Аймақтар • 19 Сәуір, 2018

БҚО Астананың мерейтойына Мәншүк Мәметованың ескерткішін сыйға тартады

1263 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Астананың 20 жылдық мерейтойына Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметованың еңселі ескерткішін сыйға тартатыны белгілі болды. Бұл жөнінде зиялы қауым өкілдерімен кездесу кезінде облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев хабарлады.

БҚО Астананың мерейтойына Мәншүк Мәметованың ескерткішін сыйға тартады

Батыр қыздың ескерткіші 3,6 метрлік, тұғырымен қосқанда биіктігі 6 метрден асады. Жергілікті мамандар мен Мәдениет министрлігі өкілдерінен құралған комиссияның талқысынан өтіп таңдалған ескерткіш жобасының авторы – белгілі мүсінші Мұрат Мансұров. Қадырболат Қабдырұлының айтуынша, мүсіннің жалпы жобасы дайын, өңірдің өкілдері ескерткіш дайындалып жатқан цехқа арнайы барып, шеберлердің жұмыс барысын қадағалап, соңғы ескерту-ұсыныстарын білдірген.

- Бұл ескерткіш Астанадағы Жеңіс даңғылы бойында орнатылады, айналасында халық келіп, демалатын арнайы сквер болады. Ол алаңқайға орындықтар орнатып, абаттандыруды да өзіміз қолға аламыз, - деді Қ.Мұсағалиев.

Кездесуде ескерткіш жобасымен танысқан зиялы қауым өкілдері өздерінің кейбір ұсыныс-пікірін білдірді. Мәншүктің бұдан бұрын орнатылған ескерткіштерінде Максим пулеметі қоса бейнеленсе, бұл жолы ол элемент жоқ. Яғни, батыр қыз желбегей жамылған шинелін қос қолымен қымтап, оң аяғын сәл алға басып ойланып тұр. Әскери киімі болмаса, мамыражай бейбіт бойжеткеннен айырмасы жоқ. «Жалпы әлемдік үрдісте ескерткіштерге қару бейнелеу – соғыстың, агрессияның жарнамасындай қабылданады. Сондықтан авторлар Мәншүкті ұрыс арасындағы тыныш сәтінде, барынша бейбіт қалыпта бейнелеуге тырысқан. Бұл осы жерге демалуға келетін Астана жұртшылығының да көңілінен шығар деген ойдамыз» дейді Қ.Мұсағалиев.

Осы жобаның басы-қасында жүрген сарапшының бірі, Орал қаласындағы М.Мәметова атындағы мемориалдық музей-үйінің директоры Светлана Бектенова ескерткіштің бет-жүзі батыр қыздың осы кезге дейін сақталған суреттеріне барынша сәйкес жасалғанын айтады.

Батыс Қазақстан облысы осыдан 10 жыл бұрын, Астананың 10 жылдығына орай Елордаға «Астананың құрдасы» атты композициялық кешен сыйға тартқан болатын. Батысқазақстандық суретші Ерғали Бекешовтың бұл туындысында қазақы үйдің терезесіне сүйенген 10 жасар балдырған бейнеленген.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан