Жемқорлық – бүкіл қоғам болып күресетін қауіпті індет. Агенттік төрағасы Алик Шпекбаев өзінің сөзінде елімізде жемқорлық деңгейінің төмендеуіне қарамастан, білім жүйесінде жемқорлық қаупінің бар екенін айтты. Білім және ғылым гранттарын бөлу, бюджет қаржысын игеру, басшы құрамды іріктеу, білім беру ұйымдары қызметкерлерінің категориясы мен жүктемесін анықтау жұмыстары ашық жүргізілмейді, жемқорлық қаупін анықтау жүйесі мен сараптама жасау жоқтың қасы, жемқорлыққа жол берген қызметкерлері үшін басшылар жеке жауапкершілікке тартылмайды.
«Бүгінгі күні еліміздің түбегейлі жаңаруы жағдайында адами капиталды дамыту міндеті алдыңғы орынға шығуда, өйткені ол Қазақстанның әлемнің бәсекеге қабілетті мемлекеттер қатарына енуінде маңызды шарт болып табылады. Мемлекет басшысының қолдауының арқасында соңғы 15 жыл ішінде білім саласына жұмсалған қаржы 10 есе артты. Осы жылдар ішінде Қазақстан халықаралық білім кеңістігіне батыл ене түсті. Дегенмен, білім саласы жемқорлық қаупіне тым бейім болып отыр. Біз жемқорлықты жою шаралары көпшіліктің, соның ішінде білім саласындағы адамдардың қолдауына ие болады деген сенімдеміз», деді А.Шпекбаев.
Өз кезегінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мемлекеттік органдардың ашықтығы, есеп беруі, тазалығы барысында және олардың азаматтық қоғаммен белсенді ынтымақтастығы жағдайында ғана жемқорлыққа қарсы шаралардың тиімділігі артатынын атап өтті.
«Қазіргі кезде елімізде жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың барлық құқықтық құралдары жасалған. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасының Жемқорлыққа қарсы стратегиясы бекітілген, «Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы», «Қоғамдық кеңес туралы», «Ақпараттың қолжетімділігі туралы» сияқты маңызды заңдар қабылданған. Біздің ортақ міндетіміз – жемқорлықты мүлдем қабылдамайтын ашық ойлауды, құқықтық және қаржылық мәдениетті қалыптастыру, тұрмыстық жемқорлықты жою. Мемлекеттік органдарға келген әрбір жан кейде келеңсіздікке тап болады. Мұндай жайсыз жағдай білім беру, денсаулық сақтау мекемелері немесе құқық қорғау органдарында кездесуі мүмкін. Сондықтан биыл әкімдіктің барынша көкейкесті 10 қызметі «paper-free» қағидасы бойынша электронды форматқа көшіріледі», деді Б.Байбек.
Шаһар басшысы өз сөзінде балабақша, мектеп және тұрғын үй кезегін электронды жүйеге көшіру азаматтардың мемлекеттік органдар жұмысын бақылауына, осы мәселелерде қызметті асыра пайдалануға жол бермейтіндігін атап өтті. Сонымен қатар Алматыда «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы бойынша «қағазсыз ауруханалар» жүйесіне толық көшудің жоспарланғанын жеткізді.
Форум аясында Б.Байбек пен А.Шпекбаев білім саласындағы жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың еліміздегі алғашқы «Саналы ұрпақ» атты офистік жобасымен танысты. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ашылған офис жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша арнайы әдістемелер мен бағдарламалар шығаруды жоспарлап отыр.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ