Спорт • 19 Сәуір, 2018

Ағайынды Байшолақовтар

1357 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының ортасы. Кеңес Одағының аспандағы айды сұрап тұрған уақыты. Бір қабатты жапырайған мектебіміздің аты К.Маркс атындағы орта мектеп. Өйткені совхозымыз осы қаба сақал кісінің атында.

Ағайынды Байшолақовтар

Бір күні ғайыптан тайып біздің шағын ауылға қазақша күрестен өткізілетін аудандық жарысқа шақыру келе қалыпты. Ғайыптан тайып деп таңданып отырғанымыз, біздің мектепте күрес үйірмесі біз есімізді білгелі болмаған. Бапкер табылар ма еді, күрес кілемі ырым­ға жоқ. Бағымызға қарай дене­шы­нықтырудан сабақ беретін Абылай Шүленбаев мұғаліміміз кезінде қазақша күрестен Жа­зыл­бек Қуанышбаевты еске түсіруге арналған республикалық жарыс­та жүлде алған екен. Шақы­ру келіп қалған соң қызу да­йын­дыққа кірістік. Үйден тозы­ғы жеткен көрпе сүйреп әкеліп мектептің спорт залында күрестік.

Арасы бірікпей үйме-жүйме бола берген соң, ше­шініп тастап далада қарда күрестік. Жарысқа бір апта қалған. Абылай мұғалім әдіс үйрет­кен болады. Бір-бірімен бұқа­ша тіресіп, шалып жығуға ты­рысып жүргендердің миына ол әдістер кірмейді. Әдісқойы мақтанды деп айтпаңыз, мына мен. Жаңыл жеңешемнің көрші ауылдағы бауыры балуан екен. Бір-екі әдіс үйреткен. Іштен шалып алсам, жықпай қоймаймын. Осы әдісіммен біздің күресімізді тамашалап, көмектесіп жүрген Есенғали мұғалімді шал­қа­сы­нан түсіріп едім. Қарағандыда оқы­ған, күрестен хабары бар ұстазымыз ерегісіп кетіп, оң­дырмай жықты. Оң жақ жауыры­ным біз тығып алғандай удай ашыған соң Мұстафа сы­нықшыға барғанбыз. Марқұм керемет сабырлы кісі еді. Шық­қан бұғанамды да, сынған қа­быр­ғамды да бүтіндеп берді.

«Көк етің жыртылыпты, бұған тұзды сумен киіз басу керек» деді. Бірақ күрес дегенді ұмыт деген. Қайдан. Абылай мұғалімге айтсам, ауданға тірі апарар. Кеттік. Ауылдан ұзап шықпаған біздерге бес қабатты үш-төрт үйі бар Жаңаарқа үлкен шаһар сияқты. Бірақ Жаңаарқа десе дүйім Қазақстан біледі. Қанат Байшолақов самбо күресінен жастар арасында әлем чемпионы болып, атағы дүркіреп тұр. Диханбай Биткөзовтің шә­кірт­тері Қазақстан құрамасымен бетпе-бет күресуге жарап тұрған кезі.

Қирай жығылдық. Менен бас­қасы. Жеңешемнің бауыры үйреткен әдісім жарады. «Кол­хозниктің», ауылда күрес үйір­месі жоқ мектептің оқушысы әдіс білмейді деп ойлады ма, қар­сыласым талтаңдап-ақ шыққан.

Оң жан аяқпен іштен орап ал­дым да сол аяқпен артқа қа­рай шыр айналдырып, тастап жі­бердім. Таза жеңіс. Біздің жақ әруақтанып қалды. Екіншісін де жамсардым. Қашанғы майшелпек маңдайға жаза берсін. Үшіншісі жаңаарқалық балуан мықты еді. Таза жықты. Мен пақырды.

Жарыс бойы көз алмаған бір адамымыз болды. Бәріміздің. Қанат Байшолақов. Көзі шегір, қаршығадай қомданған жігіт кілемге жақын орындықта отырды. Үстінде «СССР» деген жазуы бар көкшіл түсті олимпика. Бар құрмет соған. Күлімсіреп отырады. Жерлестерімен арқа-жарқа әңгімелеседі.

Жақындап барып қол алуға ауыл баласының ұяңдығы жібермейді.

Кейін бізге нәсіп Алматыдан бұйырды. Қанатпен спорттық шараларда танысып, дос-жар болып кеткенбіз. «Мамыр-2» деген шағын ауданнан пәтер алдық. Қанат Байшолақов осы ауданда тұрады екен. Атланта Олим­пиадасынан кейін Васи­лий Жировқа, Ермахан Ыбырайы­мов­қа, Болат Жұмаділовке және Бақтияр Байсейітовке осы жерден баспана бұйырды. Өңкей саң­лақтар. Қанатпен жасымыз қатар, тонның ішкі бауындай ара­ласамыз. Қызықшылықта бір­геміз.

Бұл кезде спортты доғарған. Үлкен спорттан кеткеннен кейін кешегі жер жарған атақ-даңқың ұмытыла бастайды. Қанат інісі Талғатпен бірге бизнеспен айналыса бастаған.

Қанат Байшолақов – қазақ балуандары арасында алғаш рет самбодан әлем чемпионы атағын жеңіп алды. Айтуға ғана оңай. Қазіргідей емес ол кезде самбо КСРО-да дзюдо, еркін және грек-рим күресінен еш кемдігі жоқ еді.

– Бүгінде бар марапат спорт­шыларға беріліп жүр, біздің кезімізде оңай табыс тапқан жоқ­пыз, – деді бірде. – Әлем чемпионымын. КСРО спорт комитетінен кезексіз «Волга» алуға рұқсат етілді. Үс­тім­нен басып алып қойғысы келген адамдар болды. Қолы ұзындау. Ақшасы бар. Ал орташа шаруа біздің үйде артық қаржы жоқ. Ауданның бірінші хатшысы сов­хоз директорына көмектесіңдер деген. «Рассвет» совхозына барғанда директоры: «Оңай ақша жоқ. Сен алғашқы әлем чемпионысың. Елге тамаша керек. Ауылдың белді жігіттерін жық­саң, ірі қара береміз» деді. «Қой, аға» дейін десең «Вол­ганың» ақшасы төлену керек. Сондағы қорланғаным-ай. Мен 48 кило салмақта белдесіп жүр­дім, ал маған атан өгіздей ауыр жі­гіттерді қойды. Сондағы ой не, мені масқаралау болды ма, түсін­беймін...

Адам табиғатында жоқ болса өз басынан асып секіре алмайды. Ағайынды Байшолақовтар Алланың қазаққа сыйлаған асыл азаматтары ғой. Жаңаарқа ауданында «Жас сұңқар» спорт клубы болды. Бапкерлер өзі дайындаған балуандарының жілігі татитындарын Диханбай Бит­көзовке өткізетін. Дихан аға әбден қырнап, жонған­нан кейін Жамбылдағы гидро­ме­лиоративтік институ­ты­ның жаттықтырушысы Марат Жа­қитовқа апарып береді. Марат алдындағы тас­тү­лек­терін додаға салып әбден шы­нық­тырып, тепкенде қасқырдың белін сындыратын қыран етіп шығарады.

– Кешкі жаттығудан соң жі­гіттерге үйлеріңе қайтыңдар дей­мін, – дейді Марат аға. – Бірақ қайтпайтындарын білемін. Түнгі сағат он екіде әдейі келемін. Жі­гіттер жаттығудағы әдістерді пы­сықтап, күресіп жатады.

Қанат – нағыз талант. Қазақ­стан құрамасының екі-үш сал­мақ жоғары балуандарымен бел­десіп, ешқайсысына соқыр ұпай бермейтін. Халықаралық жарыс­тарда финалға дейін ешкімді шыдатпайтын Қанат финалда өзін өзі жеп қоятын еді. Басқа кемдігі жоқ. Әйтпесе, ондай біртуар балуанды көрмедім.

Талғат Байшолақов ағасы Қанаттай атойлап күресуден гөрі партерде айқасқанды жақ­сы көрген. Кей-кейде қарсы­ла­сының ыңғайына өзі түсіп, кі­лемде итжығыс болып жатқанда аяқ-қолын тартып тастаудың хас шебері еді.

Еуропа чемпионатында екеуі КСРО атынан 48 кило және 52 килода бірінен соң бірі шығып тамаша жеңіске жеткен.

Спорт функционерлерінің спортшы кілемнен қоштасқаннан кейін көзқарасы өзгеретіндігін айттық. Сол жағдай Талғаттың да басынан ауыр өткенін Қанат жаны ауырып айтып еді.

Спортқа барын беріп күші сарқылған Талғат Жамбылдан өзі туып өскен Қарағанды облысына қоныс аударғысы келеді. Ең үлкен мәселе – пәтер. Спорт комитетінің басшылары Талғат Байшолақовтың республикалық турнирде Қарағанды облысы қоржынына алтын не күміс медаль салуын талап етеді. Баспана керек болса. Спортқа барын берген, қажыған, қаншама жарақаты бар Талғат осы сынға шыдапты.

Кейін бизнесте қолы жүрді. Қарағанды облысындағы маң­дай­алды кәсіпкер болды.

– Бір күні Германиядан соң­ғы үлгідегі «Мерседес» айдап шықтым, – дейді Талғат. – Поль­шадағы достарым Белоруссияға дейін ұзатып салды. Олар кеткен соң бір ірі магазинге кіріп, жол­ға сусын, жейтін тамақ алып шықсам бір қора жігіт «Мер­се­десті» айналшықтап жүр. Жол торитын рэкеттер екендігі кө­рі­­ніп тұр. Өткен ғасырдың 90-жыл­дарының ортасы. Бұларға ешкімнің бұйрығы жүрмейді.

– Мына «Мерседес» сенікі ме?

– Иә, – дейді Талғат.

– Ал азият, жаның өзіңе ол­жа, қазір алды-артыңа қарамай зыт. Бұл машина енді біздікі. Көн­бесең былай шығарып атып тас­таймыз.

− Жарайды, – дейді Талғат. – Мен бір жерге телефон соғайын.

Тез келіскеніне разы болған рэкеттер қауіп ойламайды. «Мейлі» дейді.

КСРО құрамасының таба­ны күректей 6 жыл мүшесі бол­ған Талғат Байшолақовтың Бе­лорус­сияда да достары көп. Лу­ка­шен­коның оққағары болып жүрген балуанға телефон шалып, мән-жай­ды айтады. «Оларды ал­дар­қата тұр, қазір барамыз», дей­ді ол.

Он, он бес минуттан соң үш қара машина заулап келіп тоқ­тайды. Әлгінде ғана өздерін ас­пандағы құдайдай сезініп тұрған рэкеттердің аяғы аспаннан келіп, алдының бет-аузы даладай қан болады. ОМОН-ның жігіттері жел­келеп әкетіп, досы Талғатты ше­караға дейін шығарып салады.

Міне, спорттағы достықтың арқасы. Қанат – Байшолақовтар отбасының ұлдан үлкені. Інілері алдын кесіп өткен жоқ. Жүрегі кең, адамға құшағы ашық, жаратылысы ғаламат еді.

Адамдарға жақсылық жасаудан ләззат алатын. Бір кү­ні бапкерінің көңілін сұрап, Қара­ғандыға Алматыдан машинамен барады. Қыс мезгілі. Боран ұлып, сырғыма жүріп тұрған уақыт. Жаңаарқада бір туысқаны хал үстінде, жағдайын сұрау үшін тағы да жолға шыққан. Асфальт көк тайғақ. Қанат бір ма­шинаның жол шетінде
ауда­ры­лып жатқанын көреді. Жүргі­зушісі жол үстінде бүрісіп отыр. Басқа біреу болса «өзім де оңып келе жатқан жоқпын» деп кете бе­рер ме еді. Қанат өйтпейді ғой. Тоқ­тап жәрдемін береді. Енді етек­те жатқан машинаны өрге сүйреп шығару үшін «КамАЗ» керек. Жол ортасына жүгі­ріп шығады.

Қарлы боран ұйытқып ұрып тұр. Терезе тазалағыш сүр­тіп үлгермейді. Арқыраған «Кам­АЗ» жүргізушісі қолын сермеп тұрған Қанатты көрмей қал­ған. Қазақтың спорттағы бір жұл­дызы осылай сөнді.

Қазақтың тұңғыш әлем чемпионы «мен сондай едім» деп еш­кімге мақтанған адам емес еді. Мін­дет те етпеген. Адамдарға жақ­сы­лық жасап жүретін. Абзал дос өмі­рінің соңғы минутында да адам­гершіліктің үлгісі болып қалды.

Дзюдодан қыздар құра­ма­сы­ның бас бапкері болған бір­туар балуан құйрықты жұл­дыздай ақ­ты да кетті. Қайран, опасыз дүние ай...

P.S. Ағайынды Байшо­лақов­тар:

Қанат Байшолақов – самбо­дан жастар және ере­сектер ара­сында әлем чем­пио­ны. Еу­ропа чемпионы. КСРО чемпио­на­тының бірне­ше дүркін жеңім­пазы. КСРО Кубогының екі дүркін чемпионы.

Талғат Байшолақов – Әлем кубогының иегері, Еу­ро­па чемпионатының күміс жүл­­де­гері. КСРО Кубогының екі дүркін жеңімпазы.

Жанат Байшолақов – Әлем чемпионатының екі дүр­кін қола жүлдегері, Әлем Ку­бо­гының иегері. Азия чемпионы.

Жасұлан Байшолақов – КСРО-ның спорт шебері. Қа­зақ­стан­ның бірнеше дүркін чемпионы.

Жандос Байшолақов – Елі­міздің бірнеше дүркін чемпионы. Қазақстанның спорт шебері.Қызылорда облысы

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»