Қазақстан • 20 Сәуір, 2018

Жер қойнауын барлауда түйіткілді мәселелер шешімін табады

591 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Таяуда өткен ІХ Орталық Азия тау-кен өнеркәсібі форумында Парламенті Мәжілісі экология және табиғатты пайдалану мәселелері жөніндегі комитет хатшысы Галина Баймаханова «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер енгізу барысында нақты қандай мәселелерге басымдық беріліетіндігін айтты. 

Жер қойнауын барлауда түйіткілді мәселелер шешімін табады

Оның айтуынша, былтыр қабылданған кодексте Қазақстан жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу, ақпараттың шынайылығы және қолжетімділігі, рәсімдерді өзгерту және жеңілдету арқылы жер қойнауын пайдалану саласын заңнамалық тұрғыда реттеу жолға қойылған. Алайда, жер қойнауын зерттеу мәселесі аталған заңнамада кең ауқымда қарастырылмағандықтан, көптеген сұрақтар туындап отыр. Депутат, нормативтік құқықтық актілерді талқылау барысында қоғамдық институттар бірлесе жұмыс жасап, конструктивтік диалог алаңында мәселенің жан-жақты қамтылуы керектігін айтты. Өз баяндамасында Г. Баймаханова елдегі геологиялық қауымдастық асыға күткен құжат– мемлекеттік жер қойнауы қорларын басқару бағдарламасында жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу ақпаратының үстіртін жазылғанын да сынға алды.

«Баршамыз үшін Қазақстанның жер қойнауы, оның пайдасы мен ұзақ мерзімді тиімділігі маңызды. Сол себепті, мамандарға маңызды міндеттер жүктелмек. Ең алдымен, шетелдік тәжірибеге сүйеніп, салыстырып, геологиялық ақпаратты жинау жүйесін бірізділендіру керек. Одан кейін қолданысқа енгізілетін кодекстің әр бабына сауатты түсініктеме беретін заңгерлер тобын құру қажет. Осы ретте кәсіби заңгерлер түсіндіру жұмыстарымен кең ауқымда айналысуы маңызды. Бұған қоса, кодексті ағылшын тіліне аударылып, барлығы үшін түсінікті болатындай терминологиялық сөздік дайындау − басты атқарылатын жұмыстардың бірі», - деді комитет хатшысы.

Сонымен қатар форум аясында «Республикалық тау-кен өндіру және тау-кен металлургия кәсіпорындарының қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Николай Радостовец келер жылы экологиялық кодекске өзгерістер енгізіп, бірқатар мәселелерді заң аясында шешу керектігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, заң аясында кәсіпорындарға тек айыппұл салып қана қоймай, қалдықтар көлемін азайту, ластанудың алдын алу сынды маңызды міндеттер жүктеу қажет.

«Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше мемлекеттердің тәжірбиесіне сүйенсек, мамандар залал келтірген орынға я аймаққа барып, барлау жүргізу арқылы мәселенің анық-қанығана көз жеткізеді. Бұл өз кезегінде қауыпті жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді», деді Н. Радостовец.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»