Тiл тарихын бiлмей, тiлдi дамыту мүмкiн емес. Өзiнiң бүкiл саналы өмiрiн қазақ жазба тiлiн лексикалық шұбарлықтан, басқа тiлдердiң синтаксистiк ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тiлi ғылымын дамытқан ғалым Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы шыққан «Қазақ» газетiнiң тұңғыш санында былай деп жазады: «...Өзiмiздiң елiмiздi сақтау үшiн бiзге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшiн, ең алдымен әдебиет тiлiн өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзiнiң тiлi, әдебиетi бар ел ғана жарай алатындығын бiз ұмытпауға тиiспiз».
Тіл – халықтың ділі, жан дүниесі. Тіл – ұлттың дінін, мәдениетін, болмысы мен руханиятын тасымалдаушы құрал. Тіл ұлт күретамырындағы тіршілік көзі – қан іспетті. Оның өн бойында халықтың ділі мен діні, салты мен санасы бұрқырап тасып жатады. Ұлттың ұлт ретіндегі өмірінің қалыптасуы немесе жойылуына себеп болатын бірегей фактор да осы тіл. Бұл мәселені жіті түсінген А.Байтұрсынұлы: «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады... Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», деп айтып кеткен. Біз Ахмет Байтұрсынұлы құрастырған әлiпбиге мұқият зер салып қарайтын болсақ, онда қазiргi халқымыздың тiрелiп отырған тiл мәселесiнiң шешiмiн оның XX ғасырдың басында-ақ шешiп кеткенiне ғылыми түрде толық көзiмiз жетедi. Соның айқын дәлеліндей Елбасымыз «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Жарлыққа да қол қойды.
Бағдарламалық мақалада, сонымен бірге жастар мәселесі де барынша қамтылған. Жастар – болашақтың бастауы, ал болашақтың жарқын болуы үшін жастардың психологиясын, сана-сезімін, мінез-құлқын, дүниетанымын, бағыт-бағдарын өзгертуден бастау керектігі де анық. Бұл бағытта Елбасының «Мәңгілік ел» идеясы біздің темірқазық іспетті.
«Мәңгілік ел» идеясы ата-бабаларымыздан, яғни ортағасырлық түркілік заманнан бастау алса, қазақ халқы тарих сахнасына шыққанда осы идеяны жалғастырып, бүгінгі күнге дейін алып келді және тәуелсіздігіміз орныққан кезде сонау түpкiлiк дәуірде Tүрік қағанатының «манифесі» ретінде «Мәңгі тасқа» жазып қалдырғандай, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев халыққа Жолдауында қазақ елінің ұлттық идеясы ретінде жариялады. Ұлттық идея мәселесі бүгінде барлық посткеңестік мемлекеттерде маңызды болып отыр.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын түсіндіру бойынша аудандық іс-шаралар жоспары әзірленіп, жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Бағдарламаны іске асыру бойынша желілік кестеге сәйкес барлық жоспарланған іс-шаралар мерзімінде өткізілуде. Сондай-ақ ауданда облыстық, республикалық деңгейдегі іс-шаралар жоспарланып, жаңаша форматта іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бағдарламаны жүзеге асыруда азаматтық сектор институттарын тарту тапсырылған. Әлеуметтік жобалар мен түрлі іс-шараларды іске асыру шеңберінде бірлескен жұмыс жүргізілуі тиіс. Бұл бағытта Талас ауданында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ауданда ресми тіркелген 24 үкіметтік емес ұйым бар.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасын аудан көлемінде жүзеге асыру мақсатында аудандық жобалық офис құрылды. Офис құрамына тәжірибелі мамандар тартылды. Офис мамандары «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен», «Тәрбие және білім», «Рухани қазына» және «Ақпарат толқыны» бағыттары бойынша жұмыс жасайды.
Мемлекет басшысының қоғамдық сананы жаңғырту бағдарламасын жүзеге асыруда ақпараттандыру жұмыстарының маңызы зор. Осы тұрғыда ауданымыз бойынша Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына арналған 60 көрнекі ақпарат құралдары ілінді. Сондай-ақ аудан мектептерінде, кітапханаларда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша бұрыштар ашылып, арнайы кабинеттер жасақталған, стендтер орналасқан.
Аудандық «Талас тынысы» газетінде Елбасының бағдарламалық мақаласына арналған арнайы айдарлар ашылды. «Талас тынысы» газетіне Елбасының бағдарламалық мақаласы бойынша 66 мақала, сонымен қатар облыстық, республикалық басылым беттерінде де бірнеше ауқымды мақалалар жарық көрді. Сондай-ақ бағдарламаны ақпараттық қолдау бойынша «Фейсбук» әлеуметтік желісінде «Талас ауданы – Рухани жаңғыру» парақшасы ашылып, онда барлығы 100-ден астам материал жарияланған. Жастар ресурстық орталығы мен кейбір мекеме қызметкерлері де әлеуметтік желіде ақпарат таратуда белсенділік танытуда.
Досмаханбет ӘЛИЕВ,
Талас ауданының әкімі
Жамбыл облысы