Аймақтар • 20 Сәуір, 2018

Солтүстік Қазақстанда архив ғимараттары жоқ аудандар бар

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Облыстық мәслихат жанындағытұрақты коммиссияның көшпелі отырысында облыстық мемлекеттік архивтің бүгінгі жайы кеңінен талқыланды.

Солтүстік Қазақстанда архив ғимараттары жоқ аудандар бар

Қазіргі күні жергілікті мұрағат қорында 600 мыңға жуық құжат сақталса, оның 2 мыңы ғана электронды жүйеге көшірілген. Себебі, жоғары жылдамдықтағы сканерлер мен құрылғылар тапшы болғандықтан, мәдени мұраларды сандық жүйеге көшірудің мүлдем қанағаттанғысыз күйде. Әбден тозығы жеткен ғимараттар мен архив қоймаларының жағдайы да сын көтермейді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бірқыдыру шаралар атқарылғанмен, материалдық-техникалық базаны жақсарту күрделі  күйінде қалып отыр. Халық қалаулылары арнайы архив ғимаратының қажеттілігін  де атап өтті.

«Облыстық архивтің қазіргі ғимараты 1973-1974 жылдары салынған. Бүгінгі уақыт талабына сәйкес келмейді. Соның салдарынан архив құжаттарын электронды форматқа көшіруге білек сыбанып кірісе алмай отырмыз. Архив ғимаратттары жоқ аудандар да бар», дейді  Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры Сәуле Мәлікова.

Жылдамдықтағы сканерлер мен құрылғылар алу жөнінде тиісті орындарға өтініш жіберілгенімен, 50 миллион теңгенің қашан бөлінетіні белгісіз. Бар-жоғы 2 сканер ғана жұмыс істейді. Олар күніне 1000 дана ғана бетті көшіруге қауқарлы. Барлық құжаттарды цифрландыру үшін А2, А3 форматтағы құжаттарды өңдейтін электронды механикалық құрылғы қажет. Оның бір жиынтығы шамамен 15 миллионн теңгені тұрады. 

Өмір Есқали.

«Егемен Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы.