп-интернат шығармашылық тобы да бай­қауға қатысып жүлдегер атан­­­ды. Шағын грант 1 миллион теңге тұрады. Осы қаржыға 15 вело­сипед сатып алынды. Сөйтіп «Баян­ауылда экологиялық вело­туризмді ұйымдастыру» жобасын бастап кетті. Мақсат – аудан­­да велодесант топтарын құ­рып, экологиялық велотуризмді ұйым­­дастыру, оқушылар үшін эко­логия, биология, география пән­дері бойынша теориялық және практикалық сабақтарды табиғат аясында өткізу. Екін­­ші­ден, ауылдықтардың да бос уа­қыттарын тиімді пайдалану арқылы туризм аумағын қоқыс­тан тазартып, салауатты өмір сал­­тын ұстану.

– Қазір Баянауылда бәсекеге қабілетті туризм кластерін қа­лып­тастыру үшін көп жұмыстар атқарылуда. Велотуризм шілде-қазан айлары аралығында өтеді,– дейді аудан әкімі Оразгелді Қа­­йыр­­­­­гелдинов. – Сондықтан «Баян­­ауылда экологиялық вело­туризмді ұйымдастыру» жо­­басы ауданда туризмнің дамуы­на сер­пін береді деп ойлаймын.

Ал мектеп-интернат директоры Салтанат Досмағамбетова­ның айтуынша, әлеуметтік кәсіп­кер­лікті дамыту жобасы бойын­ша мек­теп-интернат оқу­­шы­ла­рының бос уақытында жұ­мыс­пен қам­­­­­­­ту­ды, еңбекке бау­лу­ды ойлас­­тырыпты. Жұмысқа 7-9 сы­ныптың ұл балалары тарты­лады. Оқушылар Сабындыкөл, Жа­сыбай көлдерінің жаға­жай­лары, Жасыбай батыр зиратының ма­­ңайы, Баянауыл ауылының ма­ңайындағы бұ­лақ­­тар, ормандарды тазалай­ды.­ Велосипедтер мектеп-ин­­­­­­тер­наттың мүлкі есе­бін­де тір­келген. Тау-тасқа ыңғай­лы, 8 режімді жылдамдығы бар тау­лы жерге арналған велосипед­тер. Әлеуметтік кәсіпкерлік жо­ба­сына мұғалімдер Ержан Ра­хымтаев, Нұрбол Абдуевтер жетекшілік жасайды. Мектеп-ин­тернат 446 оқушыға білім мен тәрбие беруде 446 оқу­шының 205-сі интернатта, Баянауылдың шалғай ауылдары Жосалы, Ақ­ши, Егіндібұлақ, Көкдомбақ, Тор­айғыр, Қаратомар, Белағаш, Жанатілек, Бірінші мамыр және жеке орналасқан бөлімшелер мен фермалардан келген оқушылар оқиды. Қалған 241 бала аудан орталығында өз үйлерінде тұрады.

Тіпті велосипедті жалға ал­ған адамға қоқыс салатын қап­ беріледі. Велосипед арқылы ден­­­сау­лығын да шынықтырады, қоқыс қалдықтарын да жинайды. Жал­ға алу құны сағатына – 500 теңге. Түс­кен қаражат оқу­­­шылардың еңбек ақысына, рес­­публикалық «Мектепке жол» акциясы бо­йынша аз қамтамасыз етілген және көпбалалы отба­сылардың ба­ла­ларына көмек ретінде бе­рі­ліпті. Шахмат ка­бине­тін жаб­дықтауға, гимнастика залына жиһаз алуға жұм­салды.

Иә, Баянауыл туризмі кере­мет-ақ. Бірақ туризмді дамытумен бірге, табиғаттың лас­та­­ну жағдайы алаңдатады. Эко­ло­гиялық сана, экологиялық мәде­ниеттің төмен болуынан демалушылар соңында қоқыс қал­ды­рады.

– Сондықтан, – дейді мектеп­ дирек­торы Салтанат Дос­мағам­бетова. – «Баянауылда эко­ло­гия­лық велотуризмді ұйымдас­тыру» атты бизнес-жобамызды «Менің елім» байқауына ұсын­дық. Біз­дің мектеп-интернат ұжымы осы жоба арқылы Баянауылда ту­ризмді дамыту мен қоршаған ортаны сақтау мәселесін шешетін жолды ұсы­нып, үлес қосуда. Адам мен табиғат арасында байланысты орнатудағы жалпы мә­дениеттің бір бөлігі ретінде адамды эко­ло­гиялық мәдениетке тәр­бие­леу, таза ауамен тыныстап, ден­­сау­лы­ғын нығайту керектігін ұқ­тыр­­ғымыз келеді.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,

Баянауыл ауданы

Суретті түсірген  Ержан РАХЫМТАЙ