Руханият • 19 Сәуір, 2018

Студенттер «Әміре» фильмін тамашалады

334 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл - шет елде тұңғыш ән салған қазақ, актер, атақты әнші Әміре Қашаубаевтың дүниеге келгеніне 130 жыл. Талайлы тағдыр кешкен қайталанбас дауыс иесінің мерейтойына орай Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Алидар Өтемұратовтың «DAR Play» компаниясының бірлесуімен американдық Джеффри Веспаның режиссерлігімен «Әміре» фильмі түсіріліп, 5 сәуірден бастап еліміздегі кинотеатрларда көрсетіліп жатқаны белгілі.

Студенттер «Әміре» фильмін тамашалады

Әйгілі әншінің Парижге барған сәтін бейнелейтін туындыны жақында Өскемендегі «Юбилейный» кинотеатрынан қаладағы ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжінің студенттері, оқытушылары, жастар ұйымдарының белсенділері, этномәдени бірлестік мүшелері мен ардагерлер тамашалап қайтты. «Ең әуелі осындай ұрпаққа берері мол фильмді тамашалауға мүмкіндік бергені үшін «Қазцинк» компаниясына алғысымызды білдіргіміз келеді. Бұл туынды келешекте өнер жолына қадам басатын біздің студенттеріміздің өз мамандығына деген құрметін арттыра түсетіні анық», - дейді ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер колледжі директорының орынбасары Жәмила Абдина.

Ал студенттер болса, Әміре Қашаубаевтың есімін естіп, Парижге барып ән салғанын білгенімен қиын тағдыр кешіп, өмірінің соңын өксікпен өткізгенін білмегендігін айтады. «Жасыратыны жоқ, өзім қазақстандық киноларды көп көрмейтін едім. Мына фильм ерекше ұнады. Біріншіден, әйгілі әнші жайында тың деректерге қанықтық. Әміре Қашаубаевтың өнерін шет елдік мәдениет майталмандарының мойындауы, жоғары баға беруі мерейімізді өсірді. Рухтанып, қайраттанып отырдық. Екіншіден, киноның түсірілу сапасы өте жоғары деңгейде екенін байқадық. Шет елдік кинолардан бір мысқал да кем емес деуге болады. Шынын айтқанда, өзім бұлай болады деп күткен жоқ едім», - дейді аталған оқу орнының Қымбат есімді 1 курс студенті.

Фильмнің көрсетілімін ұйымдастырған «Қазцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев туынды әйгілі жерлесіміз жайында болғандықтан өскемендіктер назарына ұсыну жөнінде шешім қабылдағандықтарын жеткізді. «Бұл фильм Парижде ән шырқаған қазақ әншісінің жетістігін ғана емес, өнерге деген адалдықты, өнер жолындағы қиындықтарды жеңу жолдарын көрсетеді. Кино студенттердің көңілінен шықты деп ойлаймын», - дейді ол.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Соңғы жаңалықтар