Осы және басқа мәселелерді Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Болат Исақов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистерге айтып берді. Баспасөз мәслихатында департаменттің биылғы 3 айдағы жұмысы қорытындыланды.
Жыл басынан бері өңірде әкімшілік мемлекеттік бос лауазымдарға 413 конкурс өткізілген екен. Алайда сынаққа қатысқан 439 үміткердің 225-і ғана жеңімпаз болған. Осы уақытта заңдылықты білу бағытындағы тестілеуге 502 адам қатысып, тестілеуден 213 кандидат өтіпті.
– Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманың қолданылуын және қызметтік әдептің сақтауын тексеру кезінде 209 заң бұзушылық анықталды, – дейді Болат Исақов.
Өңірдегі әдеп жөніндегі кеңес ай сайын отырыс өткізеді. Жыл басынан бері өткен 3 кеңесте 17 мәселе қаралыпты. Оның алтауы – тәртіптік істер. Нәтижесінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіпсіздік теріс қылыққа жол бергені үшін және Әдеп кодексі талаптарын бұзғаны үшін 4 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жаза қолдану ұсынылған.
Әдеп жөніндегі кеңестің алдағы отырысында Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы М.Оспановтың ісі қаралатын болды. Жақында YouTube арнасында Мұрат Оспановты Орал қаласындағы түнгі клубтардың бірінен көтеріп шығарып алып бара жатқандығын бейнелеген бейнеролик жарық көрген еді.
– Кеше мен бұл мәселеге қатысты тәртіптік іс қозғау туралы бұйрыққа қол қойдым. М.Оспановтың өзінен оқиғаға қатысты түсініктеме алынды. Біз алдағы уақытта департамент басшысының ісін БҚО әдеп жөніндегі кеңес отырысында қарайтын боламыз, – деді Б.Исақов.
Батыс Қазақстан облысында 2018 жылдың алғашқы үш айында тұрғындарға 1007705 мәрте мемлекеттік қызмет көрсетілген екен. Жыл өткен сайын қағазбен жұмыс азайып келеді. Бұл саладағы қағаз айналымы былтырғы 24%-дан 18,7%-ға төмендеген. Ал электронды форматтағы қызмет барлық қызметтің 44,3%-ын құрап отыр.
Аймақта жыл басынан бері тұрғындардың өзіне-өзі қызмет көрсететін 104 пункт және студенттерге қызмет көрсету орталығы ашылған.
2018 жылдың І тоқсанында өңірдегі 8 мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлық жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтау үшін сырттай талдау жүргізілген. Нәтижесінде сыбайлас жемқорлыққа апаруы мүмкін 35 фактор анықталған.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Батыс Қазақстан облысы