Суретті түсірген Айбатыр НҰРАШ
Электрондық кезек жүйесі өте қолайлы, емханаға келген пациенттің ЖСН нөмірін арнайы құрылғыға жақындатқан кезде, ол адамның барлық дәрігерлік мәліметтері мониторда дайын тұрады. Бұл дәрігерлерді қағазбастылықтан арылтып, алтын уақытын құжат толтыруға емес, науқаспен сөйлесіп, ем жасауға арнайтын болады – елімізде қолға алынып жатқан жаңа жобаның артықшылықтарының бірі осындай. Министр қанатқақты жоба аясында қолданысқа енгізіліп жатқан өзгерістермен жақын танысты.
Батыс Қазақстан облысында қолға алынған жаңа жобаның бірі – триаж жүйесі. Аурухана еденіндегі қызыл, сары, жасыл жолақтар науқастың қай топқа жататындығынан хабар береді. Мәселен, қызыл түс – ауыр дәреже, сары түс- орта дәреже, жасыл түс – тексеріліп, көмек көрсетілетін дәрежедегі науқастар екендігін білдіреді.
Министрге өңірде қолға алынып жатқан жобалар туралы таныстырған Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында «Дженерал электрик» фирмасынан жаңа МРТ аппараты алынатынын мәлімдеді.
- Өзге өңірлермен салыстырғанда Батыс Қазақстан облысындағы денсаулық сақтау бағдарламасының индикаторлары жоғары. Мәселен, ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмен, науқас саны үнемі бақылауда. Денсаулық саласындағы инвестиция көлемі де жыл сайын өсіп келеді, - деді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
Орал қаласы